ШҚО-да алғаш рет басқарма мен жастар ұйымдарының арасында меморандумға қол қойылып, шарт жасалды. Бұдан былай облыстық Жастар орталығының және «Жас Отан» партиясының жас мүшелері 50% жеңілдікке ие болды, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
Айта кетсек, жуырда өткен жастар ісі жөніндегі отырыс барысында ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омар жастар арасында спорт кешендеріне қолжетімділікті арттыруды тапсырған еді. Осы орайда облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы аймақтық Жастар орталығымен және «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» ЖҚ ШҚОФ-мен меморандумға қол қойып, жаңа жобаны іске асыруда.
– Спорт мектептерінде оқып жүрген спортшы ақылы нысандарға тегін кіргізіледі. Ал егер ол «Жастар орталығының» немесе «Жас Отан» партиясының мүшесі болған жағдайда, 50% жеңілдік жасалады. Тек келушінің жасы 14-29 аралығында болуы қажет. Қазіргі күнде ақылы спорт нысандарының қатарына орталық бассейн, дене-шынықтыру және сауықтыру орталықтары, Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежы, Б. Александров атындағы спорт сарайы мен хоккей модульдері кіріп отыр, – деді ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Елдос Чикенов.