Соңғы жылдары Алматыда феминисттік ұйымдар 8 наурызда митинг өткізіп келеді. Биыл қала әкімдігі "митинг өткізуге арналған орындар бос емес" деп митингке рұқсат бермеді. Бұған қарсылық ретінде феминистер митинг үшін митинг деген ұранмен бейбіт акция да ұйымдастырды. Фембике, гендер тақырыбын зерттеуші Айгерім Құсайынқызы Қамшыға берге сұхбатында феминистер митинг арқылы не айтқысы келетінін, Қазақстандағы әйел құқығы мәселелерін сөз етті.
– Феминисттік ұйымдардың митингке шығудағы мақсаты қандай?
– Біз Қазақстан Республикасының барлық саласында әйелдердің еркектермен тең құқыққа ие болуын, тең жалақы алуын, сайлауға теңдей қатысуын қалаймыз. Қазақстан Республикасындағы гендерлік статистикаға сәйкес әйелдер мен ерлердің арасындағы жалақы алшақтығы 25% құрайды. Яғни әйелдер еркектерден 25% төмен жалақы алады. Ал 2022 жылғы көрсеткіш бойынша сенаттың 9%-ы, мәжілістің 27, үкіметтің 10%-ы ғана әйелдер болған. Біз әйелдердің сайлауға қатысу үлесі 30-40%-ға көтерілгенін қалаймыз. Педагогика, медицина сынды салаларда әйелдер басым, бірақ сол салалардың өзінде топ-менеджменттегі әйелдер саны 30%-ға да жетпейді. Біз осындай дизбаланспен күресеміз. Кейбір скептиктер "заң бойынша барлығы тең" деп жатады. Иә, заңда барлығы керемет жазылған. Еркек пен әйелді жынысына қарай бөлуге болмайтынын конституцияның 44-бабында айтады. Және бұл бойынша басқа да заңдар қабылданған. Бірақ практикада іске асып жатқан жоқ, себебі біздің қазақ қоғамы өте патриархалды. "Отбасының да, мемлекеттің де басында еркек тұру керек, еркек отағасы, әйелдің орны ошақ басы, әйел еркектің қабырғасынан жаралған, Құдай алдында әйел еркек үшін жауап береді" сияқты заңға қайшы ұғымдарға пропаганда жасаушылар көп. Сондықтан феминисттік ұйымдардың мақсаты әйел теңдігін тек қағаз емес, іс жүзінде жүзеге асыруға ұмтылу, мемлекеттен әйел құқығын талап ету.
Біз 2021 жылы 8 наурызда митинг және шеру ұйымдастырған болатынбыз, ал былтыр тек митинг болды. Биыл әкімдік желтоқсаннан бастап жазған өтініштерімізге бас тартып келеді. Алайда тура сол күні еріктілер лигасы деп аталатын ұйымға аналар күніне арналған өте абсурд тақырыпқа арналған шеру өткізуге рұқсат етті. Бірақ заң бойынша аналар күні 8 наурыз емес, 19 қыркүйек. Ал 8 наурыздың тарихына үңілсек, бұл – әйел құқықтарының эмансипациясы күні. Бұл мейрам әйелдерге гүл мен кәмпит сыйлайтын мейрам емес. Ал митингтің мақсаты – Қазақстандық әйелдердің мәселесіне мемлекеттің, халықтың назарын аудару.
– Биыл әкімдік митингке неліктен рұқсат етпеді деп ойлайсыз?
– Біз алғаш митингке шыққанда гендерлік мәселеде өте сауатсыз медиалар, Бекболат Тілеухан, Алтынай Жорабаева сынды тұлғалар президентке "бұл – феминисттердің емес ЛГБТ өкілдерінің митингі" деп хат жазды. Сол үшін қоғамда феминисттерге қатысты негатив пікір қалыптасып қалды, бірақ бұл – негізсіз айыптау. Себебі гендерлік зерттеумен айралысып жүрген немесе кез-келген сауатты адам феминист пен ЛГБТ өкілін ажырата алады. Меніңше, мемлекет біріншіден осындай қоғамдық резонанстан қорыққан сияқты. Ал екінші себебі Қазақстанда гендерлік саясат отбасылық саясатпен қатар жүреді. Біздің әкімшіліктегі адамдардың көпшілігі еркек екенін ескерсек, олар әйелдердің мәселесіне емес, патриархалды құндылықтарды күшейтетін шараларға басымдық береді. Ал әкімдіктен келген ресми жауаптарды "8 of march" сайтынан көре аласыздар.
– Митинг үшін митингке әкімдік жауабына наразылық есебінде шығып жүрсіздер ме?
– Иә. Бізге екі сағатқа рұхсат берілді. Біз сол екі сағатта әкімдіктің бос алаң тауып бере алмауы құқығымызға қарсы екенін айта отырып, 8-наурызда алаңды беруін талап еттік. Мемлекет кез-келген Қазақстан азаматының саяси құқығын шектемеуі керек.
– Қоғамда феминисттерге деген көзқарас әртүрлі. Феминистер айтатын ұрандар "Ұлттық құндылықтарымызға қарсы" деп жататындар да бар. Бұл жайында не ойлайсыз?
