Алматы. Қамшы порталы - Ақтауда жастарға арналған үш күндік «Aktau Open Fest» халықаралық фестивалі аяқталды. Ата Заңымыздың 20 жылдығына арналған шараны үш күнде 60 мыңдай адам тамашалады.
Фестивальге еліміздің өнерлі жастарымен қатар, Франция, Корея, Тәжікстан, Ресей мен Түрікменстаннан қонақтар келіп, керемет шоу көрсетті. Олар брейк-данс, паркур, стритбол және баскетбол сияқты көше билері мен спорттың 7 түрі бойынша өзара мықтыны анықтады.
Ақтауда AKTAU OPEN FEST 2015 атты халықаралық музыка және спорт фестивалі аясында брейк-данс бойынша әлем чемпионаты үшін іріктеу кезеңі енген болатын. Оған Тәжікстаннан, Өзбекстаннан және Қазақстанның барлық дерлік өңірлерінен келген спортшылар қатысты.
Турнир жеңімпаздары ретінде Астанадан келген егіздер, «23 Style» командасының қатысушылары Әділет және Дәулет Анарбековтер танылды.
«Бұрын біз «Simple system» командасының құрамында өнер көрсеткен едік. Жеңіске жету үшін өте көп жаттықтық. Маңғыстау облысының әкімдігіне чемпионатты ұйымдастырғаны, Оңтүстік Кореяға баруға мүмкіндік бергені үшін зор алғыс айтамыз. Біз жеңіске қол жеткіземіз! Бұл біз үшін брейк-данс бойынша үшінші әлем чемпионаты болмақ», - дейді Әділет Анарбеков.
Бұл Маңғыстау өңірінде өтіп жатқан әлем чемпионатына үшінші іріктеу кезеңі. Оның алғашқысы 2010 жылы Жаңаөзен қаласында өткен болатын. Сайысқа барлығы 80 адам қатысуда.
Сондай-ақ, жағалауда Орталық Азия спортшылары арасында брейк-биінен әлем чемпионатының іріктеу кезеңі өтті. Жүзден жүйрік шыққандар Оңтүстік Кореяда өтетін әлем біріншілігіне қатыспақ.
Сонымен қатар, AKTAU OPEN FEST 2015 жастар спорты фестивалінің ұйымдастырушыларына граффити стилінде жұмыс жасайтын жергілікті суретшілер Сергей Руденко мен Александр Приходько аумағы 103 шаршы метр суретті тарту етті.
Сурет 3D форматында орындалған.
«Компьютерлік графика көмегімен 3D стилінде сурет салудың оңайлатылған тәсілін ойлап таптым. Әрі, оның тиімді екеніне көз жеткіздім. Дос суретшілерді тарта отырып, жобаны қолға алдық. Фестиваль логотипін салуға шешім қабылдап, суретін әзірледік. Бұл идеяны шара ұйымдастырушыларымен бірлесіп талқылап, көлемін нақтыладық. Суретті салуға бір айдай уақыт жұмсадық», - дейді Сергей Руденко.
Суретшінің айтуынша, суретті салуда оның екі жазықтықтан тұратыны қиындық тудырған.
Осындай көркем туындыны дүниеге әкелуге Катя Понамарева, Владимир Вялков, Константин Баскаков, Марина Демченко тәрізді өнер иелері өз үлестерін қосқан. Олардың айтуынша, суретті салуға түрлі түсті 98 бояу баллондары қажет болған.
«Бұл туындыға біз күшіміз бен қаражатымызды ғана жұмсаған жоқпыз, оны бар жан-тәнімізбен салдық. Тұрғындарға ұнап жатса, қуаныштымыз», - дейді шеберлер.
Фестиваль аясында дүниежүзінің әйгілі көше биінің мықтылары жастарға шеберлік сабақтарын өткізді. Aktau Open Fest мерекесі осымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр.
Пікір қалдыру