Сенім сергелдеңіне түсіп, түрлі діни ағым, топтардың соңында адасып жүрген жастар мен олардың оспадар қылығы бүгінде таң қаларлық жағдай болмай қалды. Мешіт жамағаты арасында дау туғызып, бүлік шығаратындар, тұрмыстық қарым-қатынастарда дүмше догмаларға сеніп, ағайынымен араздасып жүргендер қай өңірден болса да табылады. Бүйректен сирақ шығарып, ел ішін ала тайдай бүлдіріп жүрген сол кертартпалардың басым бөлігі – жастар. Бесіктен белі шықпай жатып, ғаламның жаратылысы, өмірдің мәні, тұрмыс-тіршіліктің жай-жапсары туралы кесек әңгімелер айтып жүрген олар мұндай кері ағымдарға қалай еріп жүр? Оған не себеп? «Қырық адам бір жақ, қыңыр адам бір жақ» дегендей, дәстүрлі жолдан бұра тартатын ондай ағымдардың жетекшілері уағыздарын қалайа ұтымды жүргізуде? Сұрақ көп. Жауап та сан салалы. Солардың ішінде ең қауіпті тенденция – әлеуметтік желілер арқылы тарайтын радикалды ұйымдардың үгіт материалдары. Қазіргі таңда қауіпті діни ағымдарға ерушілердің дені осы әлеуметтік желідегі жазбаларға имандай сеніп, адасып жүргені мәлім болып отыр.
Былтыр ел ішін алыстағы Сирияға жиһадқа аттанғандардың видео үндеулері біраз шулатты. Ақпарат құралдары Жезқазған, Сәтбаев, Ақтөбе сынды қалалардан жат елге аттанған жиһадшылардың ата-ана, туыстарын тауып, жиһадшылардың тұлғалық қасиеттеріне үңілді. Арнайы органдар да бұл бағытта жұмыс істемей отыр деп айта алмаймыз. Күні кеше Астанада екі азамат жастарды «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымы сапында Сириядағы соғысқа үгіттегені үшін айыпталып, бес жылға бас бостандығынан айырды. Алдыңы жылы Жезқазғанның төрт тұрғыны да осындай айыппен түрмеге тоғытылды. Осы істер барысында жиһадқа шақырушылар діни сауаты толық қалыптаспаған жастарға өз үгіт-насихаттарын мешіт жамағаты арасында және әлеуметтік желілер арқылы жүргізетіні анықталды. Мешітке келушілер арасында мүфтият тарапынан түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуге мүмкіндіктер мол. Яғни, мешіт айналасында ондай арам пиғылдыларды анықтап, аластау да жеңіл. Оның үстіне, бұрынғыдай шетелге барып діни білім алушылардың да саны жылдан жылға кеміп отыр. Діни кадрларды дайындау ісі Қазақстанда жүйелі жолға қойылды. Жыл сайын еліміздегі діни оқу орындарына 200-ден астам талапкер оқу грантымен қабылданады.
Ең қиыны ғаламтор арқылы арбайтындардың жолын кесу болып отыр. Елімізде әлеуметтік желілер арқылы жиһадқа шақыратын топтардың саны артуда.
«2014 жылы ғаламторда 432 жиһадтық қауымдастық анықталса, 2015 жылдың бірінші тоқсанында олардың саны алты есе өскен. Сол себепті әлеуметтік желі пайдаланушылары арасында жүйелі түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізетін сәт туды» деді Лаңкестікке қарсы орталық штабының басшысы Жанат Сайполдаев жастар арасында экстремизмнің алдын алуға арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда сөйлеген сөзінде.
Әлеуметтік зерттеулер радикалды ағымдар соңында кеткендердің дені 15 пен 29 жас арасындағы қыз-жігіттер екенін көрсетуде.
«Экстремистік сипаттағы қылмыстары үшін сотталғандар арасында жүргізген зерттеулер бұл мәліметтерді растайды. Жастарды желі арқылы жиһадқа тарту, оңай адастырудың басты себебі тек жастар арасында ғана емес, аға буын өкілдерінің де діни сауатының төмендігі, патриоттық сезімінің жұтаңдығы, өмірлік тәжірибенің аздығы мен әлеуметтік-экономикалық проблемалар болып отыр» дегенді айтады Ж. Сайполдаев.
