Бүгінде Америкада тұрып жатқан жазушы Лира Қоныстың инстаграмындағы мына бір жазбасында өмір шындығы бардай. Жазбаны қаз қалпында көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдік.
Күйеуден “супермен” жасауды қою керек. Оған жұмыс істеу, отбасын асырау, қаланың ішінен бір үй, сыртынан жер ап, осы көктемнен қалмай фундамент бастау, үлгілі әке болу… әйтеуір бітпейтін қамшылау, таусылмайтын міндет артамыз. Тіпті, кейбіреуі жейдесінің түсін де таңдай алмайды. (Білем, әйелдер бұйрықты беріп, клубника жеееп жатқан жоқ, өзі қолымен жасаған проблемасының ішінде етегі желбіреп, өкпесі өшіп ол да жүр.) Көндіккені бірге өмір сүреді, шыдамағаны ажырасып (шын мәнінде қашып) құтылады.
Үйіңіздегі ер кісі – сізге күйеу, балаларға әке шығар, бірақ, ол бірінші кезекте адам. Адам өзі шешім қабылдайтын тұлға десек, ол неге сіздің таңдау, шешіммен жүріп-тұруы керек? Неге әйелімен бірдей ойлауы керек? Орташа есеппен кемі жиырма бес жыл өз өмірін өзі басқарған адамды өзгертемін деу дұрыс па?
Айгүлден қалмай төшкі ашып “бірдеме істеу”, Сәуледен қалмай асты биік машина алу деген идеялар тошна әйелдікі. Еркектерде бәсеке жоқ. Жолдасыммен 17 жыл біргеміз, осы жылдар ішінде одан “Ұлеке мен Индира Астанадан керемет үй алыпты, біз де алсақ”, “Ғалымжан бауырым мен Айка Түркияға саяхаттапты, біз Дубайға барайық” деген әңгімені естісем құлағым керең болсын!
Еркекке талап жүктейтініміз соншалық, қыздар/әйелдер танымайтын жігітке де міндет қояды. Әріптес қыз интернетпен танысқан бейтаныспен кездесуге кетті. Кафеде тек сусын ішкен. Ал, қоштастарда жігіт өзі ішкен сусынға ғана төлеген. Ал, біздің қыз ішке кіре, жігіттің “сараңдығын” айтты. Ол саған төлеуге міндетті ме? Сен әпкесі немесе қызы ма ең? Кездесуге шақырды, бірақ, сені ешкім күштемеді, қызығушылықпен өзің бардың. Демек, ішкен суыңа өзің төле! "Привет/пока" дескен қыздың бәріне төлей берсе қалтасында не қалады? Кездесуге қыз шаш, макияжға шығындалар, сонда да жігіт төлеуге міндетті емес. Қыздардың бірінші кездесуден-ақ “күйеу мен әйел арасындағы тепе-теңдікті” қабылдамайтынын байқап отырмыз. “Әйелдер-әлсіз, еркектер-рыцарь” деген бес ғасыр бұрынғы түсінік әлі тірі ме?
Күйеуінің ізін аңдитын әйелдер бар. Бұл махаббаттың әлегі емес, күйеуім тастап кетсе қалай жан бағам, құрбыларымның алдында масқара болмайын деген қорқыныштың страховкасы ғана.
Пікір қалдыру