Студенттік өмірден бір үзік сыр....

/uploads/thumbnail/20170902092829130_small.jpg

Бұл тақырып жайлы құдды тиегі салулы, ішек-пернесі тағулы, құлағы келтіріліп қойылған домбырадай тек шертсең болғаны – сайрай жөнелгің келеді. Осы уақытқа дейін қаншама ақын жырына жамау қылып, қаншама жазушы әңгімесіне арқау қылса да, оқырманды жалықтырған емес.

Неге? Себебі осынау тақырып, әр адамның қысқа ғана ғұмырында санаға сақталып, естен кетпес естеліктерімен ескерілетін керемет кезеңдердің бірі...

Студенттік өмір. Әркімнің толғанысы әртүрлі. Ал мен белгілі ақын Қадыр Мырза Әлінің өлеңін негізге ала отырып, өз толғанысымды тарқатқым келеді.  

«Алматымыз жастықтың бағы іспеттес,
Қаншама гүл сол баққа қоныс тепті» 
– деген өлең жолдарының мағынасына бүгінде терең бойлағандаймыз. Ата-анамыздың жанынан алғаш рет ұзап, аядай ғана ауылдың үмітін арқалап арман қала Алматыға біз де келдік.

«Басталмаған қаланың дастаны әлі
Бірінші жыл дала деп жас тамады»
  – деп ақын ағамыз студенттік өмірдің қызыққа толы алғашқы күндерін әдемі үйлесіммен жырға қосқан. Оқу жылының басындағы бір-бірімізді танымай, әркім «өзінше» бір «әлем» болып жүрген кездермен, енді бірі кабинет таба алмай адасқан күндер де өте шықты. Университетке келісімен «перваш» деген атауды арқалап алдық.

Жоғарыдағы жыр жолдарында айтылғандай, әр күніміз жылаумен өтті. «Осы қалаға бекер келдік», «Өз қаламыздағы оқуға тапсыруымыз керек еді» деген «арам» ойларымыздың да болғаны жасырын емес. Әрине, ондай ойлар көңіл-күйіміз құлазып, асқазанымыз «әңгіме» айтқан кезде сап ете қалатын. Кейіннен «...Биге барса баратын бір топ болып,
Жалғыз жүру дегенді білмейтұғын»
– дегеннің кейпін кидік. Арамыздағы жандардың бірі «Қалаға шығып, қыдырып келмедік пе?» – десе, өре түргелеміз. Қанша жерден кешігіп бара жатырғанымызбен, такси дегенге мінбейтін едік.. Өйткені такси бағасы әжептәуір қалтамызды қағатын. Ал таксиден жырып алып қалған 100 теңгеміз бір роллтон алатын ақшамыз.

 Ал оқудың кезіндегі емтиханның орны бір бөлек.

«Он ай бойы масайрап ойнағандар
Емтиханда отыз күн көз ілмеген»
 – деген жыр жолдары бекер айтылмаса керек-ті. Ертең емтихан деген күні, ал келіп дайындал, күнімен күлкі жоқ, одан қалса, ұйқы жоқ. Ондай кезде таң да ерте ататындай болып көрінетін. Бар дайындалғанымызбен барып, партаға жабысып отырамыз. Бірі үшін оқығаны келеді, енді бірі үшін «оқымағаны» келеді. Мұғалімдер де ал келіп «99», «74», «84» секілді іш күйдірер баллды қояды. Содан соң жүргенің: «Бір балл қосып беріңізші», «Стипендиямды сақтап қалуым керек», «Повышкаға ілігейін деген едім», «4-ке бір балл жетпей тұр». Ал осы кезде еріксіз мектептегі мұғалімдеріңді сағынасың.

«Бір жігіттің ойында он арманнан,
Он жігітке жалғыз-ақ конспекті».
Мектеп қабырғасында мұғалімді қақсатып, жүз айтпаса үлгермейтін біз – студент атанғалы қолымыздың қалай жүріп кеткенін аңғармай да қалдық.
Мектеп кезіндегі «Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы», конспект кезінде «ҚР През Н.Назарбаев» болды да қалды. 

Шынымды айтсам, биыл ғана студенттік өмір – ең қызықты сәттер дегенге толығымен көзім жетті. Әсіресе 1-ші курстың орны ерекше.

Студент сөзінің мағынасы «ізденуші» екенін білетін шығармыз. Көзді ашып-жұмғанша өте шығатын төрт жылда ізденуші екенімізді есімізде сақтап, алтын уақыттың бағасын білейік.

  1. Куратор – «Мен сендерге жаман болсын демеймін...»
  2. Жатақхана – Аштықпен өткен талай күндердің куәсі.
  3. Шәкірт ақы – «Былай тартсам арба сынады, былай тартсам өгіз өледі»
  4. Лекция – «Сен тимесең, мен тиме».
  5. Староста – Деканат пен ұстаздар арасындағы «байланыс сымы».
  6. Сессия – «Мың өліп, мың тірілу»
  7. Рубежка – Сессияның інісі.
  8. Деканат – «Айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар алғызды».
  9. Бухгалтерия – Квитанцияның жауы.
  10. Кітапхана – «Адам болатын бала алысқа қарайды».
  11. Студенттік билет – Жеңілдіктер жаныңда.
  12. Семинар – «Ғасырдан да ұзақ күн...»
  13. Retake – «Жазға қалып асықпай оқимыз».
  14. «Ішкі грант» - 3.0-ден түспейтін GPA.
  15. Мемлекеттік грант  - Стипендия сақталса болды...
  16. Банкомат – Бітпейтін кезек.
  17. Пропуск – «Тексеріс бекеті».
  18. Ролтон – Аш қарынның «ауыз бастырығы».
  19. Оқырман билеті – «Билет жоқ болса, кітап жоқ».

Наргиза Ерес

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар