Елордада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің еріктілері үшін мерекелік тимбилдинг өткізілді деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Үш айлық халықаралық көрмеге еріктілердің «үш буыны» да келген. Бұлай дейтініміз, көрмеге әр ай сайын 500 еріктіден қатысады екен. Волонтерлардың көбі келесі айға да қалып, халықаралық шараға атсалысып жатады.
«Астана жастары» КММ-нің ұйымдастырушы бөлімінің жетекшісі Шыңғыс Тілеулиннің айтуынша, бүгінгі шара жастарды достастырып, командалық біліктіліктерін шыңдауға бағытталған. Ұйымдастырушылар шара барысында шығармашылық және спорттық сайыстарды өткізді.
«Бүгінгі тимбилдинг қаланың «ЭКСПО-2017» көрмесінің 14 мемлекеттік мекемесінде жұмыс жүргізетін еріктілер үшін арнайы ұйымдастырылып отыр. Ертең өтетін «Жастар күніне» орай жас буынды біріктіретін шараны қолға алуды жоспарладық. Волонтерлар өз пайдалары үшін де жұмыс атқарып жатыр. Мәселен, медициналық колледжде оқитын студент дәрігерлерге көмек көрсетіп, тәжірибесін шыңдауда. Еріктілердің еңбегін бағалауда мұнымен шектеліп қалмаймыз», – дейді Шыңғыс Тілеулин.

Еріктілермен бірге бүгінгі шараға астаналық Алтыншаш Мұқатаева да қатысып отыр. Мүмкіндігі шектеулі жан болса да, Алтыншаш талабынан қайтпай, қала тұрғындары мен қонақтарын әнімен қуантып жүр. Еріктілердің тимбилдингіне де Алтыншаш екі әнін даярлап әкелген екен.
«Астана қаласының әкімдігінен телефон шалып, «Астана жастары» ұйымының ұйымдастыруымен үш күндік «Жастар энергиясы» лагеріне қатысу туралы ұсыныс келіп түсті. Қуана-қуана келістім. Әр саланың көшбасшылары жиналған екен. Лагерьде тренингтер, түрлі шаралар болды. Әнші Марат Омаровтан сабақ алдық. Мен өзімнің тарапымнан ән айттым. Алдыңғы апталарда «Нұр Отан» партиясының «Рухы мықтылар» жобасына қатыстым. Бір сөзбен, шақырылған жерден қалмауға тырысамын. «Шабыт» Қазақ өнер университетінің 2-ші курс студентімін», – дейді Алтыншаш.

Алтыншаштың тамсандыра салған әнін жастар ерекше ықыласпен қабыл алды. Шараға сондай-ақ, Астана қаласы әкімдігінің мәслихат депутаттары, белгілі қоғам қайраткерлер қатысты. Кешке дейін жалғасатын жастардың тимбилдингінде белгілі елордалық әншілер де өнерін паш етпек.