Мамандарды да осы интернет кеңістігіндегі үгіт-насихат мәселесі алаңдатуда. Бүгінде қоданыстағы заңнамаларға сай, экстремистік сарындағы және лаңкестік идеологияны насихаттайтын жазбалар мен басқа да материалдар арнайы органдардың сайт әкімшілігіне талап хат жолдауы арқылы алынып тасталып немесе бұғатталып жүр. Алайда, ВКонтакте, Twitter, YouTube, Facebook желілеріндегі және WhatsApp, Mail.ru сияқты интернет-қосымшалардағы материалдарды бұғаттау мәселесі қиын күйде қалып отыр. Мұндай желілердегі қолданушылар санының көптігі де қадағалау органдарының жұмысына қол байлау болуда. Бұғатталған сайттардағы лаңкестік әрекеттерге шақырған мәліметтер қазір әлеуметтік желілерге көшуде. Қызметіне тыйым салынған, өздеріне халықаралық іздеу жарияланған экстремистік ұйым жетекшілері мен идеологтары еш қиналмай осындай әлеуметтік желілер арқылы өз уағыздарын жүргізуде. Әлеуметтік желідегі жиһадқа шақырған осындай әр жазбаны күніне 2 миллионнан астам қолданушы оқитыны белгілі болып отыр бүгінде.
Орталық және Оңтүстік Азиядағы экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы аймақтық концеренцияда бұл мәселеге Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов пен ҰҚК басшысы Нұртай Әбіқаев та ерекше тоқталған еді. Үкімет басшысы: «Экстремистік ортаға адамдарды тартудың негізгі құралдарының бірі интернет болып отыр. Әлемдік торды экстремистер елді теріс идеологияларды насихаттауға, күш қолдану әрекеттеріне шақыруға, басқа дін ұстанушыларға қатысты жеккөрініш туғызуға тиімді пайдаланып келеді» дейді.
Бас қауіпсіздік мекемесінің жетекшісі Нұртай Әбіқаев та экстремизм идеологиясын насихаттау мен теріс мақсаттағы ұйымдарға тарту мәселесі алаңдаушылық туғызып отырғанын айтқан аталған конференцияда.
«Интернет арқылы заңсыз әдебиеттер елге кіруде. Діни сауаттылықтың төмендігінен ол идеялар дін ұстанушылардың, олардың ішінде ислам дінін жаңа танығандардың радикалдануына әсер етуде. Олардың бірқатары, әсіресе, тұрмыстық қиындықтарға тап болғандар әлемде әділетсіздік шектен асып барады деп санап, жиһадқа қатысу туралы ойға кетеді» дейді Н. Әбіқаев.
Бүгінде Сириядағы соғысқа 150-ден астам қазақстандықтың қатысып жатқаны, олармен бірге 200-дей отбасы мүшелерінің еріп кеткені ресми мәлімет саналады. Қарағанды облысы, Астананың айналасындағы елді мекендерден жақында тағы бірнеше адам Шам асты деген әңгіме тарауда ел арасында. Бұл жерде де әлеуметтік желілердің қатысы жоқ дей алмайсыз. Ғаламторда, әлеуметтік желілерде «Жиһад жолында жасалған әрекеттердің қай-қайсысы да сауапты іс, осы мақсатпен қайтарылмай қойған қарыз кешіріледі, жиһадқа бару үшін келіншектер күйеулерінен рұқсат алуы міндетті емес» деген сияқты пікірлерге қарата айтып отырмыз мұны. Қоғам болып жұмылып желілік сипатқа көшкен жиһадшылар үгітіне қарсы тұрмаса, әлеуметтік қиындықтар ел ішінде радикалдық қозғалыстардың күш алып кетуіне әкеп соғуы бек мүмкін.
Дархан Мұқан
Пікір қалдыру