Қыркүйек айында «Қамшы» порталында «Қызылордалық полицей Күлікбаевтің кесірінен қызметтен қуылғанын айтады» атты мақала жарық көріп, онда мен өз басымнан өткен бірқатар жайттарды баяндаған едім.
Онда айтылғандарды қысқаша қайталасам, жаз айында Алматыда Р. Күлікбаев салған қырғын кесірінен оның тұрғылықты жері Қызылорда облысы Байқоңыр қаласындағы ІІМ өкілдігінде қызмет етіп жүрген маған және бірнеше полиция қызметкеріне кесірі тиді. Басшылық Р. Күлікбаевтің Алматыға кеткенін тиісті орындарға баяндамадыңдар деп айыптап, мені қызметтен шеттетті.
Осыған байланысты мен бірқатар ақпарат құралдарына хабарласып, өзімнің қызметтен қуылғанымды айтып шағымдандым. «Азаттық», «Қамшы» сайттарының журналистеріне болған жайды баяндап айттым. Сонымен бірге, өкілдікте күнделікті қызметте болатын кейбір жағдайларға қатысты да өз көзқарастарымды білдіріп, өзім әділетсіздік деп санайтын жайттарды көрсеттім. Мәселен, өкілдікте қызмет атқаратын А. Машрапов пен А. Маматов деген азаматтардың жол ережесіне қатысты құқықбұзушылық жасап, Байқоңыр қаласындағы Ресей Федерациясы жол полициясы қызметкерлері жазаға тартқанын, жүргізуші куәліктерінен айрылғандарын, алайда, соған қарамастан олардың ҚР ІІМ Байқоңыр қаласындағы өкілдігінде қызмет етіп жүргенін айтқан болатынмын. Олардың полиция өкілдігінің басшысы Ы. Исаев пен оның орынбасары Б. Құрақбаевқа туыстық қатыстарының болуы мүмкіндігін бұрын еститінмін.
Сол мақалада аттары аталған Д. Машрапов пен А. Маматов менің үстімнен Байқоңыр қалалық сотына арыз түсіріп, мақалада айтылған жайттарды жоққа шығаруды және кешірім сұрауды, моральлық шығын ретінде 1 миллион теңге өндіріп беруді сұрады. Сотта тараптардың ойлары тыңдалды.
Сол сот процессі барысында аталған екі қызметкер, яғни, М. Машрапов: «2012 жылғы 17 қыркүйекте РФ мемлекетінің сотының әкімшілік қаулысымен РФ ӘҚБК-нің 12,26 бабының 1 бөлігінде көрсетілген жол жүру ережесін бұзғаны үшін тәртіптік жазаға тартылғаным (1 жыл 6 ай жүргізуші куәлігінен айырылған) рас, бірақ та әкімшілік құқық бұзушылыққа тартқан бөтен мемлекеттің сотымен, бөтен елдің заңымен тартылған тәртіптік жазаның күші алты айдан кейін заңды күші жойылады және Қазақ елінің азаматы болғандықтан, Қазақстан заңы бойынша жазаға тартылған емеспін, Қазақстан Республикасының нормативтік заңдарын бұзған болып саналмаймын. Сонымен қатар, жүргізуші куәлігімді жазаға тарту мерзімі өтіп, қайта алғаннан кейін, 26.03.2015 жылы Өкілдікте емтихан тіркеу тобының инспекторы лауазымына тағайындалдым, оның барлығы заңды, сонымен мені жүргізуші куәлігімнен айырылған кезде маған жаза тағайындаған Өкілдік басшысы Ы. Исаев емес, оның орынбасары Г. Ким болатын» - деп, менің жазған мақаламның кейбір жерлері шындыққа келмейтіндігін айтты.
Ал, екіншісі А. Маматов: «01.01.2015 жылы мен Байқоңыр қаласында жүріп РФ ӘҚБК-нің 12.27 бабының 2 бөлігінде көрсетілген жол жүру ережелерін бұзғандығымды жоққа шығармаймын, рас. Бұл жөнінде Өкілдіктің жеке құрамында талқыланып, сол кездегі Өкілдіктің бастығының орынбасары Қ. Аппазовтың бұйрығымен «қызметіне толық сәйкес емес туралы» тәртіптік жазаға тартылғанмын. А. Тұрғанбаевтың жазған арызында, мен жол көлік оқиғасын жасап, ағасы Б. Құрақбаевтың көмегімен жазадан құтылып, тек «сөгіс» жазасын алған деген сөздерімен келіспеймін, ол менің үстімнен жасалған жала » - деп көрсетті.
Мен өз тарапымнан, сотта «Қамшы» порталына жазған мақаламда аталған екі қызметкерді өкілдік басшылары Ы. Исаев пен Б. Құрақбаевтың әрекеттеріне келіспейтінімді білдіре отырып, әділдік тұрғысынан мысалға келтіргенімді, аталған екі қызметкер А. Машрапов пен А. Маматовты жеке басына тиісіп, нұқсан келтіруді көздемегенімді айттым. Сөйтіп, сотта тараптар ымыраға келіп, іс тоқтатылды. Ымыра талабына сай, мен жоғарыда айтылған мақаланың А. Машрапов пен А. Маматов туралы айтылған тұстарын алып тастап, басшыларымның әділетсіздігі туралы айта келіп ол екеуін мысалға келтіргенім үшін кешірім сұраймын. Қызметке қатысты мақала жазғанда мен ол екі қызметкердің ар-ожданына нұқсан келтіруді көздемедім және ондай ойым жоқ. Менің жанайқайыма құлақ асып, ақпараттық алаң ұсынған "Қамшы" порталы ұжымына алғысым шексіз және ақпарат құралы бұл мәселеде бейтараптық танытқанын, ешкімнің ар-ожданына нұқсан келтіріп немес жалған ақпарат таратпағанын айта кеткім келеді. Ал, өзімнің әу бастағы шағымыма келер болсам, сол уақыттан бері ештеңе өзгермеді. Полиция өкілдігінің басшысы Ы. Исаев осы күнге дейін мені нақты бір қызметке алмай отыр. Әйтеуір түбі әділдік жеңеді деген сенімімнен айырылған жоқпын.
Алмаз Тұрғанбаев
Пікір қалдыру