САПАРБАЕВТЫҢ ТАҚТАН ДӘМЕСІ БАР МА?

/uploads/thumbnail/20170709042932795_small.jpg

Біздің елде саясат қызық қой. Әлемнің, бізден басқа елдің саясаты, басшыларының ұстанымы, жалпы басшылық ету стилі бөлек те, біздікі бөлек. «Әр елдің өз ерекшелігі бар ғой» дейтіндер де бар. Бірақ, еріксіз таңдай қағатын жайттар да аз емес.

Елде басшы, шенеунік біткеннің жұмысы халыққа, елге қызмет етуге емес, есеп беруге арналғандай ғой ежелден. Бұрын жоғары жаққа құрғақ есептер жолдаса, қазір халықты да ойлағансып, ақпарат құралдары арқылы есеп берген болады. Қызық осы жерде басталады. Келсін, келмесін әкім, министрлердің баспасөзге жауапты көмекшілері, хатшылары басшыларын «супер» адам етіп көрсетуге құмар. Бұл үрдіс облыс деңгейінде де, республика деңгейінде де кең жайылған.

Әлгі «пиаршылар» басшыларына жағыну үшін бе, әлде сондай тапсырма ала ма, әкім-қараларды «халық қаһарманы» етудің түрлі жолдарын тапқан. Бұған әлеуметтік желінің де әлеуеті пайдаланылуда. Жас әкімдер мен министрлердікі түсінікті. Өсу керек, қызметтің жоғары сатыларына жету керек. Оның үстіне жас деген аты бар, елге үлгі болып ашықтық қағидаларын ұстануы, сол үшін әлеуметпен желі арқылы тікелей байланыс жасауы қажет. «Болашақтық» шенеуніктердің велосипедке мінгені, театрға барғанына дейін жалаулатып жатқандардың ісін солай түсіндіруге болады. Ал, «асарын асап, жасарын жасап», қабілет, қарымы жеткен жерге дейін біраз қызметтің басын шалған аға шенеуніктерге не жоқ?

Бердібек Сапарбаевтың шаруашылық саласын жіті меңгерген, ұйымдастыру қабілеті жоғары, мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі мол екенін ешкім жоққа шығармайды. Оны қай облысқа, қай қалаға басшы етіп жіберсе де ол жердің халқы «Мынаны неге тағайындады?» демейді. Әкім, министр лауазымдарын бұрын да атқарды, алдағы уақытта қай лауазымға барса да ешкім қарсы келмес. Сонда, Сапарбаевтың «пиаршылары» (бәлкім өзі) не үшін тыраштанады? «Қар құрсауында қалған шопырларға барды», «базар аралады» деген сияқты өңірлік деңгейдегі, коммуналдық сипаттағы жұмыстарын республикалық газет, ТВ, сайттар арқылы көрсетудің не қажеті бар? Әлеуметтік желі қолданушылары біраз күлкіге айналдырғаны әсер етті ме, соңғы уақытта мұндай «ерліктері» біраз бәсеңсіп, ісі біршама кесектеле түсті.

Қазір интернетті ашып қалсаң, «Сапарбаев Қытай компаниясының басшыларын орнына қойды», «Италия бизнесменіне ескерту жасады», «Ақтөбе әкімі митингтер шет елден қаржыландырылатынын айтты» деген сияқты ақпараттардан көз тұнады. Бейне Бердібек облыс әкімі емес, Премьер-министр, яки Мемлекеттік хатшы ма дерсіз. Оған мұндай насихат керек пе? Керек емес, әрине. Әкім ретінде, облыс басшысы ретінде. Ал, одан жоғары өрлеймін, биліктің биік баспалдағын бағындырам десе, танымалдығын бір де кемітпеу керек. Қайта рейтинг өсіру үшін эфирден, ақпарат ағымынан түспеу керек. Саясаттанушылар, түрлі эксперттер шенеуніктердің, саясаткерлердің беделін де сол ақпараттарға қарап анықтайды. Сол сарапшылар арасында соңғы уақытта «билік транзиті», «тақ мұрагері», «транзиттік президент» деген әңгімелерді қайта көтеріп жүр. Осындай жағдайларға қарап отырып Б. Сапарбаев мырза әлдебір қаржылық-өндірістік топтардың тілін тауып, саясат пен бизнес өкілдерінің қолдауын иеленіп, президенттік тақтан да дәмеленіп жүр ме деген ойға қаласыз?

Яхия Жүсіп

Қатысты Мақалалар