«5 жыл бойы фермада еңбек етіп, «құлдықта» болған балаларға, Ұлытауға барып келдім. Ұлытау облысы әкімі Берік Әбдіғалиұлы, прокуратура, ІІМ-мен аталмыш істің мән-жайы мен қажетті шараларды зерделедік. Ақпанның басында облыстық прокуратура мен қамқоршылықтың мобильді топтарының тексерісі нәтижесінде бір отбасынан шыққан үш бала - бір қыз және екі ұл анықталды. Патронаттық отбасы оларды балалар үйінен 2018 жылы, балалар 14, 12 және 8 жаста болғанда алған. Балалардың үлкендерін қаладан 20 шақырым қашықтықтағы өз фермаларында ұстап, мал бағуға мәжбүрлеген. Фермада екі үйір жылқы және 18 сиыр бар» деп жазды Қазақстандағы бала құқықтары бойынша уәкіл Динара Закиева желіде.
Фермада болған комиссия мүшелері балалардың өмір сүру жағдайларын көріп, жағаларын ұстаған. Ал балалардың үсті-басы адам шошырлық. Денелерінің әр жері тыртыққа толы, көгерген, үстері кір-қожалақ, киімдері жыртық. Әбден жадап-жүдеген. Көздерінде ұшқын да жоқ. Осыдан-ақ үр тоқпақтың астына алынған балалар екені көрініп тұр. Ал оларға мемлекеттен берілетін жәрдемақыны қамқоршы өз қажеттіліктеріне жұмсап келген.
«Балалардың үлкені – қыз бала, колледж бітірген, алайда іс жүзінде сабаққа бармаған. Ортаншы ұл бала да колледжде «оқиды». Органдар оқу орындарын тексерсе, оларға үнемі балалардың ауырғаны туралы анықтамалар ұсынылып отырғаны анықталған. Қамқоршы қыз баланы жұмыс істемесең, не шағымдансаң, бауырларыңды көрмейсің деп қорқытқан. Белгілі болғандай, бұл қамқоршы жақында патронатқа алуға болатын басқа да балалар бар ма деп сұрастырған екен», дейді Зәкиева.
Қазір балалар бірге, қауіпсіз жерде. Оларға психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Облыс әкімі балаларға қолайлы жағдай жасау, көмек көрсету, балардың қайда тұратынын, қайда оқитынын жеке бақылауына алды.
Ал бүгін асыранды балаларын бес жыл бойы қара жұмыс күші ретінде пайдаланған өгей ана қамауға алынғаны белгілі болды.
“Кеше атқарылған жұмыс кезінде Ұлытау облысында балаларды құл қылған әйел ұсталып, тергеу изоляторына қамалды”, деп жазды омбудсмен.
Пікір қалдыру