Саясаттанушы: Тоқаевтың айналасына бүгіннен аса алмайтын саяси технологтар шоғырланған

/image/2022/03/24/crop-14_288_464x825_81610405_2240715859363278_5408795041911013376_n.jpg
♦ Тоқаев 21 наурызда Алматыда сөйлеген сөзінде «Екінші Республика» құратынымызды айтып таңғалдырды. «Жаңа Қазақстанмен» не істейтінімізді әлі анықтай алмай жатқанда (популистік ұрандарды есептемегенде), тарихтан біршама хабары бар, оқыған азамат ретінде «Екінші Республика» дегені – бұл қай сасқаны деп түсініңкіремей қалдық.
 
♦ Келесі күні Karin Erlan «Екінші Республика» дегеннің не екенін түсіндіргендей болды: «Жаңа Қазақстан – қоғам мен ұлттың жаңаруы болса, «Екінші Республика» дегеніміз – мемлекеттік модельдің жаңаруы». Бірақ мемлекеттік хатшының айтқаны – шын мәнінде тым абстрактілі, астарында негізі жоқ манипулятивті түсіндірме. Неге екенін тарқатайын.
 
♦ Мен республикасын реттік нөмірмен атайтын жалғыз мемлекетті ғана білемін – ол Франция. 1958 жылдан бері бұл елде Бесінші Республика орнаған. Француздар не үшін республикасына реттік нөмір береді? Ең басты шарт – жаңа Конституцияның қабылдануы. Демек, Францияның қазіргі атазаңы 1958 жылы қабылданды. Ол бойынша басқаудың парламенттік формасы президенттік жүйеге ауысты. Қазақстан Конституцияны жаңадан қабылдай ма? Тоқаев Жолдауында атазаңның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізілетінін хабарлады, десе де мұны Конституцияны жаңадан қабылдау деп айта алмаймыз. Суперпрезиденттік басқарудан рөлі күшейтілетін парламентке қарай ауысамыз деді. Бірақ Жолдауда аталған президенттің қысқартылатын өкілеттіктеріне келетін болсақ, іс жүзінде Тоқаевтың билігі азаймайтынына көзіміз жетеді (бұл туралы бөлек пост жазармын). Демек, осы тұрғыдан алып қарасақ, «Екінші Республика» деген идеологиялық тіркесті енгізуге еш негіз жоқ.
 
♦ Республканы реттік нөмірмен атау үшін тағы бір негіз болу керек – ол бұған дейінгі кезеңді аяқтап, қорытындылап, оған саяси баға беру. Егер біз «Екінші Республика» атанатын болсақ, онда «Бірінші Республика» да болуы керек деген сөз ғой. Бірақ ол қашан басталып, қашан аяқталды? Ақорданың саяси технологтары елді Назарбаев билеген отыз жылға жуық уақытты меңзеп отырған болар? Олай болса, сол дәуірге нақты саяси баға беріп болған соң ғана жаңа қоғамды, кезекті республиканы құруға көшуге болады. Бірақ, көріп отырғанымыздай, бұрынғы президенттің қызметіне ешқандай жан-жақты объективті баға берілмеді. Тоқаев қаңтардан бері Назарбаевқа қатысты, керісінше, «елімізді іргесі берік мемлекетке айналдыру үшін зор еңбек сіңірді» деген сарында ғана баға беріп келе жатыр. Бұрынғы билеушінің салып кеткен жүйесі әлі де қызмет етіп келе жатыр, саяси сахнадағы бас кейіпкерлер де бұрынғы кадрлар. Демек, осы тұрғыдан да «Екінші Республика» деп атауға негіз жоқ.
 
♦ «Екінші Республика» дегенді ұсынып отырған саяси технологтар тағы бір жерден мүлт жіберді. Францияда Бесінші Республика болса, демек Екіншісі де болды ғой? Тарихта басқа мысал болмаған соң еріксіз сонымен параллель жүргізуге тура келеді. Француздардың Екінші Республикасы 1848–1852 жылдар аралығында, яғни төрт-ақ жыл өмір сүрді. 1848 жылдың ақпанында француздар патшасына қарсы көтеріледі. Халық азаматтардың құқықтары мен бостандығын талап етеді. Кезінде оң өзгерістерді уәде етіп билікке келген король Луи-Филипп отанын тастап, сыртқа қашып кетеді. Наполеон Бонапарттың немере інісі Луи Бонапарт демократиялық өзгерістерді болдырам деп сайлауда жеңіске жетіп, президент болып сайланады. Бірақ төрт жыл ішінде демократияны тұншықтырып, билікті түгел өз қолында шоғырландырып, император III Наполеонға айналады. Осымен Екінші Республиканың саудасы бітеді. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, Ақорда технологтарының нақты нені меңзегісі келгенін түсіне алмай-ақ қойдым. Сонда Тоқаев француз узурпаторының жолымен жүреді деген сөз бе? Мұндай дүниені халыққа ұсынбас бұрын сақ болып, жан-жақты тексеру керек қой. Меніңше, бұлар осы жолы сауатсыздық танытып қойған сыңайлы.
 
♦ Тарихи тұрғыдан алып қарасақ, «Екінші Республика» деген ұғымның негізі де мықты болуы керек. Ал ол туралы президент өз жолдауында емес, Алматыда сөйлеген қысқа сөзінде ғана атап өтті, демек, билік ұғымның масштабын өзі тарылтып, болмашы етіп отыр. Қаңтардан бері Ақорда нақты істерден гөрі уәделер мен осындай ұран-идеологемаларды үстімізге жаудырып жатыр. Құрғақ қасық ауыз жыртар. Бұл биліктің нақты реформаға барғысы келмейтінін, бірақ халық алдында үндемей отыруға болмайтын жағдайда әйтеуір бірдеңе ұсынып құтылудың амалына ұқсайды. Шіріп біткен жүйені реформалаудың орнына әдемі ұран-идеологемаларды пайдаланып, жылтырақ фантикке орап қойғысы келеді. Мұның түбі жақсы болмайтыны анық.
 
♦ Өткенде жаздым ғой, Тоқаевтың жанында стратегиялық ойлай алатын мемлекетшіл саясаткерлер емес, бүгіннен аса алмайтын саяси технологтар шоғырланған. Бұл – президенттің басына түскен ең үлкен мәселенің бірі. Демек, алда әлі талай ұрандар мен ауыз жыртар идеологемалар болады әрі олар нақты істерден басым түседі. Бізді биыл оңай емес жыл күтіп тұр.
 
Саясаттанушы Бақытжан Бұқарбай
Facebook парақшасынан

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар