Белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, тележүргізуші Арман Дүйсенов өмірден өтті.
ZTB желілік басылымының дерегінше, сазгер жүрек талмасынан қайтыс болған.
Арман Нарымбайұлы Дүйсенов 1974 жылы Орал қаласында дүниеге келген. Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияны оркестр әртісі мамандығы бойынша тәмәмдаған. Бұдан бөлек әлемдік классикалық музыка, фольклорлық этнография бағыттары бойынша кәсібіи білім алған.
Еңбек жолы 1990 жылы Павлодар қаласында өткен ХХІІ республикалық жас орындаушылар байқауында жеңіске жеткеннен кейін басталған. Түрлі жанрда ән шығарып, біраз әндерін өзі де орындаған.
Танымал телебағдарламаларда продюсер, тележүргізуші болып, медиакеңістікте өз орнын алған.
Соңғы жылдары біраз уақыт "Қазақконцерт" бірлестігі басшысының орынбасары болып қызмет етті.
Сұхбаттарының бірінде карантин кезінде ақын Абай Құнанбайұлының әруағына арнап ақын Иран Ғайыптың өлеңіне екі ән жазғанын айтқан.
Алтынай Жорабаеваның орындауындағы "Ағажан" әні, Ұлықпан Жолдасовтың орындауындағы "Шаттығым сенсің" және Динара Қырықбаевамен бірге салған "Ұстазым менің" әні оны композитор ретінде көпке танытқан.
Композитор қазақтың төл өнері мен бүгінгі немесе кешегі классикалық өнердің озық үлгілерін кәсіби түрде ұштастырып, қазақтың музыка өнерін дамытуды жалғастыруды кәсіби өмірінің өзекті тақырыбы деп білген.
Пікір қалдыру