Қазақ митингке еріккеннен шықпайды

/image/2023/10/12/crop-5_2_354x629__122605520_tass_50189870.jpg

Қазақ халқы қашанда өз тыныштығын қадірлеген ел. Десек те, халық митингке еріккеннен шықпайды ғой, әділет аяққа тапталып, халықтың мұңы ескерусіз қалғанда, қымбатшылық аяздай қарып қысқанда, басқа амалы қалмағаннан шығуға мәжбүр. Қарапайым халық үкіметтен ешқашан жоқты талап еткен емес. Ата-бабамыздың етігімен қан кешіп, жанын пида етіп, аманат қылып қалдырған жеріміздің қойнауы тұнып тұрған қазына. Атадан балаға мирас сол иен байлықтың қызығын кімдер көруде, ұлан байтақ жеріміздің қазынасы неге тістегеннің аузында, ұстағанның қолында неге кетіп жатыр?! Мемлекет неге дәрменсіз? Мәселе сонда. Халық соған ашынады. Ел тізгінін ұстағандар тек өз басының қамын күйттейді. Біреулер ескі Қазақстанды «келмеске кетіріп» жаңа Қазақстан құрамыз деп, жар салды. Дұрыс делік. Оған да үн қосуға қақымыз бар! Содан нақты не өзгерді?

Жаңа Қазақстаннан бұрын қымбат Қазақстанды көрдік. Теңгең тиынға айналуда. Ескі Қазақстанның «жаңа кадрлары», көзбояу қылып атауын өзгерткені болмаса, сүйегі саудыраған «ескі партия өкілдері». «Біз жаңардық» деген құрғақ ұранмен ештеңе өзгермеді. Сол ескі сүрлеуде жүргендейміз, талап таудай болғанымен өзгерісті қаламайтын қарсылық көп.

Қаңтар көтерілісі газдың қымбаттауынан басталды дейді. Енді газ ғана емес, барлық нәрсе қымбаттап кетті, халық тиын санап жүр. Егер митингке тек қана қымбатшылық себеп болса, халық ендігі неше рет көшеге шығар еді ғой. Халық тыныштықты қалайды. Қаңтар оқиғасы қымбатшылықты желеу етіп қолдан ұйымдастырылды. Қаңтар көтерілісіне халықтың жай-күйін пайдаланып от қойған ескі Қазақстанның билікке ұмтылған дәулетті адамдары тұрғаны бүгінде көзі қарақты әрбір жанға белгілі. Бұл жоспарлы түрде ұйымдастырылған арандату болды деп санаймын. Әрине, жеке пікірім.

Қазір де ол қауіп толық сейілді деп айта алмас едім, өйткені билікті аңсаған билікқұмар адамдар ештеңеден тайынбайды. Олар үшін қымбатшылық, туындайтын наразылықтар билікке жетудің тікелей  құралы. Шыдамның да шегі бар, қымбатшылық дер кезінде ауыздықталмаса, бұл теріс пиғылдағы адамдардың қолындағы «қауіпті қаруға» айналып кетуі әбден мүмкін.

Сондықтан қазіргі осал тұсымыз – жаппай қымбатшылық, халықтың әл-ауқатының төмендеуі. Сыртқы күштер тарапынан қасақана жасалып отыруы да кәдік. Жаман айтпай жақсы жоқ, егер өңірлерде қаңтардағыдай ірі толқулар туындап кетіп жатса, аузы күйген халық белсенділері арандатушыларға жол бермеуге барын салып тырысатыны анық. Данышпан Абай «көпте ақыл жоқ, ебін тап та, жөнге сал» дейді. Бірақ елірген көп сөз тыңдамайтын тобырға айналса, ие бола ала ма? Митинг ұйымдастырушылар осы жағын қатты ескеруі тиіс.

Арнайы тапсырма алатын арандатушылар «өз істеріне» білек сыбана кіріседі ғой, мәселенің күрделілігі сонда. Оның үстіне елімізде бел алған түрлі діни ағымдар, сыртқы және ішкі жасырын күштердің ұрымтал сәтті құр жібермей өз пайдаларына шешуге, биліктің қомақты бөлігіне қол жеткізуге барын салатыны анық. Бұл жерде оларды қолдап отырған үлкен күштер араласады, өйткені қаражатсыз ештеңе шешілмейді. Тақауда діни ағымдардың үкіметке азу көрсетіп, түрлі талаптар қоя бастауы біраз нәрсені аңғартса керек қой...

Егер халық арасында ондай екіге бөлінген текетірес туындап кетсе, Тәуелсіздік үшін нағыз қауіп сол болады. Митинг еріккенің ермегі емес, аса абай болған жөн, ашынған халық енді көтерілсе ешкімді аямайды.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, біз туындаған қиындықтардың салдарымен күресуді әдетке айналдырып алдық, ал оның шығу себебі неде, оған аса бас қатырғымыз келмейді. Өрттің тұтануы оңай, өшіру қиын, зардабы ауыр, соңында қасірет тартып жылап қалатын алданған халық болады. Халықтың туған жерінен басқа барар жері, басар тауы жоқ, өз жерінде тыныш, бақуатты, лайықты өмір сүргісі келеді. Басты құндылығы – татулығын, береке-бірлігін қастерлеген азғантай ғана елміз, қазіргі алмағайып заманда басты құндылық сол ғой.

Әділетті қоғам орнамай, бәрі бекер екені ақымаққа да аян, қазіргідей сөз жүзіндегі даурықпа емес, іс жүзіндегі әділетті қоғам керек. Үкімет қазір «эксперимент» жүріп жатыр, там-тұмдап еркіндік беріліп, азын-аулақ халықшыл депутаттардың үндері естіліп жатыр.

Идеология ақсап тұр, өңірлерде тек жергілікті биліктің көңілінен шыққан жағымпаздар марапатталып төрге шығуда, ал шындықты айтқан адамдарды шеттету елдің наразылығын, үкіметке деген сенімсіздік тудырады. Қиыршықтан тау, тамшыдан теңіз құралатыны сияқты әр жердегі наразылықтар жинала берсе, дауыл тұрады.

Жаңа Қазақстанды шын ниетпен құрғымыз келсе, шенеуніктер шындыққа тура қарауды әдетке айналдырып, айтылған сынды дұрыс қабылдап, анализ жасап, қара басының қамын емес, халықтың жай-күйін ескеріп, өз міндерін түзегені жөн. Әркім өз орнында отыруы тиіс.

Халықтың көпшілігі әлі де үкіметке үмітпен қарап, әділдік күтуде, ол әділдік – елді 30 жыл тонап, шетел асқан жоғары лауазым иелерінің халық алдында жауапқа тартылуы! Бұл халықтың билікке деген сенімін ұлғайтады.

Әзірше, мемлекет тарапынан ондай белсенділік өте баяу. Біз онсыз да 30 жылды текке өткізіп алдық. Халықты «шыдай тұр, пәлен жылдан соң жағдай жақсарады» деген күлбілтелеген ертегімен алдауды доғару қажет!

Құрметпен, Ерлан Шаяхметұлы,

Семей тұрғыны,

Семей қаласы гербінің авторы

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар