Бүгінде Жамбыл облысында 32,5 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады. Олардың арасында тағайындалған көмектің 3 айлық сомасын алдын-ала алып жеке қосалқы шаруашылығын дамытуға күш салғандары баршылық. Бір ғана Жуалы ауданының өзінде 5 отбасы атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған сәттен оның 3 айлық сомасын алдын ала алуға өтініш берген деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Жуалы аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Сәбитхан Қожанов бұл бастама туралы ұсыныс көмек алушы отбасылардың өзінен түскенін айтады.
–Жаз айларында жұмыссыз жүрген жандар үшін маусымдық жұмыстар көбейеді. Әсіресе егіс алқаптарында жиын-терім басталғаннан күндік ақыға келісіп, бала-шағаның нәпақысын айырып жүргендер бар. Олардың арасынан атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған отбасылардың мүшелерін де көптеп кезіктіресіз. Сәйкесінше күнделікті азық-түлігіне қажетті қаржы табылып тұрған соң атаулы әлеуметтік көмектің 3 айлық сомасын алдын ала алып, жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға күш салғандардың есебі түгел. Көмек тағайындалған сәттен түскен мұндай өтініштер аудан әкімі жанындағы арнайы комиссияда қаралуда,–дейді орталық директоры.
Ал осынау мүмкіндікті оңтайлы пайдаланған нұрлыкенттік Айда Жақашова бұзаулы сиыр алғалы бала-шағаның аққа аузы тигенін айтады.
–Маған атаулы әлеуметтік көмек мамыр айында тағайындалды. Сол сәтте бұл көмекті бір жолғы төлем ретінде алуға болатынын біліп, тиісті орындарға өтінішпен шықтым. Нәтижесінде 177 мың теңге қаржыға қол жеткізіп, оған 1 бұзаулы сиыр сатып алдым. Әрине жалғыз сиырдың сүті балалардың ішкенін артылмайды. Бірақ бізге соның өзі үлкен олжа.
Бүгінде мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған отбасылардың тұрмысын тіктеудің барлық мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Менің өзім «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы бойынша Тараз қаласында жүргізушілік курстан өттім. Мұның барлығы түптеп келген әлеуметтік көмек мұқтаж жандардың бірте-бірте өз қолы өз аузына жетуіне жасалып жатқан жағдай жақсы екенін түсінеміз, –дейді А.Жақашова.
Ал аталған ауданға қарасты Шақпақата ауылдық округінде 257 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Олардың арасында да әлеуметтік көмектің 3 айлық сомасын алдын ала алып, жеке қосалқы шаруашылықты жолға қойғандары бар. Мәселен 5 баланың анасы Толғанай Тәжібаева 300 мың теңгеге 10 бас қой сатып алыпты.
–Жасыратыны жоқ жәрдемақыны ай сайын алсам ұсақ-түйек нәрсеге жаратылып кетер еді. Сондықтан да оның 3 айлық сомасын алдын ала алуға бел будым. Қазір 10 қойды бордақылап отырмыз. Оларды кез келген уақытта қажетіне қарай сатуға да болады ғой. Сол себептен де атаулы әлеуметтік көмекті бір реттік төлем ретінде тағайындау тәжірибесінің берері мол екендігіне сенімдімін. Қазірдің өзінде біздің ауылда осы жүйемен жеке
қосалқы шаруашылығының бойына қан жүгіртуді жоспарлап жүргендер, –дейді Т.Тәжібаева.
Пікір қалдыру