09 Шілде, 2024 NEWS
Фото: AlmaU баспасөз қызметі
29 маусымда Меломанда Алматы Менеджмент Университетінің жаңа мотивациялық кітабының тұсаукесері өтті. Кітап «Секреты успеха Jūrttyñ balasy» деп аталады.
Жазира Байдалы, жоба жетекшісі:
«Қазір бизнес пен сәтті табыс туралы мотивациялық кітап көп. Алайда білім алудың маңыздылығын насихаттаушылар шамалы. Біздің кітапта, ондағы әрбір оқиғада білімнің маңыздылығы жайлы жазылған. Білім культі - жеке адамның өміріне де, жалпы қоғамға да әсер ететін негізгі құндылық. Кітаптың кейіпкерлері - Алматы Менеджмент Университетінің бакалавриат, MBA және DBA бағдарламаларының 26 түлегі. Кейіпкерлердің айтуынша, университет қабырғасында алған білім өте бағалы. Олар әлі күнге дейін білім алып, тұлға ретінде дамуын жалғастырып келеді. Алматы Менеджмент университеті үздіксіз білім алуды насихаттау мақсатында өз түлектерімен мотивациялық кітап жазып шыққан алғашқы жоғары оқу орны екенін атап өткім келеді. Аталмыш кітап жастарға маңызды шешім қабылдау кезінде өз көмегін тигізеді деп үміттенеміз. Кітап сатылымынан түскен қаражат AlmaU Эндаумент қорына жіберіледі».
Еңлік Тілепова, Jumsaq брендінің негізін қалаушы, Forbes "30-дан 30-ға дейін» рейтингінің қатысушысы, AlmaU бакалавриатының түлегі:
«Маркетинг мені AlmaU-дан тапты. AlmaU-да (ескі атауы - ХБА) аймақтану мамандығы бойынша білім алдым. Екінші курста университет қызметкерлері менің белсенділігім мен пысықтығымды байқап, маркетинг бөлімінде жұмыс істеуге шақырды. Бұл менің маркетингпен алғаш танысуым еді. Біздің студенттік өміріміз өте белсенді өтті. Сол кездерге көз жүгіртсек, оқу бағдарламаларын насихаттаумен айналыстық, әлеуметтік желілерді жүргіздік, қабылдау комиссиясында істеп, талапкерлерді қабылдадық. Яғни толыққанды маркетингпен айналыстық. Менімен бірге жұмыс істеген қыз-жігіттердің жартысы қазір Forbes-тың «30-дан 30-ға дейін» тізімінде. Жастардың көбі студенттік өмір жайлы айтқанда американдық фильмдегідей кештерді елестетеді. Бірақ AlmaU-дағы студенттік өміріміз мүлдем басқаша өтті. Біз идеяларымызды жүзеге асыру үшін университетте түнеген кездеріміз де болды. Университетте өтетін іс-шараларды ұйымдастыру үшін байқау, яғни тендер өтетін. Кез келген студенттік клуб байқауға қатысып, жеңіске жетуге мүмкіндік алатын. Меніңше, кәсіпкерліктің бастауы сонау университеттен басталды».
Валихан Тен, кәсіби спортшы, Krida Fitness Club фитнес клубының директоры, AlmaU Жоғары бизнес мектебінің MBA түлегі:
Менің балаларым үнемі «Әке, сіз неге барлық жерде бәрін үйреніп жүресіз?» деп сұрайды. Білім алу мен үшін жаттығу сияқты, сондай-ақ біздің үлкен экожүйеге өзгерістер енгізіп отыру қажет. Ал білім алған кезде жаңа құралдармен таныса аламыз. Миды жаттықтыру маңызды, әсіресе қазір әртүрлі өзгерістер болып жатыр, яғни үрей де көбейді. Біздің зілтеміршілер өздерін мінсіз сезінеді, сырт әлпеттері де мінсіз. Бірақ қандай да бір қобалжу да бар. Оқудың арқасында осы уайымнан арылсақ, өзімізге бақыт сыйлаймыз. Маған оқу ұнайды деп айта алмаймын. Шынында да, үздіксіз білім алу қиын, бірақ ми осылай жаттығады. Күйзелісті бақылай білуіміз қажет. Мен қазір гитара үйреніп жүрмін, қазақ тілін де меңгеруге күш салып жатырмын».
