Тұзды шамадан тыс тұтыну қан қысымын жоғарылатып, жүрек-қан тамырлары аурулары мен инсульт қаупін арттырады. Бұл туралы Қазақстанда тұз тұтынуды азайту жөніндегі семинарда айтылды.
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басшысы Айжан Есмағамбетова:
- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеуі бойынша Қазақстан тұзды көп тұтынатын санаулы елдер қатарына жатады. Бізде тұзды тұтыну тәулігіне – 17 грамм. Бұл ұсынылған нормадан 3, 4 есе артық. Бірақ ДДҰ-ның дерегінше, тәуліктік норма 5 грамнан аспауы тиіс. Сондықтан Қазақстанда тұзды тұтынуды азайту еліміз үшін өте маңызды, - дейді.
Ал Қазақстандағы ДДС ұйымының тұрақты өкілі Скендер Сыла адамдар тұтынатын тұздың көп бөлігі дүкеннен сатып алынатын тамақ өнеркәсібі өнімдерінде жасырылған дейді. Оның айтуынша, тұзды көп тұтыну Қазақстандағы адам өлімінің негізгі себептері болған гипертония және жүрек-қан тамырлары ауруларына әкеледі. Адамдар тұтынатын тұздың 70-75 пайызы өңделген өнімдерде жасырылған. Қалған 20-25 пайызын қазақстандықтар тамақ дайындағанда және дастархан басында қосады, - дейді Скендер Сыла.
Пікір қалдыру