Журналист құқығының өрескел бұзылуына қарсылық ретінде денесін тіліп, артынша аштық жариялады. Бұл туралы оның адвокаты Ғалым Нұрпейісов Vlast.kz басылымына хабарлаған.
Адвокат Ғалым Нұрпейісовтің айтуынша, заң бойынша Думан Мұхамедкәрім жазасын өзі тұратын жерде, яғни Алматы облысында өтеуі керек дейді. Аппелияциялық шағым өзгеріссіз қалғандықтан, Думан өзін Заречный кентіндегі түрмеге ауыстыруды талап еткен. Алайда журналистті алдап, төсегі, орындығы жоқ суық карцерге қамап тастаған.
Сондай-ақ Ғалым Нұрпейісов:
-Бұл Думанды “сындыру үшін” жасалып отыр. Думан бұған наразылық ретінде қолын, мойнын және ішін тіліп, қанмен қабырғаға “Оян, қазақ” деп жазған. Оны көрген арнайы топ журналисті карцерден шығармастан медициналық көмек көрсеткен. Алайда изолятор Думанның денесін тілгенін, аштық жариялағанын тіркемеген. Осы оқиғадан кейін оны қайтадан камераға ауыстырған, - дейді.
Еске салсақ, тамыз айында Думан Мұхаммедкәрім «экстремизмді қаржыландырды» және «тыйым салынған ұйым жұмысына араласты» деген айыппен жеті жылға сотталған болатын. Журналист өзіне тағылған айыпқа келіспей, бірнеше рет қарсылық көрсетіп, аштық жариялаған. Ал қараша айында өткен апелляциялық сот Думан Мұхаммедкәрімнің үкімін өзгеріссіз қалдырды.
Пікір қалдыру