Соңғы уақытта тіл мәселесі қоғамда қызу талқыға түсіп жатыр. Жуырда "Тіл майданы" қозғалысы белсенділерінің қазақша қызмет көрсетуді талап еткен әрекеттеріне байланысты Ресейдің бірқатар баспасөз құралдары "Қазақстанда орыс тіліне қысым жасалып отыр" деп ақпарат таратты.
Ұзамай президент әкімшілігі төрағасының бірінші орынбасары Дәурен Абаев белсенділердің әрекетін "үңгір патриотизмі" деп атады. Кей саясаттанушылар Абаев мәлімдемесін Мәскеу билігіне мұндай әрекеттер Қазақстан билігі тарапынан ұйымдастырылып отырмағанын ұғындыруға тырысқанымен түсіндіреді.
Артынша Тіл майданы қозғалысының жетекшісі Қуат Ахметовтың үстінен бас прокуратура қылмыстық кодекстің 174-бабы (Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру) бойынша қылмыстық іс қозғап, белсенді бірер күн бұрын Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған.
Сондай-ақ Қазақстанда жаңа оқу жылы қарсаңында қазақ ата-аналар баласын орыс сыныбына, орысша білім беретін мектепке беріп жатқаны туралы әңгімелер әлеуметтік желіде жиілеген. Әңгімені статистикалық деректер де растаған. Соңғы 5 жылда қазақ мектептерінде оқитын бала саны 18 пайызға, орыс мектептерінде оқитын бала саны 20 пайызға артқан.
Бірнеше сарапшы мұның себебін "билік басындағылар қазақ тілін талап етушілерге деген көзқарасын "үңгірдегі ұлтшылдар" деп ашық білдіріп отырған кезде, жұрт қазақ тілінің болашағына сенбейтінімен байланыстырады.
Президент Қ.Тоқаев 1 қыркүйек күні Қазақстан халқына арнаған биылғы жолдауы барысында "орыс тілі Қазақстандағы ресми тіл" дегенді айтты. Елдегі басты заң – конституция бойынша орыс тілінде мұндай статус жоқ. Белгілі заңгер, тіл мәселесі бойынша көптеген істерге қатысқан құқыққорғаушы Абзал Құспан президент мәлімдемесі Қазақстанда құқықтық нигилизмнің асқынып тұрғанын білдіретінін айтады.
Пікір қалдыру