Шынын айтсақ, КәсіпОдақтар Федерациясы туралы естіп жүргеніміз кеше ғана, осы уақытқа дейін мұндай ұйымның бар екенін біраз адам білмегенде болар. Qamshy.kz ақпарат агенттігі тарқатады.
Кешегі өткен президенттік сайлау кезіңдегі белсенділік, кандидат ұсыну, қоғамда саяси портреті қалыптасқан Е.Саиров, М. Тінікеев, Б. Әбдірайым сынды белсенділерді қызметке тарту, аймақтардағы еңбек дауларында «медиаторлық» қызметін жоғары деңгейде атқару, ұжым ішіндегі ұлтаралық қақтығыстар мәселесін реттеуге тырысу — бұл бүгінгі КәсіпОдақтың саяси бет-бейнесі. Яғни жаңа менеджерлердің келуімен КәсіпОдақтың саяси белсенділігі артып, қоғамдық динамикалық қозғалысқа түскенін байқаймыз. Республика көлеміндегі жұмысшы ұжымдарды біріктірген бұл ұйым осылайша Кеңестік кезеңнен санаға сынадай соғылған «кәсіподақ» деген шаблондық өлшемді жаңа бір замана талабына сай саяси апгрейдтелген деңгейге көтеруге ынталы екенін көрсетті.
Бұл орталық биліктегі саяси технологтардың оң жамбасына келетін саяси құбылыс екені анық. Себебі еліміздегі саяси партиялардың көбісінің қоғамдағы, халық өміріндегі рөлі тек сайлау науқаны кезінде ғана келетін салқын секілді, өзін-өзі дискредиттеген деңгейге жеткені жасыратын дүние емес. Ал белсенді жұмыс жасап жүрген әрбір қазақстандықтың күнделікті өміріне қатысты ұйымның саяси жүйелік күшке айналуы, алдағы парламенттік элерторалдық науқанды және де бүгінгі қазақ қоғамындағы саяси сананың «ояну» үдерісінің есебінен қарасақ, назар аударуға тұрарлық саяси құрал. Осы орайда ешбір саяси қызметінде өзін эффективті басқарушы ретінде дәлелдей алмаған, саяси беделі мен халық алдындағы бейнесі еш нәрседен хабар бермейтін Тоғжанов мырза мұндай «саяси құбылысты» басқара алады ма деген сұрақ туады?!
Жақсы, біріншіден Ералы Тоғжанов кім және неден құралған, оны немен қолдануға болады деген сұраққа жауап іздеп көрсек... Қарағандыда мемлекет пен құқық теориясымен студентерді таныстырып жүрген Тоғжановтың бағын ішкі саясат пен онан кейінгі халықтар достығының нышаны болған Ассамблея секретариаты ашқан еді. Орталық биліктің отымен кіріп, күлімен шығып президент әкімшілігінде құрыштай шыныққан ол бір күнде біреуге түсініксіз, өзіне түсінікті жайттардың себебімен «аймақ басшысы» болып шыға келді. Иә, Маңғыстау облысы ықылым заманнан түрлі қақтығыстардан көз ашпай келе жатқан атышулы аймақтың бірі. Дәл осы тұста Ақорда қайғысы мен қасіреті қатар ұштасқан, әлсін-әлсін ашулы мұнайшылары көтеріліп тұратын Маңғыстауда халықты сабасына шақырып, басу айта алатын «медиатор» ретінде Тоғжановты көргісі келген еді... Алайда адайлардың ашуын басу оңай емес екенін күні кеше ғана болған Теңіздегі оқиға тағы бір дәлелдеп берді. Сонымен Тоғжановтың командасы Маңғыстау жұртшылығының үдесінен шығып, халықаралық, ұлтаралық қақтығыстар мен жұмысшы таптың еңбек мәселесін шеше алды ма, жоқ, шеше алмады! Мұнайлы өлкеге барғаннан орынбасарларының проблемасынан көз аша алмаған Тоғжановтың қарапайым халыққа қарауға уақыты тапшы болды.
Тарқатып айтар болсақ, 2018 жылдың қараша айында Ұлықпанұлының бірінші орынбасары – Серік Аманғалиев ірі көлемде пара алғаны үшін әуежайда ұсталып, кейіннен мүлдем жұмысқа келмей, бастығын біраз әуре-сарсаңға түсірді. Аздаған уақыт ішінде бірнеше орынбасар ауыстырған Тоғжанов қоластындағы кадр мәселесін шешу үшін орталықтан – Мақсат Ысқақовты, қосымша Руслан Сәкеевті шақыртты. Жарты жылдан кейін орындарын босатқан орынбасарларының орнына Маңғыстау облысы туризм басқармасының басшысы – Үркен Бисақаев пен Нұрдәулет Қилыбай келді. Бұл жолы да Тоғжанов орынбасарларымен тату болма алмай, тіпті жаға жыртысуға дейін барған. Оған дәлел, 2019 жылдың мамыр айында БАҚ беттерінде 29 мамыр Маңғыстау облысы әкімі мен бірінші орынбасары – Нұрдәулет Қилыбай арасында төбелес болғаны туралы ақпарат жаппай тарады. Дегенмен біраз уақыттан кейін Н.Қилыбайдың 24-29 мамыр аралығында Қытай Халық Республикасында болғаны хабарланды. Тоғжановтың орынбасары 29 күні елге оралған болса, төбелестің орын алған болуы әбден мүмкін. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайтынын» ескерсек, тілшілер қауымы да бекер дүрлікпеген болуы керек.
Негізінде Тоғжановтың шешен екеніне бұған дейін де көзіміз жеткен еді. Алайда, Маңғыстауға әкім болып келуімен, қанша жылдардан бері аудан тізгінінен басқаны ұстай алмай жүрген туған інісі – Марат Тоғжанов әп сәтте облыс әкімнің орынбасары болып шыға келді. Мұндай эффектіні Тоғжанов мырза інісінің саяси беделі мен қызметке отыратын уақытының жеткеніне сүйей салды. Алайда қанша жыл бойы лауазымға ие болмай жүріп, ағасы ғана ат тізгін ұстағанда лайықты бола қалды ма деген заңды сұрақ туады. Қазақстанда тұрып жатқанымызды ескеретін болсақ, мұндай кездейсоқтың болуы неғайбыл еді. Орталық биліктен аймақтың кордаланған еңбек бөлінісіндегі, ұлтараздық пен географиялық мекендегі тұрғындармен мемлекеттің саяси өміріндегі мультипликативті әсерін реттеу үшін келген Тоғжанов мырза осылайша өзінің негізгі функционалды міндетін ұмытып, жанұялық мәселелерін реттеуге көшті. Мүмкін, мұндай саяси күрделі мәселелерді шеше алатын деңгейдегі менеджер емес екендігін өзі де түсінген болса керек-ті.
Мәселен, жиырмадан жасы енді асқан Тоғжановтың қызы Айғаным әкесі әкім болған Маңғыстау облысы Ақтау қаласына бұған дейін республиканың түкпір-түкпірінде ашқан балаларды тәрбиелейтін "ALGHYR" компаниясын алып келді. Мұндай құрылымдарға мемлекет тарапынан дотация, субсидия түріндегі қаржылай көмектердің барын ескерер болсақ, неге ашпасқа, неге «алғырлық» танытпасқа деуден басқа уәж жоқ. Жиырмадағы жастардың көбісі компания ашпақ түгілі, бүгінде жұмыс таба алмай күнді күнге жалғап жүр, алайда, бұл әннің ырғағы мен әуезі бөлек. Әрине бала оқыған-тоқыған, кәсібін игерген шығар дегенді алға тартуыңыз да мүмкін. Бірақ кәсібилігі мен білімі ешкімді бей-жай қалдырмайтын қаншама талантты, дарынды жастардың жанбай жүрген «бағын» ескеретін болсақ, кездейсоқтық деп айтуға келмейді. Үлкен қызы Аяжанның да «ҚазТрансОйл» компаниясын «қоғаммен байланыстырып» жүргені жайдан-жай емес. Жалпы Тоғжановтар жанұясы Батыс Қазақстан өңірінде белсенді кәсіпкерлер екенін сол жердің халқы біліп, көріп жүрген дүние. Мысалы, жанұяның үлкені — Тоғжанов Серік құрылтайшысы болып табылатын «Brick Products Compani» миллиардтаған келісімшарттарды орындап жүрген Жауапкерлігі шектеусіз серіктестік болған. Сол Маңғыстаудағы әкімшілік құрылтайшысы болып табылатын — «КАСПИЙ» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ алып қарасақ — Инвестициялық компания "Маңғыстау", ЖШС "CASPIY BUILD" (КАСПИЙ БИЛД) ЖШС "CASPIY OPERATING", ЖШС "Индустриалды парк Маңғыстау" компаниялардан тұратын аймақтағы экономикалық бейнесін құрап отырған үлкен құрылымнан аталмыш жанұяның аффилияциялық белгілері де байқалған.
Иә, сіз «Он сегіз-ақ миллион халықпыз ғой, рулық тайпалық, мекендік бірегейлікті есептесек кімге кім аффилициялық көрсеткіште болмайды, халыққа қызмет етушінің тума – туыстары кәсіппен айналысса несі айып» деп айтарсыз. Мұның анау айтқандай айып емес екені белгілі, алайда кәсіппен, қызметтік өсу жағдайы мен ортасы барлығына «бірдей» ортақ ойын ережелерінен тұруы керек. Ал ерекшелік жасалып, басымдылық беріліп тұрған ортаның болуы сыбайластық пен басқа азаматтардың өмір сүруге деген құқығын таптау.
Сондықтан иделолгиялық саяси жұмыста кәсіби адамдардың болғаны абзал! Тоғжанов мырза ресми биліктен өзіне жүктелеген — «Маңғыстау» жобасын жетеріне жеткізіп орындай алмағанына көзімізді жеткіздік. Президент Тоқаевтың басшылығындағы саяси шешімдер жасаушылар Тоғжанов мырзаның кәсібилігі мен компентеттілігіне сенбейтін секілді. Өңірлерді дамытушы немесе күрделі саяси кешенді жобалардан гөрі, Тоғжанов мырзаның үйреніскен «ассамблеялық» тағдыры дұрыс секілді. Себебі команда жасақтауда менеджерлік дарыны мен мінезі жоқ кадрға ең дұрысы — достық пен бейбітшілікті насихаттау!
Пікір қалдыру