Индира Әділ, Adelі брендтің негізін қалаушы, AlmaU Жоғары бизнес мектебінің DBA түлегі:
«Арнайы білім алудың қажеті жоқ, еш дайындықсыз бизнеспен айналысуға болады деген үгіт-насихат көп. Иә, мұндай кейстер бар, бірақ олар аз. Тәрбие адамның жеке тұлға ретінде қалыптасуының негізі, іргетасы деп ойлаймын. Үздік мамандардан сапалы білім алуға мүмкіндік барда небір қиындыққа толы жолдан өтудің қажеті қанша? Мен үшін оқу процесінің өзі қызықты. Күнделікті жұмыстан кейін сіз дәрісханаға барасыз, білім алу процесінің өзі көп сұраққа жауап алуға мүмкіндік береді. Бакалавриат – маман ретінде өсу және тұлға болып қалыптасу, қарым-қатынас орнату, өмірлік достар табу. MBA және DBA өте жоғары сапалы ортаны, тәжірибе алмасуды, энергия алмасуды, нетворкинг құру және сапалы ортаның пайда болуын қамтамасыз етеді.
Лейла Қайназарова, VQ Business Club негізін қалаушы, AlmaU Жоғары бизнес мектебінің MBA түлегі:
«Біздің тарихымызда қауымдастықтар әрқашан үлкен рөл атқарды. Қазақтарда асар деген түсінік бар. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Яғни бір істі соңына дейін жеткізу үшін халық бірігетін. Тіпті «соғым» да қоғам мәдениетінің бір бөлігі. Адамдар бір-бірімен даму үшін біріккен. Қазіргі таңда адамдар ортаны өз құндылықтарына қарай таңдайды. Әлемде жалғыз адамдар көбеюде. Мемлекет неғұрлым табысты болса, соғұрлым жалғызбасты адам саны артып келеді. Мен тамызда Скандинавия мен Норвегияда болдым. Ол жақта көбіне жалғызбасты адамдар тұрады. VQ - бұл өмірлік жоба, бізге келген адамдар тек бизнестерін дамытпайды, одан бөлек тұлға ретінде де өсіп отырады. Адам 40, 50, 60, 70 жасында қасында кім болатынын ойлауы керек. Жақсы ортаға аспаннан түспейсіз. Достық та - еңбек, орта табу да - еңбек. Мен әрдайым AlmaU-мен байланыстамын. Мен бұл университетті өзімнің альма-матерім деп санаймын. Әртүрлі жетістіктерге жеткенімде университетке келіп, Асылбек Базарбайұлына, Гүлнәр Күреңкееваға жолығамын. Нағыз түлек өмір бойы ата-анасына қалай риза болса, университетке де сондай ілтипат білдіруі қажет».
Мадина Ерсалиева, «Expert Neuro» клиникалар желісінің тең иесі, AlmaU бакалавриат түлегі:
«Бүгінгі таңда «Expert Neuro» емханасының 7 филиалы бар. Қарағандыда 8-ші филиал ашылып жатыр. Біздің клиника Қазақстанның ірі қалаларында орналасқан. Филиалдардың бірінде менің жеке кофеханам бар. Дегенмен бұл менің жетістігімнің биік шыңы емес. Ал «Секреты успеха Jūrttyñ balasy» кітабының кейіпкері атанғанымда таң қалдым. Мен шынымен де кітаптың кейіпкері болуға лайықпын ба деп ойладым. Ішкі амбицияларым өзімді мақтауға мүмкіндік бермеді. Біле білсеңіз, менің өмірім AlmaU-ға дейін және кейін деп бөлінеді. AlmaU маған жаңа орта мен жаңа достар сыйлады. Жоғары білім мен AlmaU-дың тәжірибелі оқытушыларының арқасында біз қазір табыс шыңына бір қадам жақын тұрмыз».
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір