Қарин басқарған жарты жылда қайта түлеген «Қазақстан» РТРК
Бүгін мемлекет және қоғам қайраткері, саясаттанушы, ғалым Ерлан Қариннің «Қазақстан» РТРК басшылығына келгеніне 6 ай болды. Әдетте қыркүйек келіп қана «сезон жаңартып» жататын «Қазақстан» телеарнасы бірден бой түзеді. Ерлан Тынымбайұлының жаңа қызметіне ел елеңдеп қараған. Елең етер себебі халық «сапасыз сериалдардан шаршаған», рухани шөліркеген күйде еді. Қарин келгенде ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты қандай өреге көтерілгенін білеміз. Ал, Қарин жаңа жұмысында «Халықтың айнасын» түзей алды ма? Көрерменге көңілден шығар қызмет ете алды ма? Qamshy.kz тілшісі «Қазақстан» корпорациясының жарты жылдық жұмысын саралап көрді.
Қарин басшылығына келген «Қазақстан» бірден «Басты тақырып» және «Басты ақпаратпен» ерекшеленді. «Басты ақпарат» сараптамалық жобасы іске қосылып, еліміздің жас әрі білікті сарапшылары қоғам алдына шығып, өзекті саяси мәселелер бойынша өз пікірлерін айтуда. Жаһанда жүріп жатқан процестер күн тәртібіне шығып жатқан кезде, оларға дереу талдау жасап, сарапшылық пікірін тікелей эфирде айтуы – халықты әлемдегі күрделі мәселелер бойынша ақпараттандырудын жақсы тәсілі болды. Мемлекеттік арна Қазақ сайттары көтерген мәселелерге де шолу жасады. Мұны Ерлан Қариннің кәсіби саясаттанушы ретінде ұлттық арнаға алып келген кәсіби жаңалығы, қосқан үлесі деуге болады. Бір айға жетпей ұлттық арна жаңа форматқа көшірілді. Бұл туралы «Қаринның қырық күндегі реформасында» жазғанбыз. Ұлттық арнаның web сайты жаңарып, мобильдік қосымшасы жетілдірілгені алғашқы айдың-ақ еншісінде атқарылған шаруа болды. Әлеуметтік қоғамның проблемаларын айтатын, сараптайтын «Мәселе» бағдарламасы түйткілді дүниелерді түйреп айтты. «Жайдарманның» мазмұны өзгерді, саяси әзілдер көбейді. Жюри болып қоғам қайраткерлері қазылық етті. Мән мағынасы жоқ әзілдер азайды, «Жайдарман» арқылы жастар саясаты дұрыс арнаға бұрылып келеді. Ұлттық арна ұлттың арнасы болуға бет алды, жан-жақтылы жетіле бастады. Қазақстан арнасынан «Алаштың аманаты» деректі фильмі көрсетілді. Айта кетейік, Қариннің тапсырмасымен деректі фильм жалғасты түсірліп жатыр.
Қарин басшылығына келгеннен кейін өн бойына қан жүгірген «Қазақстан» Республикалық Телерадиокорпорациясы» Акционерлік Қоғамында жаңалық көп. Жаңалықтың көп болатын жөні де бар. Ерлан Тынымбайұлы қайраткерлік жолында журналистика бөтен сала емес. «Диапазон», «Время по Гринвичу» сияқты газеттер Қариннің қаламымен қоса жетілген. Ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттік саясатта мол тәжрибелі басшының елдің басты арнасына берген саяси реңі «1 студия» ток шоуынан көрінді. Ал, арнаға ұлттық рең беретін «Мен қазақпын» халықаралық өнер додасы жаңа маусымда көрерменмен қауышпақ. Аталған мегажобаға министр Абаев та үлкен көңіл бөліп отыр.
