ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР КҮНІ НЕГЕ ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛУДА?

/uploads/thumbnail/20170709005400666_small.jpg

Биыл Отан қорғаушылар және Жеңіс күні қарсаңында елімізде әскери парад өтпейтін болды. қорғаныс министрлігі қыркүйек айында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған ауқымды әскери парад өткізілетінні хабарлады.

Қаншама миллион адамды қырғынға ұшыратқан соғыстағы Жеңіс күнін мерекеден гөрі еске алу күні ретінде атап өткеніміз жөн, әрине. Бұл күні ұлан-асыр той жасап, көшеде әндеткеніміз жараспайды. Ал, елдігіміз бен егемендігіміздің басты кепілі һәм қорғаны – Қарулы күштеріміздің құрылған күнін лайықты атап өтудің бір сәті түспей-ақ қойғанын қынжыла отырып мойындаймыз.

Қарулы күштер құрылған 1992 жылдан бері бұл датаға жалпыхалықтық сипат берілмей келеді. Бұған бір себеп, жыл сайын бұл күн Жеңіс мерекесі мен соған орай ұйымдастыру шараларының тасасында қалып келеді. Жеңіс күнін мереке ретінде атап өтудің кесірі Отан орғаушылар күнін лайықты мерекелеуге нұқсан келтіріп келді. Астана мен Алматы, облыстардағы әскери ұжымдар, оқу орындары Жеңіс күніне дайындаламыз деп, бұл мерекеге дұрыс көңіл бөле алмауда. Әскери-патриоттық мазмұдағы шаралардың барлығы Жеңіс мейрамының құрамдас бөлігіне айналып жүр. Бұл жерде біз Жеңіс күнін төмендетіп, Отан қорғаушылар күніне жығып бергелі отырған жоқпыз. Айтпағымыз, әр мейрамның, атаулы күннің өз орны, атап өтудің белгілі-бір тәртібі бар. Осы тараптағы кемшіліктерге назар аудартқымыз келеді.

Әлемде тәуелсіз ел бола тұра, түрлі саяси, тарихи себептерге байланысты Қарулы күштері жоқ жиырмадан астам ел бар. Тәңір жарылқап, қазақ елі егемендігін жариялай салысымен бұрын толықтай Мәскеудің қарауында болып келген әскери құрылымдарды ретке келтіріп, өз Қарулы күштерін құрды. Дипломатиялық тетіктер арқылы халықаралық қауымдастықтан қауіпсіздігімізге кепілдік алғанымызбен, жас мемлекеттің ішкі тұрақтылығы мен сыртқы қатерлерден сақтануында әскердің алар орнын ешкім жоққа шығармас. Тәуелсіздіктің әр жылдарында қазақ әскері барынша нығайып, теңізде де, әуеде де, жерде де жүйелі әскери күштерге ие болып отыр. Мемлекет басшылығы Қарулы күштерді дамыту үшін кәсіби армия құру міндеттемесін алып отырғанын және білеміз. Олай болса, егемендік пен еркіндіктің кепілі – азат елдің әскері құрылған күннің елеусіз қалуы жақсы емес.

Бұл жерде Отан қорғаушылар күнінің тасада қалуына әлі күнге 23 ақпанды мерекелетіп қойған кешегі кеңестік сананың салқынымен қатар, қоғамдағы енжарлық та себеп болып отырған сыңайлы. Жыл сайын 7 мамыр тек Қорғаныс министрлігіне ғана қатысты дата секілді әсерде жүреміз. Әскерилер, әйтеуір өздерін өздері құттықтап, түрлі шаралар өткізіп, мәз-мейрам болып жатады. Басқаларымыз ондай қадамға аттап басқымыз жоқ. Бұл қалай? 75 жыл бұрынғы Жеңіске Кеңес халқы ненің арқасында қол жеткізді? Қуатты әскерсіз дүние жүзілік соғыста жеңіске жету мүмкін бе еді? Майдан даласын да, тылдағы халықты да жауға қарсы көтерген жеңіске деген сенім, сол кездегі ортақ отанға деген сүйіспеншілік емес пе еді? Олай болса, Тәуелсіз Қазақстан азаматтарының Отанға деген сүйіспеншілігі Отан қорғаушылар күніне деген көзқарасымен өлшенбей ме?

Жомарт Абдоллаұлы

Қатысты Мақалалар