Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айтылған Қазақстанды одан әрі жаңғыртудың жаңа қадамдары Е.Қарин баяндамасының негізгі өзегі болды. Бұл ең алдымен экономиканың түрлі салаларына жасанды интеллектіні жаппай енгізу және цифрландыруды кең көлемде дамытуды қамтиды. Қазақстан болашақта технологиялық тұрғыдан дамыған мемлекет атануды көздейді.
– Қазақстан цифрландыру мен жасанды интеллект құралдарын жеделдетіп енгізуде кешенді әрі жүйелі шешімдер қабылдаған әлемдегі алғашқы елдердің бірі болып отыр. Қазақстан Президенті цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні енгізуді жаңа ұлттық идея ретінде айқындап берді, – деді Ерлан Қарин.
Осы орайда Мемлекеттік кеңесші ЮНЕСКО-ның жасанды интеллект этикасын қалыптастырудағы жетекші рөлін қолдайтынын жеткізді. Сондай-ақ Қазақстанда ЮНЕСКО (RAM) әдістемесіне сәйкес жасанды интеллект этикасы мен оны дамыту жөнінде зерттеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Бұған қоса Ерлан Қарин Жолдауда жарияланған бір палаталы Парламентке көшуді әрі оны пропорционалды жүйе бойынша қалыптастыруды көздейтін саяси жаңғырту үдерісінің мақсаттары мен сипаты туралы айтты.
– Қазақстандағы Парламенттік реформаның мақсаты – саяси жүйенің институционалдық негіздерін одан әрі нығайту. Нәтижесінде партиялардың рөлі күшейіп, қоғамдық-саяси үдерістерге қатысуы артады. Жалпы, Парламенттік реформа Қазақстандағы саяси жаңғырудың кезекті кезеңі болып саналады, – деді Мемлекеттік кеңесші.
Бас конференцияға Ұйымның 193 мүше мемлекетінен делегациялар қатысуда, оның ішінде үкімет басшылары, министрлер, ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері, дипломаттар, сарапшылар және басқалар бар.