– Көзқарас әртүрлі болуы керек. Біз "тек партияның айтқаны дұрыс" деген патрархалды-диктаторлы КСРО-да емес, демократиялы қоғамда өмір сүреміз. Қазақстанда саяси пікірлердің әртүрлілігі құпталады. Біз де оны құптай отыра, өзімізге келетін сыни-критиканы жақсы қабылдаймыз. Бірақ ол критиканың көпшілігі ғылымға, фактке емес, дінге, дәстүрге негізделген. Біз тек зерттеуге, нақты санға, заңға сүйенеміз. Соған қарап-ақ кімнің аргументі күшті екенін көруге болады. Сондықтан "ұлттық құндылығымызға қарсы" деп даттайтындар менің көзқарасымда сауатсыздар және конституцияны ашып оқымағандар. ҚР конституцияның 14-бабында "әйелдерді жынысына бола кемсітуге болмайды" деп анық жазылған. Бірақ қай саланы алмаңыз жұмыста, саясатта, бизнесте әйелдерді жынысына қарай кемсітеді. Тіпті, әйелдерді "шынытөбе", "жабысқақ еден" деп кемсітулер бар. Сондықтан кемсітулерге қарсы құқығымызды талап етеміз және талап етіп отырғанымыз аспандағы Айды алып беру емес, Қазақстанның құжаттарында жазылған, "иә, мен оны орындаймын" деп уәде берген заңдардың жүзеге асуы. Бізге қарсы шыққан адамдар бірінші сауатты болып алса деген тілегім бар.
Феминизм бүкіл әлемге керек. БҰҰ мойындаған 193 мемлекеттің барлығында феминизм бар деп айта алмаймын. Мысалы Иранда, Ауғанстанда қыздарға мектепке баруға тыйым салды. Феминизмді дамыту арқылы біз Қазақстандағы экономиканың, ЖІӨ-нің, қоғамның, адам капиталының дамуына оң әсер етеміз. Еңбек нарығында әйелдер артуы оң өзгеріс әкеледі. Бұл – дау туғызатын мәселе емес. Бұл – факт, бұл – ғылым. Ол бойынша миллиондаған зерттеулер мен халықаралық ұйымдардың Қазақстанға ұсынған кеңестері бар. Феминизмсіз біз дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосыла алмаймыз.
– Қазақстандағы әйелдердің қасіресі қандай?
– Қазақстандық әйел деген бір-ақ типаж емес. Мысалы, медиада қазақ әйелін ана кейпінде, нәзік, сыпайы, дауыс көтермейтін, саясатқа ұмтылмайтын әйел түрінде немесе "Келінжан" деген сериалдағы ұрысқақ әйел бейнесінде көрсетеді. Қазақстандық әйелдердің барлығы ондай емес екенін түсінуміз керек. Қазақстан халқының 51% әйелдер. Олар әртүрлі. Ол чайлдфри, ол ғалым, ол бисексуал, ол шетелдікке тұрмысқа шыққан, ол оппозиционер, ол спорттағы әйел болуы мүмкін. Әйелдердің барлығына бір стандарт қоюға болмайды. Әйелдер әртүрлі, демек оларды мазалайтын мәселелер де әртүрлі. Мысалы, ғалым әйелдер академиядағы сексизммен, ауыр өнеркәсіптегілер кейбір жұмысқа жіберілмеумен, ректор әйелдер академиядағы эйджизммен күреседі. «Мамандығың қыздардікі емес» деп әйелдің таңдауын сынаушылар да кездеседі. Мәселе өте көп, бірақ біз әр митинге бір тақырып қана аламыз. Осы жолғы митингке алған тақырыбымыз сексуалды харрасмент, сексуалды зорлық-зомбылық. Ресми статистикаға сәйкес, елімізде жылына 400 әйел күйеуінің қолынан қаза табады. Күніне орта есеппен бір әйел өмірмен қоштасады деген сөз. Бұл – өте қорқынышты көрсеткіш, демек біздің еліміз адам өмірін бағаламайды.
– Қазақ қоғаммында әйелден қандай кемсітуге жиі ұшырайды?
– Қазақстанда билікке ұмтылған, пікірін ашық айтатын әйелдерді еркектер ұнатпайды, қорқады немесе нәзік жанды санайды. "Нәзік жанды" деген сөздің өзі адамды кемсіту. Еркек пен әйел физиологиялық тұрғыдан әртүрлі. Еркектер өмірге бала әкелмейді, әйелдер Қазақстанда әскерге бармайды. Біз физиологиялық ерекшелікті айтпаймыз. Экономикада, саясатта, білім беру саласында құқықтарының шектелуі кез-келген әйелдің басынан өткен. Құрбан оны түсінбеуі де мүмкін. Бірақ ол феминизм теориясы мен адам құқығын оқу арқылы өзін сауаттандыра алады. Статистикаға сәйкес, әр үшінші әйел жынысы бойынша кемсітуге ұшыраған "Сен қызсың ғой қатты сөйлеме, нәзік бол" сынды сыни-пікірлер менің жеке тәжірбиемде де көп кездесті. Біз сондай таптаурындармен күресеміз. Және онымен феминисттер ғана емес, мемлекет күресуі керек. Себебі Қазақстанның заңы бар, бірақ мемлекет әйел құқығы үшін күресіп жатқан жоқ. Біз мемлекет саясатындағы осы кемшілікті көрсеткіміз келеді.
Сұхбаттасқан Айым Нұрсапа
Пікір қалдыру