Ұлттық көрме өтер алдында Қариннің ұйықты болуымен Астанада «Қытай кинофестивалі» өтті. «Қазақстан» РТРК Қытайдың орталық телевизиясы CCTV-мен және Хунан ТВ корпорациясымен келісім жасады. Елбасы қатысқан, Әлем назарын аударған EXPO-2017 ұлттық көрмеміздің ашылуын ұлттық арнамыздан тікелей тамашаладық. Астана күнінде ұлттық арна тілшілері ел аралап, халықтың арасынан репортаж жасады. «Қазақстан барысын» да халық биыл тікелей эфирден тамашалап, тақымын қысты.
Ерлан Тынымбайұлы корпорация басшылығына келген күні былай деп жазған болатын: «Еліміздегі ең ірі медиа құрылымда қызмет атқару - бірнеше ұрпақтың тағдырына жалғасқан сабақтастықты көтере білу, әрі иісі қазақтың алдында жауапкершілік жүгін арқалаумен тең. Ең алдымен, осындай жауапты жұмысты сенім артып тапсырған Елбасыға алғыс айтқым келеді. Қандай қызметте болсам да Елбасының қолдауын, демеуін көріп келемін. Бұл жолы да Мемлекет басшысының сенімінен шығуға тырысамын.
Корпорация құрамы өте үлкен. Жалпы саны 2 мыңнан астам адам қызмет етеді. «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы, «KAZsport» телеарнасы, «Балапан» телеарнасы, Қазақ радиосы, «Шалқар» радиосы, «Астана» радиосы, «Classic» радиосы секілді өз аудиториясын қалыптастырған, көрермендері мен тыңдармандарына сапалы контент ұсынып келе жатқан үлкен жобалар. Одан бөлек аймақтық арнамыз бен бірнеше интернет сайт жұмыс істейді.
Телерадио кешені бұған дейін де журналистиканың, ағартушылықтың, ел дамуындағы биік жетістіктерді көрермен қауымға жеткізудің бірегей қайнары болып келді. Алдымызда ұжымның жұмысын одан әрі жетілдіру, дәстүрін сақтау арқылы замана көшіне ілесіп, талғампаз көрермендердің үдесінен шығу, бүгінгі медианың барлық талаптарына жауап беру міндеті тұр. ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев мырза телерадиокорпорацияның алдында нақты жаңа басымдықтарды айқындады. Жүктелген жаңа міндеттерді атқаруға бар күшімізді саламыз».
Жоғарыда аталған корпорация құрамындағы телеарналар мен радиоларда да оң өзгерістер көріне бастады. Ерлан Тынымбайұлы өзі облыстарды аралап аймақтық мекемелермен, ел ағаларымен, зиялылармен кездесулер өткізді. Корпорацияға қарасты барлық мекемелерге білікті мамандар, кәсіби жастар келе бастады. Бес жыл бойы рейтинг ұстап тұрған «Келін» сериялын құртып, оның орнын отандық контентпен толтырып, рейтингін керісінше жоғарлатты. Тіпті, Қазақтілді телехикаялар түсірілімі қолға алына бастады. «Қазақстан» арнасы жаңалықтарының оперативтілігі арта түсті. 6 айда аз шаруа атқарылмады. Жаңа маусымда көрерменді күтіп тұрған жаңа жобалар жетерлік. Жаңа студия, жаңа келбет. Ұлттың телевизиясы — елдің айнасы жаңарып жатыр. Рухани жаңғыру. Бастысы «Қазақстанның» қазіргі келбетіне қарап, Қарин өзіне жүктелген міндеттерді атқара алды деуге әбден негіз бар.
Мемлекеттік телеарна басшылығына мемлекет қайраткері келген жарым жылдағы басты мәселе ақпараттық қауіпсіздіктің қалқаны қалыптасты. «Мемлекеттік саясат идеологы» статусын бекіте түскен Телерадиокорпорация басшылығына келген тұңғыш саяси қайраткер Қариннің жарым жылдағы жұмысын бір сөзбен «Қазақ телевизиясында жаңа бет-бейне қалыптастырды» деуге болады.
Пікір қалдыру