Қалаға келген әрбір қазақ баласы әлі күнге дейін орыстың тілінен таяқ жеп жүр. Журналист Бэлла Орынбетова айтады:
– Мен орыстанған Жезқазғанның тумасы болсам да, үйде біз қазақша сөйлейтінбіз. Бірақ балабақшаға барғанымда орыс тілінен әбден қорлық көрген екенмін. О кезде бала болған соң білінбеген шығар. Қазір ойлап қарасам, мен үшін өте сұмдық жағдайлар орын алған екен. Тәрбиешіміз «Сен орыс тілінде қате сөйлейсің, дұрыстап сөйле!» деп ұрысатын. Бір тәрбие сағатында «тақпақты орыс тілінде дұрыс айта алмайсың. Одан да қол шапалақтап отыр, өнерің сол болсын» деп, мені көрермен орнына отырғызып қойды. Мен соған сеніп, мәз болып, қолымды қатты-қатты соғып, шапалақтай беріппін. Қазір ойласам, бұл мен үшін үлкен жарақат болған екен, – дейді.
Бұл – қалаға келген әр қазақтың басынан өтеді. Әлі күнге дейін.
Әлі күнге дейін жұмыс істеп, нан табу үшін, тіпті дүкеннен зат алу үшін орыс тілінде сұрау керек болып жатады.
Тіл маманы Назгүл Қожабек:
– Ана тілім үшін күресуім – отбасыма көп кесірін тигізді. Мен орыстілді шаңыраққа келін болдым. Қайын атам қазақ та, енем өзбек ұлтынан болатын. Үйде бір ауыз қазақша сөйлеспейтін. Кейін аяғым ауырлаған кезде «менің балам орыс тілінде сөйлеуі керек пе?» деген ой мені жегідей жеді. Ақыры «жоқ, бұлай болмайды, туған баламмен қазақша сөйлесуім керек» деп, үйде қазақша сөйлей бастадым. Содан бері жолдасым да қазақ тілінде таза сөйлеп үйренді. Бірақ бұнымыз енеме ұнамады. Сол үшін енеммен арамыз нашарлап кетті, – дейді.
Иә, орыс тілі – қазақ даласына күшпен енді. Бірақ сосын өзіміз, өз еркімізбен қуана сөйлеп кеттік.
Орыс тілі – әлі де отарлаушылық құралы ма, әлде ғылым-білім көзі ме?
Неге әлі күнге дейін орысша сөйлеу – қала мәдениетінің белгісі болып саналады?
Неге?
Кей сарапшылар «қоғамның қай тілде сөйлейтіні түк те шешпейді» деп, мысалға бірнеше ресми тілі бар Канада сияқты елдерді келтіреді екен. Онда неге біз дамуымыз, тұрмысымыз жағынан Канада құрлы болмадық?
Бәлкім, қазақтың дүр сілкінуін ақиқатында орыспен бірге келген осы жүйеміз мен орыс тілі тежей ме екен?
Пікір қалдыру