Президенттің жұмыс сапарында түрлі келіссөздер өтті

/uploads/thumbnail/20250219221644160_big.webp

Қазақстан Президенті Тоқаевтың Иорданияға сапары қызық бір кезеңге сәйкесіп қалды. Еуропа мен АҚШ-тың Украинаға қатысты ұстанымдарының арасында қайшылық пайда болған тұс қазір. АҚШ өкілдері мен ресейліктер кеше Сауд Арабиясында кездескен. Парижде алашапқын болып жатыр. Израиль мен «Хамас» әлгі атысты тоқтату туралы келісімді әупірімдеп сақтап тұр. Ал Тоқаев жұмыс сапарымен барып, кездескен Абдалла II өткен аптада Трамппен жолыққан. 

Әрине Қазақстан басшысының сапары осы оқиғалар қарсаңында әдейі ұйымдастырылған жоқ. Жай ғана сәйкестік еді. Бірақ Таяу Шығыста беделі біршама жоғары саясаткермен кездесудің бізге біраз пайдасы болып қала ма деп үміттенемін. Әлбетте президенттің жұмыс сапарында түрлі келіссөздер өтті. Біраз құжатқа қол қойылды. Ел басшылары экономикадан бастап туризмге, логистикадан цифрландыруға дейін көптеген маңызды мәселелерді талқылағпты. Әдеттегідей екі жақ Қазақстан мен Иорданияның сенімді серіктестер екенін атап өтіпті. Кездесуде маңызды экономикалық мәселелер де қаралған: өнеркәсіп, инвестиция мен бейбіт атом энергетикасы салаларында бірқатар келісімдерге қол қойылыпты. Бірақ маған Ақорда таратқан мәліметтердің ішіндегі: «Сонымен қатар Мемлекет басшысы мен Иордания Королі халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты»,-деген сөйлем қызығырақ. Әлбетте ешкім дәл осы сөйлемді тарқатып айтпайды. Дипломатия дегеннің өзінде құпия көп қой. Соның бірі болар. 

Жалпы, білетіндер Абдалла ІІ Трамппен тәуір байланыста деседі. Газа секторындағы атысты тоқтатуда біраз рөлі болғанға ұқсайды. Енді осы саясаткермен біздің басшы не мәселені сөз етті екен деген сұрақ қалды көкейде. Бәлкім Қазақстанның сыртқы саясаттағы ұстанымдарын таныстырған шығар. Дау-жанжалды тек келісімдер арқылы шешу дейтін ұстанымды пысықтаған болар. Ол жағын білмеймін. Бірақ араб әлеміндегі ықпалды күшпен арамыздың жақсы болғанынан ұтыла қоймаспыз.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар