"Президенттік сайлауды заңды деп танымаймыз": "Oyan, Qazaqstan" қозғалысы сайлауға қатысты мәлімдеме жасады

/image/2022/09/05/crop-61_8_523x929_304009082_5776709652339288_2413420861183128353_n.jpg
"Oyan, Qazaqstan" қозғалысы мерзімінен бұрын өткелі отырған президент сайлауына байланысты мәлімдеме жасады. Мәлімдеме мәтінін қозғалыс мүшесі, қоғам белсендісі, журналист Әсем Жәпішева жариялады. 
 
Қозғалыс мүшелері Тоқаев кезектен тыс сайлау жариялау арқылы Назарбаевтың билікті басып алу әдістерін қолданып жатыр деп санайтынын, сайлауды да оның нәтижесін де мойындамайтынын айтады.
 
"Біз, қазақстандықтар — еркіндік пен бейбітшілікті сүйетін, өз болашағымызды өзіміз бағдарлай алатын азаматтармыз! Бәріміз әділ сайлау мен ашық саяси жүйеге лайықтымыз деп санаймыз. Сондықтан біз бұл президенттік сайлауды заңды деп танымаймыз. Мерзімінен бұрын және асығыс сайлау әділетті бола алмайды. Біз кезектен тыс сайлауды, оның нәтижелерін мойындамаймыз және барлық отандастарымызды соған шақырамыз. Біз нақты өзгерістерді қалаймыз және ол өзгерістер саяси реформалардан, қуғын-сүргіннен бас тартудан, құқықтар мен бостандықтарды басып-жаншудан бас тартудан басталу керек деп санаймыз" делінген мәлімдемеде.
 
Қозғалыс мүшелері төмендегідей талаптарын жеткізді.
 
1. Сайлау жүйесінің толық реформасы өтпейінше кезектен тыс президенттік сайлаудан бас тартуды талап етеміз;
2. Сайлау жүйесін реформалау және президенттік, парламенттік және мәслихаттар сайлауын өткізу ережелерін өзгерту қажет. Реформа халықаралық стандарттарға және елдің демократиялы қоғамда әділ сайлау өткізу жөніндегі міндеттемесіне сәйкес жүргізілуі тиіс;
3. Президенттікке кандидаттарға қойылатын талаптарды жеңілдету қажет;
4. Саясатқа қатысуға барлық азаматтарға мүмкіндік берілуі тиіс. Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша биліктің негізгі қайнар көзі — халық;
5. Барлық саяси тұтқындарды және Кантарда қатысқаны үшін қуғынға ұшырағандарды, соның ішінде заңсыз ұсталған Жанболат Мамайды босатуды талап етеміз!

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар