Сайлаушылар үзіліссіз келіп жатыр

/image/2019/06/09/100256831600.jpg

Президент сайлауы Тәуелсіз мемлекетіміздің тарихындағы маңызды саяси оқиға. Бұл оқиға болашақта мемлекетіміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік жағынан бұдан да қарыштап дамуына үлкен үлес қосады. Бүгінгі Президент сайлауына тұрғындар ерекше қызығушылық танытып, ерекше белсенділікпен дауыс беріп жатыр. Сайлауға үзіліссіз келіп жатқан халықтың көңіл күйі де көтеріңкі екенін байқадық.  

Алатау ауданында орналасқан №28 сайлау учаскесінде тізім бойынша 2 670 сайлаушылар бар. Олардың арасында үйде дауыс беруге өтініш білдірген азаматтар да жоқ емес. №28 сайлау учаскесінің төрағасы Әсет Нұрғазының айтуынша, бүгін сағат 11.00-де 4 азамат үйден дауыс беруге өтініш білдірген. Барлығы «Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы» Заңына сәйкес өткізіліп отырған дауыс беру ісінде сайлаушылардың барлық конституциялық құқығы сақталатын болады. Сайлау комиссиясының жұмысын бақылауға қоғамдық бірлестіктерден, саяси партиялардан өздерінің сенімді өкілдері келді. Дауыс беру қызып жатқанда бұл сайлау учаскесіне ОБСЕ-нің екі өкілі келіп қатысып, өздерінің жақсы деген бағаларын беріп кетті.

-Олар мұнда бір жарым сағаттай отырып, тұрғындармен тілдесіп, Президент сайлауының қалай өтіп жатқаны туралы халықтың ой-пікірін білді, - дейді №28 сайлау учаскесінің төрағасы Әсет Нұрғазы.  

Президент сайлауына ерекше ықыласпен келіп жатқан тұрғындардың арасында жаңадан үй алып жатқан азаматтар да бар екен. Олардың арасында саулаушылар тізімінде болмай қалған азаматтар да кездесті.  --Біздің қызметкерлеріміз бен Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері аталған азаматтарға 1-2 минуттың ішінде мекен-жай анықтамасын бергеннен кейін, олар да өз таңдауларын жасап, дауыс берді. Президент сайлауы ашық өтіп жатыр. Халықтың легі үзілмей, сайлауға келіп жатқанына қуаныштымыз. Бұрынғыға қарағанда, қазіргі сайлаудағы сайлаушы халықтың қарасы көп. Бүгінгі таңда біздің ықшам ауданымызда көптеген адамға жаңа тұрғын үйлер пайдалануға берілгендіктен, тұрғындар саны айтарлықтай арта түскен, - деді төраға.  

Қазір «Зерделі» ықшам ауданында 3 сайлау учаскесі бар. Олар - №530, №546 және №28  сайлау учаскелері.

Аңғарғанымыз - бүгінгі Президент сайлауында аудандағы көпбалалы аналар да, мүмкіндігі шектеулі адамдар да  үлкен белсенділікпен дауыс берді. Жасы 18-ге толған азаматтар да келіп, алғаш рет дауыс беріп, қуанышпен қайтып жатты.  

  Балнұр АХМЕТ.

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар