– Сәлеметсіз бе, Дархан мырза. Телеарналарда жаңа маусым басталды. Ұлттық арнада басшылық ауысты, жүргізушілер ауысты. Кейбір хабарлар жабылып, жаңалары ашылды. Сіздің хабарыңыздың жағдайы қалай болып жатыр?
– Жағдай жаман емес. "Парасат майданы" эфирге баяғысынша, түнгі он екінің ар жақ, бер жағында шығады.
– Дегенмен, күзден бері шыққан сандары интернетте жоқ қой.
– Иә, Youtube арнасына жүктеліп жатқан жоқ. Корпорация сайтының жұмысына жауапты адамның айтуынша бұл әдейі, елді өздерінің сайтына тарту үшін жасалып жатқан жұмыс. Менің пікірімше, ақымақтық әрине. Себебі мұндай саясат хабарды көретін адамдардың санын күрт азайтқаннан басқа еш нәтиже бермейді. Алайда менің онымен дауласуға зауқым да, уақытым да жоқ. Дегенмен басшылықтың хабарға көзқарасы жақсы секілді. Өйткені мені қабылдаған кезде төрайым орынбасары Ильхам Ибрагим "Парасат майданына" жылы лебіз білдіріп, арнаға хабардың керек екенін айтты. Мен мәз болып қалдым.
– Өзіңіздің атқарғыңыз келетін басқа жұмыстар да бар ма? Оған қолдау тауып жатырсыз ба? Мәселен, былтыр сіз Шоқан Уәлиханов туралы деректі фильм түсірдіңіз, "Балапан" арнасы үшін "Плюс шексіздік" ғылыми-танымдылық жобасын әзірледіңіз.
– Биыл мен әл Фараби туралы фильм әзірледім. Түсірілім бітті. Монтаж дайын. Музыка жазылды. Қазір соңғы штрихтар қалды десе болады. Түсірілім барысында Сирияға, ұлы ғалымға топырақ бұйырған Дамаск қаласына барып келудің сәті түсті. Сирияға бару қиын. Өздеріңіз білесіздер, соғыс болып жатқан мемлекет. Біздің дипмиссия онда жоқ. Сол себепті іссапарды жүзеге асыруға көмектескен Сыртқа Істер министрлігіне және Қазақстан Республикасының Ливандағы елшісі мен консулымызға көп рахмет. Тағы да айтамын, үлкен рахмет емес, көп рахмет. Бізде жұрт орысша "большое спасибодан" аударып үлкен рахмет дейтін болды. Қазақтар ағылшындар секілді "thank you so mach" – "көп рахмет" дейді. Бұл да латын әліппесіне өтерге бір аргумент (күледі).
– Дұрыс, дегенмен әл Фараби тақырыбын неге таңдадыңыз? Бәлкім онда араб әліпбиін таңдаған дұрыс шығар /күледі/.
– Жоқ! Міне бұл да, бұрыннан қалыптасқан жаңсақ пікір. Себебі бүгінгі адамзатқа ортақ өркениет те, біз айтып жүрген Еуропа елдеріндегі азаматтық, адами құндылықтар да – Әл Фарабидің мұрасы. АҚШ-тағы дамыған ғылым, Жапонияда дамыған технологиялар, Израильде дамыған медицина мен Европада дамыған өнер, оның ішінде музыка, бәрі-бәрі әл Фарабидің мұрасы. Біз әдетте әл Фараби мен Авиценнаға, Бируни мен Ұлықбекке ислам әлемінің ғалымдары деген атау тағып қоямыз. Бұл дұрыс емес. Өкінішке қарай, дін мен ғылымның қатар дамуы мүмкін емес. Дін әрдайым ғылымға салынатын ауыздық. Сол себепті мен әл Фараби тұсындағы орын алған ренессансты, дін қыспағына қарамастан, орысша айтқанда «вопреки» болған құбылыс дер едім. Бұл үлкен ерлік. Мыңдаған ғалым осы жолда құрбан болды. әл Фараби де қуғын көрді. Діни теологтар оны кәпір деп те атады. Фарабидің өмірі ізденіске ғана емес, күреске де, ерлікке де толы ғұмыр. Сол себепті Фарабитанудың негізін салған неміс ғалымы Фридрих Генрих Дитерицци оны "қараңғылыққа, надандыққа, адам бойындағы рух азаттығы мен ізгілік қағидаларын жаныштауға тырысатын қаніпезер билікқұмарлыққа қарсы аянбай күрескен парасат қаһарманына" теңеді.
– Бәлкім, сіз оны тіптен демократ дерсіз?
– Ия, демократ. әл Фарабидің "Ізгі қаланың тұрғындары туралы" еңбегі бар. Ізгі қала – ізгілікті қоғамның үлгісі. Міне осы еңбегінде ол, қала басшысына қажетті бірнеше қасиетті тізіп айтады. Сосын бұл қасиеттің бәрі бір адамның бойынан табылмауы мүмкін, ондай жағдайда қалаға бірін бірі толықтыратын бірнеше адам басшылық етуі тиіс дейді. Парламенттік басқару емей не? Ал енді ойлап көріңіз, бұл X ғасыр, жердегі патша, көктегі Алланың көлеңкесі, билікті Құдай өзі қалағанына береді деп жүрген кезең. әл Фараби арғы дүниенің бақытын дәріптемейді, адам бақытты қоғамға көзінің тірісінде ұмтылуы тиіс, адам ғылым мен білімге ұмтылуы қажет, ал білім мен ғылымның қадірі жоқ елді тастап кетуі керек дейді.
– Ал, әл Фараби қазақ па, өзбек пе, парсы ма? Бұл мәселеде де ортақ пікір жоқ секілді ғой.
– әл Фараби – түркі баласы. Бұл оның толық атында да тұр, көк тасында да жазылған. Алайда ұлы тұлғалар бір ұлттың аясына сыймайды ғой. әл Фараби адамзаттық тұлға. Абайдың "атаңның баласы болма, адамның баласы бол" дегені есіңізде ме? Біз әл Фарабидің рухани мұрагері болғанда ғана ізгі қоғам құра аламыз. Бұл үшін Фарабиді ұлттық құндылығымызға айналдыру керек. Аудару керек. Оқу керек. Біз әл Фарабимен мақтанып қана келеміз. Оны түсініп болдық деп айта алмаймыз. Біздің қоғамға бүгінгі таңда өзгерістер қажет. Ал сол өзгерістің рухани негізі Фараби дүниетанымы бола алады деп ойлаймын.
– Рахмет. Фильміңізді асыға күтеміз.
Пікір қалдыру