Нақты айтқанда, үйінде бір айдан көп жатып қалған қонағын уақытша тіркеуге қоймаған отбасылар жазаланады.
Елімізде әр азамат тұрғылықты жерінде тіркеуде тұруы тиіс. Бұл тіркеудің негізгі мақсаты – бір жерден екінші жерге түрлі себептермен келген адамдардың санын білу. Тұрғылықты жер бойынша тіркелу үшін интернет жүйесі мен 15 минут бос уақытыңыз болса жеткілікті. Ал мекенжай бойынша тіркелмеген азаматтарға айыппұл салынады.
Қазақстанның өзге қаласына бір айдан астам уақытқа сапарлап барған адам міндетті түрде сол жерде тіркелуі керек. Мұндай тіркеу – әлемде қалыптасқан үрдіс. Біздің елімізде де тұрғылықты жері бойынша немесе уақытша тұрғын жері бойынша тіркеу заңмен қарастырылған. Оған ел Үкіметінің 1993 жылғы «Қазақстан Республикасындағы паспорт жүйесі туралы ережені», 2000 жылғы «Халықты құжаттандыру ережесін» және 2011 жылғы «Ішкі көші-қонды тіркеу ережесін» мысалға келтіруге болады. Демек, біздің заң азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеуді көздейді. Сонымен қатар, мұндай міндет «Көші-қон туралы» заңда да қарастырылған.
Сондай-ақ, Қазақстан заңнамасы бойынша уақытша тіркеу тұрғылықты жерін бір айдан астам уақытқа ауыстырған кезде берілуі тиіс. Яғни, бір ай немесе одан да көп уақытқа басқа мекенге көшкенде (мысалы, оқуға, іссапарға, туыстарының үйіне кеткенде және үй жалдаған кезде), сонымен қатар қала немесе аудан ішінде тұрғылықты жерді ауыстырған кезде де уақытша тіркеуге тұру қажет.
Пікір қалдыру