ЕЛ БІРЛІГІ – БӘРІНЕН ҚЫМБАТ

/image/2022/01/11/crop-101_5_545x727_dostyq-1.jpg

Ел дүрбелеңге түсіп, елең-алаң аласапыран болып кеткені үрей туғызып, елдің ендігі тағдыры не болмақ деп ойланып қалдық. Бірақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы сәтте өзінің мықты басшы, білікті саясаткер екенін көрсете білді. Ол өз халқына демеу болып, тығырықтан шығуда батыл шешімдер қабылдай білуі біздің ертеңге деген сенімімізді оятып, еңсемізді көтерді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Мәжілістің кеңейтілген отырысында Үкімет басшысын тағайындап, алдағы уақыттағы іске асатын нақты жұмыстарды атап көрсетті. Оның ішінде халықтың көңілінен шыққан айрықша жоспарлар бар.

Атап айтқанда, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) таяу күндері елімізден шығатыны. Бұл ұйым 1992 жылғы 15 мамырда қол қойылған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт негізінде құрылған халықаралық қауіпсіздік саласындағы халықаралық өңірлік ұйым екені белгілі. ҰҚШҰ мүшелері - Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан. Шарттың күші бес жыл сайын ұзартылады.

Ұйымның негізгі мақсаты - бейбітшілік, халықаралық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту, мүше мемлекеттердің тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығы мен егемендігін ұжымдық негізде қорғау, мүше мемлекеттері саяси құралдарға қол жеткізуде басымдығын береді.

Сондықтан бұл ұйымның әскерлерін елімізге әкелгені туралы түрлі қауесетке ерудің қажеті жоқ деп санаймыз. Бұл еліміздің егемендігіне зиян келмейтін шешім болды. Олар елдегі жағдайға байланысты қорғау мақсатында Президент алдырғанын түсіндік және елімізде болып жатқан лаңкестікке қатыспай, мемлекетіміз үшін маңызды стратегиялық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Жағдай тұрақталған соң елдеріне жіберілмек.

Әрине, Ақтаудан басталған оқиға барысы өкімет алдына әлеуметтік талаппен шығып, газдың бағасын 50 теңгеге түсірді, халықтың әлеуметтік жағдайының төмендігін өкімет түсінді. Бұл аймақта қару қолданылған жоқ, бұзақы топтарға жол берген жоқ. Өкінішке орай, осы шеруді лаңкестік топтар еліміздің мегаполисі Алматыда пайдаланып, көп зиян келтірілді.

Әлеуметтік жағдайға қатысты халықтың қоры – «Қазақстан халқына» құрылатын болды. Осы қорға қаржы құятын ірі компаниялардың тізімі жасалып, оған құятын қаржы жыл сайынғы мөлшері қалай болатынын Президент есептеуді тапсырды. Бұл үлкен бетбұрыс, өйткені қазақ халқының жағдайы нашар екеніне бәріміз куәміз. Сондықтан бұл қордан еліміздегі әлеуметтік жағдайы төмен халыққа көмек көрсетілетіні қуанарлық қадам болды. Әрине, денсаулық мәселесі де, жұмыспен қамту мәселесі де осы қор бойынша қамтылады деп ойлаймыз. «Қазақстан халқына» қоры халық үшін құрылатындықтан оны адал, кәсіби білікті азамат басқаратыны айтылды.

Халықтың кедейленуін тоқтату мәселесі де айтылды. Енді қалталы олигархтардың қалтасы қағылатыны туралы мәселені көтеретіні айтлды. Бұл да құптарлық іс деп ойлаймыз. Бай, ауқатты адамдар қоғамға керек, алайда бізде шетел байларындай тарихта қалып, әлі күнге дейін келе жатқан әулетті байлар бар ма?! Ғылымға әлі күнге дейін сыйлық беріп, ынталандырып жатқан әлемдік деңгейдегі Нобель сияқты тұлғалар неге жоқ деп еріксіз ойланасың.

Президентіміз жаңа Қазақстанды құрып, толыққанды реформаларды жүргізіп, халықтың жағдайын жақсартуды қолға алғаны үлкен бастама деп санаймыз. Енді осы мәселелер бойынша тапсырма алған тиісті ұйымдар әділ, дұрыс жүзеге асырса деп күтеміз.

Ел бірлігіне сызат түспей, халқының амандығы үшін қандай да бір батыл шешім қабылдай білетін Мемлекет басшысын – Президетіміз Қ.-Ж. Тоқаевты біз әркез қолдаймыз. Оның жасампаз бастамалары мен елдің көңілінен шығатын шешімдері бізге рух беріп, қанаттандырады.

 

Бегалиева А.Қ.

Әл-Фараби   атындағы    ҚазҰУ ЖОО-ға дейінгі дайындық

кафедрасының аға оқытушысы.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар