Елбасы шешімі теріс пиғылдардың ауызына құм құйды

/uploads/thumbnail/20170708160803680_small.jpg

– Жақында Жазушылар одағына 80 жыл толды. Бұл ұйым өз тарихында талай кезеңді бастан өткерді. Қай кездегі болсын саяси режиммен көзқарасы сай келмейтін азаматтарды өз қатарынан шығарумен де ерекшеленді. Тарихшы ретінде Жазушылар одағының өткені мен бүгініне қандай баға берер едіңіз?

– Жазушыларды қорғайтын, кітабын шығаруға, тұрмысына жәрдемдесетін  орталық құру идеясы Ресейде Пушкин заманында туған екен. Ақыры, «Современник», «Отечественные записки», «Библиотека для чтения» секілді  белгілі басылымдар авторларының ойлап-жобалауымен 1859 жылы ұйысыпты. Ол Әдеби қор деп аталған. Кәсіби жазушыларға түрлі қажет көмек беруді мұрат еткен тұңғыш қоғамдық ұйым.  Алғашқы ұйымдастырушыларының қатарында Некрасов, Островский, Тургенев, Толстой, Чернышевский және басқалар (Шоқан Уәлиханов та мүше болған деген дерек бар) болған. Қордың қаржысы кітап, журнал, газет шығаратын баспагерлердің ерікті түрде бөлетін аздаған үлестерінен, мүшелік жарнадан, Ресей императорының жыл сайын беретін жәрдемпұлынан, жекелеген адамдардың қосқандарынан, концерттер мен сахналық қойылымдардан, көрмелерден, жазушылардың дәрістерінен түскен табыстардан құралған. Қызметін Белинскийдің отбасына зейнетақы тағайындаудан бастапты.  Достоевский, Гаршин, Горький және басқа да көптеген қаламгерлерге материалдық жәрдем берген. Тараса Шевченконың туысқандарын крепостнойлық тәуелділіктен азат етуге қол жеткізген. Жер аударылған жазушылар мен ғалымдардың тағдырын жеңілдету жайында билікке өтініштер түсірген. Ал  1905 жылы,  Максим Горькийдің тұтқындалуына орай, билікке наразылық айтып ашық мәлімдеме жасаған.  Патшалық кезіндегі қаламгерлердің елеулі бірлестігі осы Әдеби қор бопты. Өз заманында тәп-тәуір жұмыстар атқарған көрінеді. 1917 жылғы екі революциядан кейін ақын-жазушылардың түрлі ұсақ топтары мен ұйымдары пайда болған. Неғұрлым әйгілісі – Пролеткульт. Қазан төңкерісінен бір апта бұрын дүниеге келген. Алдына жаңа мәдениет, пролетариат мәдениетін жасаймыз деген мақсат қойған. Ірі қалалардың бәрінде бөлімшелері, өз баспа органдары болған. 20-шы жылдардың басында Лениннің сынына ұшырады да, әкімшілік жолмен жауып тасталды. Сол жылдарда шаруа жазушыларының одағы, пролетар жазушыларының ассоциациясы, футуристер ұйымы, түрлі басқа бірлестіктер ұйысқан екен. Сосын большевиктер партиясы шығармашыл күштерді өз қарамағына алуға бет бұрды. 1925 жылы РК(б)П Орталық Комитеті «Партияның көркемәдебиет саласындағы саясаты туралы» қарар шығарып, түрлі топтар мен ағымдардың еркін жарысқа түсуіне болатынын, ондай шығармашылық бәсекенің тек пролетар идеологиясы негізінде жасалуы керектігін айтты. Сол жылы Ресей пролетар жазушыларының ассоциациясы құрылды. Осы үлгімен 1926 жылы бізде де Қазақ пролетар жазушылар ассоциациясы бой көтерген. 1928 жылы пролетар жазышыларының бүкілодақтық бірінші  съезі болды. Сол съезд ұлттық республикалардағы барлық пролетар ассоциацияларын Бүкілодақтық пролетар жазушылары ассоциацияларының бірлестігіне (ВОАПП) біріктірді, ал оның басында Ресей  пролетар жазушылары ассоциациясы (РААП) тұрды.  Елдегі жұмысшы табының шығармашыл күштерінің бәрін біріктіріп, интеллигенция мен шаруалардан шыққан жазушыларды коммунистік дүниетаным рухында тәрбиелейтін, бүкіл әдеби үдерісті бастап алып жүруге тиіс ұйым.  РААП іс жүзінде Пролеткульттің мұрагері болып шықты, тіпті оның тұрпайы-социологиялық нигилистік  ыңғайларын одан әрі күшейте түсті. Өзін пролетар жазушыларының ұйымы ғана емес, партияның әдебиеттегі өкілі ретінде көрсетті. Өз бағытына қарсы шыққандарды партияға қарсылыққа балады. баспасөз органдарын әкімшілік жолмен пролетар жазушыларына алып беруді,  журналдар мен жинақтардан «жолбикелерді» қуып шығуды талап етті. «Қазақ пролетар жазушыларының ассоциациясы» ұйымының да (КазАПП, ҚазПЖА) бұл бағытты белсене қолдағаны белгілі. Орталықта қаламгерлердің өзге ұйымдары да жұмыс істеп, съездерін өткізіп жатты. Ал қазақ елінде «байшыл, алашшылдар» мен «жолбикелерді» сыбап, ҚазПЖА жеке-дара дәуірледі. Кейбір белгілі алаштық ақын-жазушылардың «Алқа» тұғырнамасын жасап, бағдарламасы  жайында өзара пікір алмасқаны мәлім, бірақ содан аспады, идея дәрежесінде қалды. Ұйым ретінде құрылмады, ашық жұмыс істеген жоқ, репрессияның 1929 жылғы алғашқы толқынында «Алаш ісімен» бірге тұншықтырылды. 1932  жылғы 23 сәуірде БК(б)П Орталық Комитеті «Әдебиет-көркемөнер ұйымдарын қайта құру туралы» қаулы қабылдады. Онда ВОАПП пен РААП-ты жою, әдеби-көркем ұйымдарды түбегейлі қайта құру, совет өкіметінің платформасын қолдайтын жазушылардың бәрін Советтік жазушылар одағына біріктіру мәселесі тұжырымдалды. Осыған сәйкес қаулы сол жылғы 9 мамырда Қазақ республикасының орталық партия комитетінен де шықты.  Қазақстанның Советтік жазушылар одағын құруға тиіс ұйымдастыру комитеті белгіленді, басына ақын Ілияс Жансүгіров тағайындалды.  Алғашқы съезд Мәскеуде де, бізде де содан екі жыл өткенде, 1934 жылы бір-ақ шақырылды. 1934 жылы КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі «КСРО Әдеби қоры туралы» қаулы алып, Қазан төңкерісінен бері кәсіподақтар жанында елеусіз күн кешіп келе жатқан Әдеби қорға советтік тұрпатта жаңаша тыныс берді.  КСРО Әдеби қоры құрылды. Оның ақшалай қаражаттарының негізгі көзі көркем әдебиет баспалары мен журналдар редакцияларынан және сахна-концерт мекемелерінен бөлінетін қаржы болады деп көрсетілді. 1935 жылы КСРО Халкомкеңесі дербес заңды тұлға ретінде КСРО Әдеби қорының Жарғысын бекітті. Сол жылы Қазақстан Халкомкеңесі де республикадағы дербес заңды тұлға санатымен КСРО Әдеби қоры Қазақ бөлімшесінің Ережесін бекітті.  КСРО Әдеби қоры Қазақстан жазушыларына әлеуметтік-тұрмыстық көмек көрсетуге бөлген қаражаттың бәрі (шығармашылық жәрдемпұлдар, жаңа шығарма жазу үшін несие, шығармашылық іссапарлар, еңбекке уақытша жарамсыз болғандарға жәрдемпұлдар, шығармашылық үйлер мен санаторийлерге жеңілдік жасалатын жолдамалар, сондай-ақ қаламгерлердің тұрғын үйлері, шығармашылық үйі күрделі құрылыстарын қаржыландыру, тт.)  осы Қазақ бөлімшесі арқылы түсіп тұрды. КСРО Жазушылар одағы және оның бір бөлімшесі іспетті Қазақстан Жазушылар одағы әлемнің басқа ешбір мемлекетінде жоқ, ең беделді, элиталық, дәулетті, қуатты және барынша идеологияландырылған шығармашылық ұйым болып тұрды. Бұл тек  социализм дәуіріне тән құбылыс болатын. 1991 жылы Совет одағы тарқағаннан кейін баяғы дәурен көзден бұл-бұл ұшты. Тәуелсіздік жарияланысымен Қазақстан Жазушылар одағы өз Жарғысын бекітті. КСРО Әдеби қорының Қазақ бөлімшесі Қазақстан Әдеби қоры болып қайта құрылып, дербес өз Жарғысын қабылдады. Жазушылар одағын республика бюджеті тарапынан қаржыландыру да, Әдеби қорды Мәскеу тарапынан қаржыландыру да тоқтады. Соған байланысты Қазақстан Жазушылар одағы өзі орналасқан ғимараттың жартысы (Әдебиетшілер үйі) мен Шығармашылық үйді айналасындағы бағымен қоса қаламгерлер үшін табыс түсіріп тұрады деген оймен іс адамдарының фирмасына берді. Мұның қате қадам екені, және оны келіссөз жүргізу жолымен қалпына келтіру мүмкін еместігі мәлім болысымен, Қазақстан Әдеби қоры ұзақ соттасып жүріп, өзіне тән мүлікті – Шығармашылық үйді сот арқылы қайтарып алды.  Жазушылар одағымен қызметтестік жайында келісімшарт жасап, үкіметтің тиісті шешімімен Әдебиетшілер үйін де өз балансына алды. Әдебиетшілер үйіне байланысты Жазушылар одағы мен фирма арасындағы келісімшартты прокуратураның сотқа жүгінуі арқылы бұзуға қол жеткізді. Енді тек фирманы ғимараттан мәжбүрлеу жолымен шығару ғана қалған. 1996 жылы одаққа жаңа басшылық келді де, заңды белінен баса отырып, Әдеби қорды жоюмен шұғылданды. Түрлі лоббистерінің арқасында жойып тынды. Есесіне, жаңа басшылықтың құқықтық тұрғыдан сауатсыздық танытуы салдарынан, фирма қайта күшіне енді. 18 жыл бойы өзгермеген жаңа басшылықтың сөзіне қарағанда, одақ фирмамен он шақты жыл соттасқан сияқты. Бірақ оны өзінен емес, өткен басшылықтан көреді. Өкініштісі, белді деген жазушылар да солай ойлайды – «тарап кете жаздаған одақты» құдды осы басшылық «сақтап қалған» екен... Шынтуайтында, нағыз «әттеген-айлар» – істі болған ақын-жазушыларға құқықтық көмек көрсетудің орнына, жетім қалдыру, тіпті мүшеліктен шығарып тастау, одақ ісіне сын айтқандарды «қара тізімге жазып» қою, ең бастысы, әдеби үдерістегі еліміздің бүгіні мен ертеңіне пайдалы бағыттарды ажыратып көрсетуге қауқарсыздық таныту,  қоғамдық белсенді позициясымен  танылған азаматтарды бөтенсу, тт. кемістіктер осы «қаһармандықтың» тасасында қалып келеді...

