Адам баласы іңгәлап өмір есігін ашқан соң жақындары оған есім береді. Әлбетте, барлық ата-әже, әке-шеше баласына әдемі, мағыналы ат қоюға айырықша назар аударады. Сонымен қатар есімге үлкен жауапкершілікпен қарайды. Себебі адамдардың есімі сол адамның тағдырына, келешегіне әсер етеді деп топшылайды.
Балаға ат қойғанда қазақ халқы төмендегідей қағидаларды ұстанған:
- Атақты, сыйлы болсын деп халықтың маңдайына біткен азаматтарының атын беру: Абай, Мұхтар, Мұқағали, Оспан, Әлихан, Махамбет, Абылай, Қабанбай, Жәнібек т.б
- Қыз баласының нәзіктігіне қарап асыл тастар, өсімдік, мата, аспан әлемімен астастырып есім таңдау: Шұға, Жібек Бәтес, Гауһар, Күміс, Нәркес, Еңлік, Жұлдыз, Шолпан, Райхан, Роза т.б
- Атты сәбидің дені сау, мықты болсын деген ниетпен қою: Тастемір, Тасболат, Томирис, Шымырбай, Мықтыбай, т.б
- Перзенті шетіней бергенде қоятын есімдер: Аман, Тұрсын, Тоқтасын, Жүрсін, Төлепберген т.б
- Тіл көзден аман болсын деген оймен таңдалатын есімдер: Жаманбай, Қойшыбай, Шұлғаубай т.б
- Сәби өмірге мерзімінен бұрын келсе: Шалабай, Шақторғай т.б
- Ерекше белгілерімен дүниеге келсе: Қалдыгүл, Меңтай, Сүндет, Бармақ (артық саусағына байланысты) т.б
- Діни есімдер: Нұрмұхаммед, Зейнеп, Рамазан, Ислам, Ажар, Айша, Ахмет, Мария т.б
Есім таңдаудағы ерекшеліктер өзге халықтарда да көптеп кездеседі. Мәселен, Африканың кей елдерінде баласына бұрын өмірден өткен жақынының есімін берген. Қайтыс болған қай туысынын есімін баласына қоюды бақсы, балгерлер шешкен.
Австралияда балаға атты оның түшкіргеніне байланыстырып қою дәстүрі бар. Бұл үрдіс былай болады: Әкесі баласының бойынан көргісі келетін қасиеттерді әндетіп атайды. Қайсы атауға келгенде бала түшкірсе сол есімге тоқталады. Кейде баланың түшкіруін күндеп, апталап күтетін кездер болған.
Испанияда әрбір бай адамның 6 есімге құқығы бар, тіпті кейбіреулері 12 есімге ие болады. Ең жоғары лауазымды адамдардың атында шектеу болмайды. Әрбір есім көктегі жебеуші есімі болып саналады, адамның есімі қаншалықты көп болса, оның қорғаушылары да көп болады деген түсінік бар. Бірақ әрбір атау үшін сол атауларды берген шіркеуге ақы төлеуге міндетті. Сондықтан кедейлер мұндай ғұрыпқа жағдайы келмей, бір-екі атаумен шектеледі.
Көптеген мәдениеттерде адамның бірнеше аты бар. Олардың бірі балаға нәресте шағында, екіншісі – жасөспірім шағында, ал үшіншісі – ересек кездерінің басталуымен қойылады.
Мәселен, Қытайда баланың бірінші балалық шағындағы еркелетіп айтатын аты болады. Екіншісі – кәмелет жастағы есімі, азаматтық жасқа толғанда балаға әкесінің тегі беріледі. Бастапқыда мұндай есімдер ер адам есімдерінен кейін қолданылған.
Ал корей халқының түсінігі мүлде басқаша. Атын таңдау кезінде туған уақыт (минутқа дейін) пен баланың тегі маңызды рөл атқарады. Кәсіби маман иероглифтер арқылы бес элементтің үйлесімділігі мен тепе-теңдігін сақтай отырып есім таңдайды. Бұл – болашақта сәттілік әкеледі және осы қағида бойынша таңдалған есім адамды бақытты етеді деп санайды. Балаға есім таңдау шамамен 200 мың вон (170 доллар) тұрады, бірақ оның бағасы «ат қоюшының» танымалдығына байланысты өзгеруі мүмкін. Айтпақшы, ат қоюшымен тікелей өздері хабарласпай, достары арқылы келуі қажет. Баланың атын таңдау 1-2 күнге созылады. Бірнеше ұсынылған атаулардың ішінен біреуін таңдау шарт. Ақырында сәттілік пен өркендеуге кепіл болатын, құпия мағынаны білдіретін иероглифтермен жазылған алтын бедері бар хат шығарылған.
Орыс халқында балаларды туыстарының құрметіне әулиелердің атымен атайтын дәстүр кездеседі. Кейбірі мұрагерлеріне әдемі есім қоюға тырысады немесе еуропалық сәнге айналған есімдерді қояды.
Ал жапондықтар нәрестеге туған күніне, айына, жылына, мезгіліне, жұлдыз-жорамалына байланысты есім берген.
Этнограф, жазушы, фольклортанушы Болат Бопайұлы есім таңдаудың маңызы туралы айтып берді.
– Балаға есім таңдағанда неге мән берген дұрыс? Қандай жөн-жоралғылар жасалады?
– Балаға есім таңдап қою – қазақ салтындағы бар салт пен дәстүрді, әдет пен ғұрыпты, ырым мен тыйымды, кәде мен жол-жосынды түгел бойына қамтыған өте үлкен дәстүр. Жаңа туған нәресте жеті күн өткен соң, кесілген кіндігінің тұқылы түсіп, қол-аяғын серпи бастағанда, қазақ дәстүрі бойынша балаға есім таңдап қойып, бесікке салу салтын өткізеді. Мұнда ең әуелі балаға есім таңдап қоятын адамды таңдайды. Есім қоятын адам, жай адам емес, жұрт ішінде бет-беделі бар, халыққа жағымды, елге еңбегі сіңген, көпті көрген, көп дүниені түйген даңсалы ауыл ақсақалдарын, не аяулы ауыл аналарының бірін таңдап баласына есім қойып беруді өтінеді. Болмаса өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұртының ішінде сондай адамдар болса, солардың біреуін таңдап ұсыныс жасайды.
Қазақтың балаға есім таңдап қоюында төмендегідей талап-тілектер қатаң ескеріледі:
- Балаға қойылған есім естір құлаққа жағымды болуы шарт. Басқалар келеке етпес үшін ең жағымды есім таңдайды. Өйткені баланың есімі өмірге ықпал жасайды. Қазақта "Атына заты сай адам болсын " деген қанатты сөздің маңызы осында жатыр.
- Балаға қойылған есім өз туыстарының ішінде қайталанбауы керек.
- Балаға қойылған есім бір емес, екі дүниеге уәкілдік етеді. Сондықтан кез келген сөзбен мағынасыз есім қоюға тыйым салынады. Таңдалған есім көркем аталып, белгілі мағына беруі керек.
- Ат қоятын адам, баланың оң құлағына үш рет азан шақырып, сенің атың, ... деп айтады. Одан соң сол құлағына үш рет тәкбір айтып, сенің есімің .... деп есімді бекту керек. Сонда оң құлақтан айтқан сөз, сол құлақтан ағып кетпейтін болады деп ырым етеді.
- Балаға ат қойған адам ер адам болса, шапан жауып, ат мінгізеді. Оған шамасы келмесе, шамасына қарай сыйлық кәде жасайды. Әйел болса, көйлек киізіп сауын сиыр не қозылы қой береді. Болмаса жағдайына қарай сый көрсетеді.
- Балаға ат қойған адам балаға ақ батасын береді. Оған үй иелері сый-құрмет жасайды.
- Балаға ат қою үлкен – дәстүр. Бұрынғы байлар ақ түйе, боз бие, атан өгіз, ақ сары бас қой сойып той жасап өткізетін болған.
- Қазақтың балаға ат қою дәстүрі – баланы бесікке салу дәстүрімен бірге өткізілген. Бөлек өткізбеген.
– Қазақ халқы баланың есімін неге байланыстырып қойған? Соңғы уақытта барлық тілде айтылуы жеңіл болсын деген оймен кірме есімдерді қою жиілеп кетті. Мұның халықтың танымына, болмысына әсері болуы мүмкін бе?
– Бағзы замандағы ата-бабалармыз, балаға ат қою дәстүрінде ата салтын жіті ұстанған. Мәселен, жеті аталарында өмірден өткен батыр-балуан, көсем-шешен, ақын-жазушы, әнші-күйші, биші, хан, сұлтан, қажы-қазы, әулие адамдар болса, олардың есімі тарихта қалуы үшін, әрі жаңа дүниеге келген перзент соған тартсын деген ырыммен солардың есімдерін жаңғыртып қоятын болған. Қазақта "Жеті атасы қара көк, қара көктің тұқымы" деген сөз бар. Сол тектілікті сақтап қалу үшін, текті рухты өшірмеу үшін, сол көркем есімді жеті атаға сабақтап сақтап жүру үшін солай қоятын болған.
Ал, қазіргідей басқа ұлттар мен ұлыстардан шыққан жат елдің батырларының есімін таңдап, өз баласына қоюы жарасымды салт емес. Қазақ тілі әлемдегі ең бай тіл, қазақ есімдері әлем адамдарының арасындағы ең әдемі есімдер. Көрген жерден алып, басқаның есіммін таңдап баласына қоя салу – дұрыс емес. Ол есім бала болашағына үлкен әсер етеді. Соны ойлау керек. Қазақ дәстүрін бұзбау керек. Меніңше, өзге ұлттың есімін қою – ана тіліміздің шұбарланып, шырайының жоғалуына алып келеді. Мәселен баласына, қазақтар Эрдоған, Ертұғырыл деп ат қойып жатады, атын естіп қалсақ, ол адамды көрмесек, түрік ұлты ма деп қаламыз. Уақыт өте келе ол адам өз атын зерттей келе түбі бір Түрік еліне бауырмалдығы артып, сол жерге қоныс аударуы бек мүмкін. Елдің қаңсығын ұрпаққа таңсық қылып таңбау керек. Қорыта айтқанда ұрпақ – ұлт келешегі, мемлекеттің ертеңі. Соны ойлау керек.
– Адам есімі тағдырына әсер ете ме?
– Егер, бір баланың есімі жарасымсыз қойылса, онда оның құрбылары мазаққа айналдырады. Күліп, мазақтап, кекетіп, мұқап оның психологиясына жаман әсер қалдырады. Ол бала есімінен намыстанып, еңсесі түсіп, елден ұялып, дүйім жұрт жиналған жерге бармай қоюы, тіпті өмірі қысқарып кетуі ғажап емес. Сондықтан қазақ дәстүрі мұндай келеңсіздікке жол бермейді. Бала есімімен бақытты деп ырым етеді. Мәселен, Бақыт, Бақытгүл деген есімдерді бала бақытты болсын деген ырыммен қоюы соны түсіндіреді. Сонымен қатар Қайрат, Жігер сияқты ер азаматтардың қайсыбірін көрсек те "атына заты сай", "Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты" болып келеді. Қазағымыздың маңдайына біткен жарық жұлдызы – Роза Бағланованың құрметіне қойылған күміс көмей, жезтаңдай аруларымыз – Роза Рымбаева да, Роза Әлқожалардың да өмірі өнермен өрілгені де кездейсоқтық емес болса керек.
– Сәтсіздіктен есімдерін өзгертіп жатады, соған көзқарасыңыз қалай? Аты өзгерген соң жолы ашылып кеткен жандарды кездестірдіңіз бе?
– Ісі, жұмысы сәтсіз болып қалса, не ойлаған арман-мақсаттары іске аспаса, оны есіммен байланысты іске аспай қалды деп өзгерту дұрыс емес. Ал есімі құлаққа жағымсыз, не мағынасы жоқ есім болса, онда есімін жақсы мағынасы бар есімге ауыстырса болады. Өйткені өзіне ұнамаған есім көңіл-күйіне әсер етіп, істейтін жұмысына психологиялық жақтан ықпалын тигізуі ғажап емес.
Аты өзгерген соң жолы ашылуы – өзіне ұнамаған есімнен кеткен соң көңіл-күйі көтеріліп, жігері тасып, ынтасы арта түседі. Құдды дүниеге жаңа келгендей құлшына өмір сүреді. Адам есімі адамның арман-мүдесіне осылай ықпал етеді. Бірақ, жөні осылай деп есімін келсін, келмесін жол ашудың дәстүріне айналдыруға болмайды.
– Аттас адамдардың мінез-құлықтары ұқсас болады деп жатады? Мінез қалай қалыптасады сол туралы айтсаңыз:
– Аттас адамдардың мінез-құлқы бір-біріне тартады. Мұнда мінез екі түрлі жолмен қалыптасады. Бірі – тума мінез, екіншісі – жұқпа мінез. Тума мінез қанды, генді, текті қуып жалғасқан мінез. Ал жұқпа мінез – оқыған кітаптан, мектептен, көрген кинодан, ұлтан, ұлыстан, айналадағы адамдардан еліктеп жұқтырып алған мінез.
Тек мінез жеті аталық мінез. Сондықтан жеті аталық мінез ұқсас болады. Қазіргі адамдар 90% жұқпа мінезде өмір сүріп, жұқпа мінезді есімдер қойып жүр. Ғаламторлық ғасыр адамдары – жер бетінде бір ауылдың адамдарындай жұқпа мінезде өмір сүріп жатыр.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Пікір қалдыру