Тәуелсіздік алғалы бері бірыңғай ауылшаруашылығымен айналысқан Жамбыл облысы Сарысу ауданы бүгінде аграрлы-өндірістік аймаққа айналған. Мал мен жерді қатар емген халықтың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайы көңіл қуантады.
Қазақстан химия өнеркәсібінің ең ірі нысандар – «Қаратау» және «ЕвроХим Жаңатас» тау-кен өңдеу кешендері жұмыс істейді. Бұл аймақта фосфордың мол қоры бар. Осы байлық сырттан көлемді инвестиция тартуға басты негіз. Бұл деген – игерілмей жатқан байлықты игеру, тың жобаларды жүзеге асыру, қосымша қаражат тарту және жұмыс көзін тарту.
Былтыр ғана ауданның 90 жылдығын атап, аудан көлемінде рухани жаңғрыу аясында игілікті істер жүзеге асса, биыл қаланың 50 жылдығы қыркүйек айында аталып өтпек.
Сарысу ауданының жалпы аумағы — 31,3 мың км², халқының саны – 42 мыңға жуық. Ауданда 26 елдімекен, 9 ауылдық округ және 1 қала – аудан орталығы – Жаңатас қаласы бар.
Жаңатастың іргесі ірі фосфорит кенін игеруге байланысты 1964 жылы қалана бастады. 1969 жылы кентке, 1971 жылы қалаға айналды. Тоқсаныншы жылдары тоқырауға тап болған шағын шаһар бүгінде күн санап көркейіп келеді. Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен моноқалаларды дамыту бағдарламасы аясында бірталай тірліктер атқарылып, қаланың әлеуметтік-экономикалық ахуалы түзеліп, тіршілік қыза бастады.
Жарты ғасырға жуық тарихы бар Жаңатас қаласында қазір 22 мыңнан аса халық бар. Ел арасында «Жаңа Париж» атанып кеткен қалада қираған үйлер тазаланып, жарамдысы жаңғыртудан өтіп, тұрғындар игілігіне берілуде. Тұрғындар ауыз суды тәулік бойы тұтытатындай мүмкіндікке ие болды. 2020 жылы қалаға көгілдір отын – табиғи газ кіргізілмек.
Еліміз егемендікке қол жеткізген алғашқы жылдардағы ауыртпалық кеншілер шаһарына да оңай соққан жоқ.
Елбасының тікелей тапсырмасымен моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасының қабылдануы қаланың тынысына тың серпін берді.
Бүгінде аудан орталығы адам танымастай өзгерді. Осы тұрғыда өлкедегі өндірістің тигізген үлесі ұшан-теңіз десек қателеспеспіз..
Қазіргі таңда аудандағы іргелі кәсіпорын – «Қазфосфат» компаниясының филиалы «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені мен «ЕуроХим» ЖШС қалыпты жұмыс істеуде. Қос кәсіпорын өңір экономикасының дамуына айрықша үлес қосып отыр.
Жаңатастың бас жоспарына сәйкес, «Оқушылар сарайы» салынып, жаңа үлгідегі «Шығыс базары» бой көтереді. Теміржол вокзалы мен автобекет жаңармақ.
Кезінде өндірісі өркендеп, 60 мыңдай халық қоныстанған Жаңатас қазір қайта даму жолына түсті. Инфрақұрылымнан бастап, қаланы абаттандырып, көріктендіру, жаңа нысандар салу, демалыс орындары мен саябақтарды жаңғырту, жол-көлік қатынастарын ретке келтіру, көшелерді жарықтандыру жұмыстары жандануда.
Осыдан 6 жыл бұрын республикадағы ең жас әкімдердің бірі болып Қанатбек Қайшыбекұлы Мәдібек ауданды басқарғанда талай жаңа жобалардың ұйытқысы болып, бүгінде сол жобалардың игілігін көріп отырғанын аудан халқы жақсы біледі. Облыс орталығында басшылық қызмет атқарып, аудан тізгінін қайта қолға алған Қ.Мәдібектің бүгінде Сарысу халқы үшін атқарып жатқан еңбегі ерек.
«Жасыл» энергетиканы қарқынды дамытуға бет бұрған елімізде баламалы қуат көздерінен энергия жинау жолға қойылып келеді. Аталған баламалы көздерден қуат өндіру кешендерінің қатары тағы бір нысан – Жаңатас жел электр станциясымен толықпақ.
Түркістан ауылдық округінде орналасатын аталмыш станция 100 МВт электр энергиясын өндіреді деп жоспарланып отыр. Нысанның құрылысын жүргізу үшін жобаны ұсынушы – «Жаңатас жел электростанциясы» ЖШС-і электр қуатын бөлу сызбасын әзірлеп, «КЕГОК» компаниясының келсімін алған. Бас мердігер ретінде анықталған Қытай Халық Республикасының «China Power International Holding» компаниясы станция құрылысын келер жылдың ақпанында аяқтауды жоспарлауда.
Сондай-ақ, олар құрылысқа қажетті заттарды жергілікті тауар өндірушілерден алуда. Осылайша, сарысулықтар жыл он екі ай тынымсыз соғатын «Аққырқа» мен «Арыстанды Қарабас» желін қажетке жаратып, ел игілігіне пайдаланбақ. Мұны «жоқтан бар жасап», табиғаттың құдыретін адамның қажеттілігіне икемдеудің керемет үлгісі деп білсек болады.
Әрине, тізе берсең, тірлік көп. Жаңғырған Жаңатастың бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай. Бір сөзбен айтқанда, атқарылған тірлік аз емес, алдағы мақсаттар одан да ауқымды.
Жолдарды жөндеу, су құбырларын тарту, газ құбырын жүргізу, ауылдарды көріктендіру, абаттандыру, бизнесті дамыту бағытында нақты міндеттер жүктелген. Ауданның мәдени-рухани саласы жылдан-жылға жақсаруда. Соңғы жылдардың өзінде қаланың білім, мәдениет ошақтары, кітапханалар заманауи үлгіге өтіп, жаңа технологиямен жұмыс істеуге көшті.
Жоғарыда айтқан шағын ауданда қаңырап бос қалған, қираған үйлерді арнайы құрылған комиссияның шешімімен қайта жөндеп, халықты қоныстандыру жұмыстары қарқынды жүруде.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында халыққа сапалы қызмет көрсету, тұрғын үй жағдайын жақсарту, Қазақстанның кез-келген елді мекендерінде жайлы, қауіпсіз өмір сүру жайлы айтылған. Сонымен қатар, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуі, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында республикалық, облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, Жаңатас қаласындағы бос тұрғын үйлерді қалпына келтіру бағытында жұмыстар атқарылуда. Бүгінде жаңарған шаһарда екі мыңға тарта азамат пәтер кезегінде тұр. 2012-2018 жылдар аралығында 8 үйдің құрылысы аяқталып, 720 азамат қоныс тойын тойлаған болатын. Осы үрдіс жалғасын тауып, наурыз айында 60 отбасы баспаналы болса, биыл тағы екі үй қалпына келтіріледі.
Ағымдағы жылы ораза айында жомарт азаматтардың демеуімен 4 бірдей көпбалалы аналар баспаналы болды.
Аймақта Елбасы Жолдауларының негізінде өмірге келген мемлекеттік
бағдарламалар сәтті жүзеге асып, жаңа жұмыстары ашылуда. Өңірдегі іргелі өндіріс орны «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені жұмыс ауқымын арттыра түссе, ресейлік «Еврохим» компаниясы да ілкімді істерімен ілгері ұмтылуда.
Сонымен қатар, биыл жел электр стансасының құрылысы да қарқынды жүргізіліп жатыр. Одан бөлек моноқалаларды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Жаңатас қаласы да көркейе түсуде. Енді міне, Сарысудың содасы да брендке айналатын күн жақын.
Сарысу ауданында «Калцийленген сода» өндіретін зауыт салынбақ. Бұл жұмыссыздар саны қысқарып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзінің оң әсерін тигізеді деген сөз.
Шындығында күн өткен сайын шағын шаһардың шырайы кіріп келеді. Болашақта Жаңатас химиялық өндірісі дамыған, халқы еңбегімен танылған қалаға айналатынына сенім мол.
Дариха Үмбетиярова
Пікір қалдыру