Ұлты татар Седат Солакогулы мен жапон Акира Такегучи қазақ домбырасын насихаттап жүрген шетелдіктердің бірі әрі бірегейі. Олар Қамшы тілшісіне домбыраға деген қызығушылығы қалай пайда болғаны туралы айтып берді.
"Домбыра тартқаным үшін қазақтар мені жақсы көреді"
Седат Солакогулы ататегі Қырым татарларынан тарайды. Өзі Ыстамбұл қаласында туған. Қазір Сакарья мемлекеттік оркестрінде жұмыс істейді.
– Бала кезімде түрік аспабы "бағлама" (домбыраға ұқсас түрік асбабы – ред) сабағына баратын едім. Үйге келгенде әжем маған татардың әні "Бозторғайды" айтқызатын. Мен оны үйде тұрған аспап көмегімен сүйемелдеп, шырқап беретінмін. Жылдар өтіп, колледжге білім алуға келгенде Ыстамбұлда бір ансамбльмен таныстым. Олар түркі әлемінің музыкасын зерттейтін еді. Бір күні дайындықта дирижеріміз, ансамбльдегі қазақ жігітке домбырамен бір ән шырқауын өтінді, – деп әңгімесін бастады Седат.
Ансамбльдегі қазақ жігіт домбырамен ән шырқағанда Седаттың есіне бала кезінде әжесінің "домбыра" туралы айтқандары түседі. Содан бастап домбырамен бірге қазақтарды да тануға құлшынысы оянып, тіпті университеттегі білімін Қазақстанда жалғастыруды жөн көрген.
– 2003-2007 жылдар аралығында Түркістандағы халықаралық қазақ-түрік университетінде білім алдым. Алматыдағы атақты күйші Айгүл Үлкенбаевамен танысып, ол кісіден көп нәрсе үйрендім. Құрманғазы атындағы консерваториядағы бірнеше мұғаліммен танысып, домбыра мен күйлерді тереңінен зерттедім. Кейде домбыра тартып отырғанымды көрген қазақтар "қазақсың ба, қай рудансың?" деп сұрап жатады. Мен оларға қарап қалжыңмен "иә, қазақпын" деп жауап беремін. Мен үшін қазақ, түрік, татар бәрі бірдей. Және осы идеяны ұстанамын, – деп күлді ол.
Седат қазіргі таңда 30 шақты күй білетінін айтады. Қазақстанның атақты күйшілер – Біләл Ысқақов, Қаршыға Ахмедьяровты және бірнеше жас күйшіні танитынын да атап өтті.
– Домбыра тартқаным үшін қазақтар мені жақсы көріп, құрметтеп концерттік іс-шараларға шақырып тұрады. Талай рет Қазақстанға да барып қайттым. Ол жер маған қатты ұнап, тіпті өз үйімдей сезіндім. Маған қазақтың домбырасы, жайлауы мен табиғаты, киіз үйі қатты ұнап, адамдарының бір-біріне деген сыйластығы жақсы әсер етті. Негізі менің қанымда да қазақты тартатын бір нәрсе бар. Мүмкін, Қырымнан көш аударған соң ба..., – дейді Седат.
"Домбырада ойнау менің ерекшелігім"
28 жастағы Жапондық Акира Такегучи бірнеше музыкалық аспапты үйреніп жүріп, таңдауы домбыраға түскен. Ол аз уақытта домбыра тарту техникасын меңгеріп, бүгінде "Адай", "Сарыарқа", "Балбырауын", "Көңіл толғыны", "Ерке сылым" күйлерін тарта алады.
– Өзім Жапонияда туып өстім. Ол жақта адамдар күнделікті күйбең тіршіліктен өмірдің қалай өтіп жатқанын байқамайды. Мен өзімді табу үшін әлемді аралап жолға шықтым. 2007 жылы Түркияға келіп, музыкалық білімімді жетілдіріп жүргенде домбырамен таныстым. Аз уақыт ішінде домбыраны үйренген соң Ыстамбұлдың Таксим алаңында домбырамен өнер көрсете бастадым. Бұл жерде мен сияқты көптеген музыканттар бар. Бірақ олардың ешқайсысы домбырада ойнамайды. Ал домбыра мені олардан ерекше етіп отырады, – дейді ол.
Аккираның домбыра үйренуіне ноғай досы Акдениз ықпал еткен. Содан бастап ол домбыра үйренуге шешім қабылдапты.
– Қазақстанда алғаш рет 2018 жылдың қазан айында болдым. Ол жерде шамамен 2 апта тұрдым. Құрманғазы консерваториясының студенттерімен танысып, домбыра бойынша сабақ алдым. Қазақсатанда өзімді өте жайлы сезіндім. Тамақтары да қатты ұнады. Домбыра ойнағанда өзімді бақытты сезінемін. Маған көптеген қазақ достарым үнемі көмектесіп, қолдау білдіріп отырады, – дейді Аккира Такегучи
Аккираны бүгінде Түркиядағы қазақ диаспорасы жақсы таниды. Сондай-ақ әртүрлі іс-шараларға жиі шақырылып тұрады.
Пікір қалдыру