Тоқаевты «тыңдаған». Pegasus тыңшылық құралы әлі қолданыста ма? 

/uploads/thumbnail/20250702155045828_big.webp

Израильдік NSO Group компаниясының Pegasus бағдарламасын әлемде 45 елдің үкіметі қолданатыны бес жыл бұрын әшкере болған. 2021 жылғы ірі зерттеу Қазақстан президенті, премьер-министрі сынды лауазым иелері мен азаматтық белсенділердің телефоны да тыңдалғанын анықтаған. Жақында АҚШ-тағы сотта компания бұл өнімді пайдаланып отырған үш елді атады. Бұл құрал қазір де қолданыла ма? Одан қалай қорғану керек? Бұл туралы «Azattyq.org» өз зерттеуін жариялады. 

«Azattyq.org»-тың жазуынша бұл тыңшылық құрал 2 мыңға жуық қазақстандыққа қолданылған. Олардың ішінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, сол кездегі премьер-министр Асқар Мамин, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев сияқты адамдар болған. Бұдан бөлек осы тізімде журналистер, белсенділер, құқық қорғаушылар, бизнесмендер мен басқа да азаматтар бар.  

OCCRP зерттеушілері кибершабуыл нысанасына көптеген елдің жоғары лауазымды тұлғалары кірген, бірақ көбінде аңдуға тапсырысты көрші мемлекеттер берген деп жазды. Алайда Қазақстанға қатысты бөлікте мәлімет сәл өзгеше. Зерттеу авторлары Қазақстан азаматтарын "өз үкіметі" аңдыған деген тұжырымға келген.

Тыңшы бағдарлама жасап шығарған компания өкілі сотта атамай, жасырып қалған ондаған мемлекет бар. Журналистер дерегіне сәйкес, Pegasus-ты қолданған 45 елдің бірі – Қазақстан.
"Pegasus тізіміне" енген мыңдаған қазақстандықтың арасында "Оян, Қазақстан" қозғалысының белсендісі Дархан Шәріпов те бар. 

Азаттық ҰҚК-ге "2021 жылы жарияланған "Pegasus тізімі" бойынша тергеп-тексеру немен аяқталды, жауаптылар анықталды ма, тыңшы бағдарламаны кім қолданған, қазір қолданыла ма?" деген бірнеше сұрақ жолдаған.

Комитет 2025 жылғы 24 маусымда редакция сауалына: "Сұратып отырған мәліметтің жоқтығын хабарлаймыз" деп жазбаша қысқа жауап берген.

Қатысты тегтер :

Қатысты Мақалалар