Оқушыны ұру кеңестік жүйеден қалған

/image/2023/10/06/crop-0_14_576x1024_132140718000.jpeg

Бірде бір-бірін аяусыз соғатын оқушыларды көрсек, кейде ұстаздар өз пәнімен бірге адам ұрудан да сабақ беріп жатады. Әскерге дайындағаны ма, кім білсін, әйтеуір, сөзі өтпеген ер балаларға күш көрсету деген ескі әдеттері әлі қалмапты.

Ақмола облысы Аршалы ауданында мектептердің бірінде мұғалім оқушының басын тақтаға соққан  видеосы желіні шулатты. Сондағы педагог сөзі: "Не істеп отырсың? Неге мені сыйламайсың?».

Кейін анықталғандай оқушының бар айыбы – рұқсатсыз артына бұрылып, қалам сұрағаны екен. Дәрежесін ғана көрсетпек болған мұғалім бағынбаған оқушыларды ортаға шығарып тәртіпке салмақ болады.

Білімнің басы – өзгелермен қарым-қатынас жасап үйрену. Құрмет сұрамастан бұрын, оның қандай болу керектігін көрсеткен абзал болмай ма?

Қазір дәлел болатын видео әлеуметтік желіде халық наразылығын тудырғанда ғана кінәліні жазалау қолға алынады. Дүрбелеңнің арқасында істің аяғы білім басқармасына жетіп, қатаң шара қолданылды.

"5 қазанда Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы мектепте болған оқиға дерегі бойынша мектептің тарих пәні мұғалімінің іс-әрекеті педагогикалық әдеп жөніндегі кеңесте қаралды. Мектеп директорына тәрбие функцияларын орындайтын қызметкердің әдепсіз теріс қылық жасағаны үшін қызметінен босату ұсынылды. Тарих пәнінің мұғалімі Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексі негізінде жұмыстан босатылды. Мектеп директоры мектеп мұғалімінің педагогикалық этика нормаларын сақталуын дұрыс бақыламағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды", – деп жауап берді Ақмола облысы білім басқармасы өкілдері.

Басқарма мәліметінше, 5 қазандағы №119-Б бұйрығымен тарих пәнінің мұғалімі ҚР Еңбек кодексінің 54-бабының 1-тармағының 14- тармақшасының негізінде жұмыстан босатылды. 

Осы мәселеге қатысты Qamshy.kz психолог Серікгүл Сәлиден пікір сұрады:

– Мектепте ұстаз тағы да оқушыны ұрды. Қазір басқа заман, қоғам мұндайды бұрынғыдай қалыпты қабылдамайды. Мектеп ордасын зорлыққа бейім ұстаздардан қалай тазарта аламыз?

– Бұл өзекті сұрақ. Мұғалімдер тарапынан зорлық-зомбылық жасалып және балалар ортасына да жауыздық, бір-біріне деген жек көрініш сезімін тудыратындар бар. Олар педагог ретінде, жалпы тұлға ретінде өз өміріндегі қиындықтарының шешімін тауып, ішіндегі гармонияға жете алмаған адам кез-келген стресстік жағдайда не бір фуструациялық күйге түскенде осылай жауыздыққа барады. Бұған психиатрдың сау деген қағазы ғана емес, маманның бір реттік сауалнамасы да жеткіліксіз болуы мүмкін. Себебі адам күйі ауысып отырады. Белгілі бір уақыттан кейін жақынын жоғалтса немесе үйінде сондай тәуелді бір адам пайда болғаны сияқты ауыр стресстке кезіккенде, қоғам алдында өзін қалай ұстайтынын білмей қалады. Сол үшін оқушыларды ғана емес, жалпы мектеп қызметкерлерін түгел бақылайтын психолог керек.

– Ұстаз оқушыдан құрмет талап етеді. Сыйластық екі тараптан да болуы міндетті емес пе? Жалпы ұстаздардың құрметті күшпен талап еткеніне маман ретінде қандай пікір айтасыз?

– Ұстаздық деген құрметті мамандық. Мен бәрін білемін, білгенімді үйретемін деген іштегі қалаудан ұстаз болады. Бірақ білімнің тереңдігінен емес таяздығынан осыны пайдаланып, өздерін көтермелейді. Себебі олардың бойында халық өзі беретіндей сый-құрметке лайық білім, қарым-қабілет жоқ. Бұндай адамдардың ағайын-туыспен де байланысы нашар болады, «мені сыйламадың» деп тез өкпелеп қалады. Өзіне сай мамандықты жетік меңгергенде, мақтау сөзге мұқтаждығы артып, мойындату мен қолпаштауға деген қалаудың қақпанына түсіп қала береді. Өмірге келген адамдардың тек 20%-ы ғана дәрігер, мұғалім сияқты іргелі маман иелері туады және олар зорлық-зомбылыққа бейім келеді. Ұру деген – бұлардың қылмысы.

– Ұрудың психологиясы қандай? Молдадан бастап, кеңестік жүйеде де оқушыны ұру қалыпты еді. Заман ауысса да, әдет неге қалмады?

– Адамның санасын игеру, белгілі бір тәртіппен өмір сүргізу, жалпы басқару тек қорқыту арқылы іске асады. Бұл бір он жылдық  емес, мыңдаған жылдық тәжірибеде қалыптасқан. Қорқыту арқылы діттеген мақсатыңа жету анағұрлым оңай. Сондықтан бізде барлық нәрсе күш аясында құрылған. «Аюға әліп үйреткен таяқ» деген сөз де осыдан шыққан. Қорқыту қашан да актуалды, оның ең жеңілі – таяқ жегізу. Сол қараңғылықта біз әлі отырмыз. Әлемдегі дамыған іргелі елдердің жүйесінен бұл система кеше ғана алынып тасталды. Ал біздің тазалануымыз үшін әлі де уақыт керек. Егер қорқытпасам, қалай басқарамын? Әрине, төзімділік танытып ақылмен басқарамын. Сана сезімі төмен адамдарға бұл қашан да ауыр болмақ.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, психолог айтқан құнды сөзбен тәмамдасақ, балаға дұрыс тәрбие берілмеудің кесірінен қоғамда жан-жарасы көп, елдің дамуына үлес қоса алмайтын, ең жақсысы паразит сияқты күн кешетін, ең сорақысы дегені жауыз тәрбиелеп жатыр.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар