«Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді іс-қимылдың 16 күні» халықаралық акциясы аясында Әлихан Бөкейханов университетінде «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тұру: мәселелер мен шешімдер» тақырыбында облыстық конференция өтті. Іс-шараны «Жанұя орталығы» қоғамдық қоры Абай облысының ішкі саясат басқармасының қолдауымен ұйымдастырды.
Жиынға Абай облысының ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Арман Жемагулов, облыстық Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Бауыржан Садақбаев, сондай-ақ Әлихан Бөкейханов және Шәкәрім университеттерінің профессор-оқытушылар құрамы, облыстық мәслихат депутаттары, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторлар және БАҚ өкілдері қатысты.
Конференцияның негізгі мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелеріне назар аудару ғана емес, әйелдер мен балаларға арналған қауіпсіз және қолдаулы орта құру жолдарын талқылау.
Іс-шара барысында арнайы шақырылған сарапшылар «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың мәселелерін шешудегі мемлекеттің рөлі», «Еңбек және отбасылық-неке заңнамасы арқылы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының құқықтарын қорғау», «Отбасылық келіспеушіліктерді шешуде психологиялық қолдау орталықтарының рөлі» тақырыптарында баяндамалар жасады.
Педагогика ғылымдарының кандидаты Назигүл Газизова конференцияның маңыздылығына ерекше назар аударды.
«Тұрмыстық зорлық-зомбылық тек біздің өңірде емес, бүкіл әлемде өзекті мәселе болып отыр. Бұл проблеманы шешу үшін жиындар мен талқылаулардың жиі өтуі маңызды. Қоғамдағы әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ұсыныстардың нәтижесінде оң өзгерістерге қол жеткізе аламыз деп сенемін» – деді ол.
Полиция департаментінің өкілі Бауыржан Садақбаев тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелерінің жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті.
«Зорлық-зомбылық жағдайларының алдын алу үшін тек құқық қорғау органдары ғана емес, бүкіл қоғам болып күш біріктіруіміз қажет. Өкінішке орай, кей жағдайларда зардап шеккендер үйіне орала алмай, дағдарыс орталықтарына мәжбүрлі түрде жүгінеді. Бұл мәселені шешу үшін заңнаманы жетілдіру мен түсіндіру жұмыстарын кеңейту қажет» – деді спикер.
Қатысушыларға «Ашық микрофон» форматы ұсынылып, өз пікірлерін білдіруге мүмкіндік берілді. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты мәселелерді шешу бойынша нақты ұсыныстар айтылып, болашақ жоспарларға енгізуге болатын тың идеялар талқыланды.
Конференция соңында облыстық ішкі саясат басқармасы тарапынан іс-шараға белсенді қатысқан спикерлерге алғыс хаттар табысталды. Іс-шара барлық қатысушылардың үлкен қолдауына ие болып, зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің жаңа қадамдарына жол ашты. Қоғамда әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін зорлық-зомбылыққа «нөлдік төзімділік» қағидатын қалыптастыру – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі.
Пікір қалдыру