Лимонның отаны Батыс Қытай және Батыс Индия болып табылады. Әрбір лимон ағашы 80-90 жыл өмір сүреді. Оның жемісі 9 айда піседі. Адам баласы да ананың құрсағында 9 ай жататындықтан лимонды адамның өміріне теңеп жатады. Дүние жүзінде адам ағзасына пайдалы балдан кейінгі екінші орында осы лимон болып табылады екен. Мысалы, бас ауырғанда ішетін цитрамон дәрісін лимонның дәнінен алады дейді мамандар. Ал оның қабығы кондитерлік өнімдерді жасау мақсатында көп қолданылады. Сондай-ақ, лимонның табиғи шырынын алуға болады. Алайда Қазақстанда таза лимонның шырынын алатын бір цех, фирма немесе компания жоқ екен. Осы орайда лимон өнімімен қатар бірнеше цитрус өнімдерін өсірумен айналысатын жеке кәсіпкер, «Оңтүстік цитрус» жылыжайының басшысы Серғазы Бекмұратпен әңгімелестік.
-Серғазы, жалпы цитрус өнімдерін өсірумен айналысуды қалай бастадыңыз?
-Бұрын жылыжайда қызанақ пен қияр, түрлі дәмдеуіш көк шөптер болды. Бірақ ол қолымызды көп байлайтын, уақытты, еңбекті көп талап ететін. Сонымен қатар бағасы да ойдағыдай болмай қалады. Ал лимон жылу мен суды көп сұрамайды. Және нарықта бағасын ұстап тұратын, сұранысқа ие өнім. 2010-2011 жылдары көшет шығаруды үйрендік. Қазір халықты сол сапалы көшетпен қамтамасыз етіп жатырмыз.
-Бүгінде лимонның қандай сорттарын өсіріп отырсыздар?
-Бізде қазір лимонның 3-4 сорты бар. Біріншісі «ташкент лимоны F1» екінші «любилейный S2», үшіншісі «мейер», сосын «павловский», «пандероза» деген сорттары мен мандариннің, апельсиннің бірнеше сорттары бар. Сонымен қатар жергілікті табиғатқа бейімделген апельсин және мандарин сорттарымыз да бар. Жалпы, өсімдіктердің біразын өзіміз өндіріп, көшетін шығарып жатырмыз.
-Бұл жылыжай шаруашығылы үшін қанша жер көлемін пайдалансыздар?
-Кішкене көшетханамыз бар, ол аумағы 3 соттық жер. Бірақ енді келешекте ОҚО-да 5-6 гектарға дейін жобасы дайындалып қойылған. Қаражат бөлініп қойған. Соның құрылысы басталайын деп жатыр. Қазақстандағы аумағы ең үлкен лимонария болады деп жоспарлануда. Негізі Қазақстан бойынша цитрус өнімдері 99 пайыз шетелден импортталады. Өзіміздің өнім мүлдем жоқ есебінде. Енді Оңтүстікте бар, бірақ ол өте аз көлемінде. Біздің Оңтүстікте барлық нәрсені өсіруге болады, тіпті банан, ананасқа дейін.
-Жалпы лимон өсіруге қызығушылық бар ма өзгелерде?
-Қазір кәсіпкерлер палатасында осы жылыжай шаруашылығы, оның ішінде цитрус өнімдері бойынша сабақ беріп жүрмін. Жас кәсіпкерлер, бастаушы кәсіпкерлер бар дәріс алатын. Жылыжайы бар кәсіпкерлер де бар. Бірақ олар тек қызанақ пен қияр өсіруді ғана біледі. Ал оның еңбегі өте ауыр болып келеді. Сатылымға келген кезде бір кездері бағасы түсіп кетеді. Сомен пайдасы шамалы болатыны бар. Ал бірақ кәсіпкерлер лимонды өсіруге болады екен деп бет бұрып жатыр. Мен өзім биылдың өзінде 10-15 шақты кәсіпкерге лимон егіп бердім, олардың жер көлемі бір гектардан асады. Қытайдан немесе Түркиядан сапасыз өнімін алғанша, өзіміздің отандық таза өнім арқылы адам денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мақсат еттік.
-Үкіметтен қандай да бір қолдау немесе көмек алдыңыздар ма?
-Қазір үкіметің қолдауына қатты мұқтаж болған жоқпыз. Себебі өзіміздің қаражаттың есебінен жылыжай салып жатырмыз. Бірақ біз Ауыл шарушылығы министрлігіне және кәсіпкерлер палатасына ашық хат жазғанбыз. Субсидия бойынша шығарып береміз деп уәделерін беріп жүр. Осы субсидияға қол жеткізсек, әлдеқайда көмек болар еді. Себебі оның жылуы бар, алатын дәрі-дәрмегі бар.
-Ал лимон өнімін қайда сатылымға шығарасыздар? Сұраныс қай жақтан көп?
-Біздің өнімдер бірінші өзіміздің Оңтүстік Қазақстан облысында, сосын Алматы, Астана, Солтүстік және Батыс Қазақстан облыстарына жеткізіледі. Және жуырда Ресейге де аздап жіберіп бастадық. Дегенмен, Ресейден сұраныстың ерекше екенін айта кеткен жөн.
-Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.
-Алдағы мақсатта келесі жылға дейін 100 адамды жұмыспен қамтамасыз етсек деген жоспарымыз бар. Келешектегі тағы бір жоспарымыз киви мен ананас өсіруді қолға алмақшымыз.
-Демек, киви мен ананастың да өсіру технологиясын меңгеріп жатырыздар ғой?
-Әрине. Мысалы кивиге жылыжай керек емес, ол кәдімгідей далада тал боп өседі. Қар, жауын жауса да өнімін бере береді. Ал ананасқа жылыжай міндетті түрде қажет. Сондықтан барлық жағынан оқып, үйреніп, талдап- таразылап, қолға алмақпыз. Ол енді бірден болатын тірлік емес, алдағы 4-5 жылдың ішінде бітетін шаруа.
-Әңгімеңізге рахмет! Істеріңізге береке берсін!
Сұхбаттасқан: Индира Қуат
Пікір қалдыру