Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған «кедергісіз орта» қалыптастыруға айрықша көңіл бөлініп, нақты міндеттер жүктеген болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар Жамбыл облысында да жүйелі жүзеге асуда.
Жалпы ағымдағы жылы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оңалту мақсатында облыстық бюджеттен 793, 6 миллион теңге қаржы бөлініп, 7 342 мүгедек тиісті оңалту құралдарымен қамтамасыз етілген. Бұдан бөлек, облыс бойынша 2 138 мүгедек емдеу-сауықтыру шипажайларына жолдамалармен қамтылған. Сонымен қатар, Тараз қаласы мен аудан бюджеттерінен 1229, 2 миллион теңгеге 8 320 мүгедек әлеуметтік көмекпен қамтылуда. Мүгедектердің өмір сапасын жақсарту мақсатында 2020 жылға облыстық бюджеттен 741,5 миллион теңге қаржы бөлініп, 6 416 мүгедекті қажетті техникалық орнын толтырушы оңалту құралдарымен және емдеу-сауықтыру шипажайларына жолдамалармен қамту жоспарлануда. Сондай-ақ 490 қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға үкіметтік емес ұйымдар арқылы арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсыну мақсатында 79,1 миллион теңге қаржы бөлу жоспарлануда. Яғни бүгінде Жамбыл облысындағы 45 235 мүгедек жанның (1-ші топтағылар – 4 135, 2-ші топтағылар – 18 422, 3 топтағылар – 16 376 адам, ал 18 жасқа дейінгі мүгедектер саны 6 302) құқығы мен әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету өңірдің әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының біріне айналып отыр.
Айта кету керек, «Nur Otan» партиясының «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында Әулиеата өңірінде бірнеше бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Осы орайда күні кеше ғана «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін айрықша атап өтуге болады. Жәрмеңкеде 24 жұмыс беруші мекемелерден 70 мамандық бойынша 166 жұмыс орны ұсынылды. Негізі аталмыш жәрмеңке партия филиалының ұйытқы болуымен жылына екі мәрте өткізіліп тұрады.
Жамбыл облысы әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Тимуржан Нұрымбетовтың айтуынша, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту жоспары дайындалып, соған сәйкес 2019 жылы 545 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Ағымдағы жылың 1-қыркүйегіне дейін жұмыспен қамту органдары арқылы республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен 663 мүгедек жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Олардың 219-ы тұрақты 310-і уақытша жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ 134 мүгедек кәсіптік білім алуға жолдама алған.
Пікір қалдыру