– Жаңаөзен трагедиясы болсын, қазір Еуразиялық одаққа кіру сынды тәуелсіздікке қатер төндірген жағдайларға қатысты сол одаққа мүше жазушыларымыз үнсіз қалды. Зиялыдан қазаққа келіп жатқан пайда аз. Неліктен? Кезінде қазақтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған сол ақын, жазушы, зиялы қауым өкілдері емес пе еді? Елі үшін құрбан болған да сол оқыған зиялылар еді ғой?

– Ұлт зиялысы қатарында саналу үшін жәй ғана оқымысты болу аз, Мұстафа Шоқайдың тұжырымдауынша, оқығанның бәрін ұлт зиялысы қатарына қоса берсек – қателесеміз, ұлт зиялылары деп белгілі бір мұрат-мақсаттардың соңында жүрген және өз халқының жан-жақты дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын оқымыстыларды атау жөн.  Яғни, өзіңіз айтқан және солар секілді өзге де тағдырлы сәттерде бұғып қалмай, ел мүддесін көздейтін көзқарасын білдіріп жүретін жазушыларды ұлттық зиялылар деп білу керек. Ондайлар аз емес, бірақ дауыстары естілмейді. Дауыстары естілмегендіктен, «қазаққа келіп жатқан пайда аз» дейтін сияқтымыз. Ойлап қарасақ, дауыстарының тиісті деңгейде естілмеу себебі – олардың қауым болып, яғни жазушылардың ресми тіркелген өз заңды ұйымы болып, одақ атынан ұжымдасып үн қата алмауында. Зиялылар қауымы, яғни Жазушылар одағы дауыс көтерсе – жеке зиялының шырылдағанынан әлдеқайда айбатты естіліп, үні алысқа жетер еді. Өкінішке қарай, ондайға сол қауымыңыз, яғни  Жазушылар одағы құлықсыз. Сондықтан кінәні жекелеген жазушыға емес, көп жазушыны ұйыстырып отырған, алайда ұжымдық Бұхар жырау бола алмаған Жазушылар одағына арту жөн бе деймін.

– Тарих нақты деректермен жұмыс істейді. Біз қанша жерде көтермелеп, не кемшілігін іздесек те, тарихи шындықтан аттап кете алмаймыз. Қазіргі біздегі тарихтың барлығы дерлік Кеңес одағы тарихшыларының деректерімен, сол көзқараспен жазылған. Қазір тәуелсіз Қазақстанда өз тарихымызды саралап, сараптап  жазу қажеттілігі туындап тұрғаны анық. Сіз қалай ойлайсыз? Тіпті мектеп бағдарламасындағы тарих та сол бұрыңғы идеологияға сай жазылған тарих. Неге біз тарихымыздың ақиқатын өзіміз зерттеп, ұрпаққа өз ұлтының аық тарихын үйрету ісін қолға алмаймыз?

– Бұл мәселе айтылудан, төтесінен қойылудан кенде емес қой.  Еліміздің ғылыми-зерттеу институттары, мәселен, Шоқан атындағы тарих институты көп томдық тарихты жаңаша жазу ісіне кірісіп те кетті білем. Орындалуы қалай болады, көрерміз. Бізде жаңаша ойлайтын, тәуелсіз ел тарихын тереңнен толғап жазып шығуға қабілетті маман жеткілікті екеніне күмәнім жоқ. Тек институт сыртқы ықпалға төтеп тұра алса болғаны. Мұны алып көршіміздің ТМД елдері ғалымдары бәріне ортақ тарихты күш қосып бірге жазса дұрыс болар еді дегенге саятын ниетінен қауіп еткендіктен айтып отырмын. Өйткені бұрынғы метрополияның отарларына көрсеткен қысастығын бүгінгі тәуелсіздік тұғырынан әділ бағалаудың тағы да мүмкін болмай қалуы ықтимал...

– Жақында президент Назарбаев Қазақ хандығының 550 – жылдығын атап өту туралы мәлімдеді. Қазір дайындықтар басталуда. Фильм түсірілмек. Осыған дейін көптеген тарихи фильмдер бұрмаланып түсірілді. «Көшпенділердің» өзінде тарихи дерек әбден бұрмаланған. Осындай жағдай болмас үшін мүмкін оның сценариі тарихшылармен кеңесілуі тиіс шығар. Қалай ойлайсыз?

– Баспасөзде болған хабарларға қарағанда – фильмнің базалық параметрлері (жиырма серия болатыны, деректі екендігі және сценаристері мен режиссерлері) белгіленіп қойды-ау деймін. Жұмыс ойдағыдай шықсын десек, онда оны, әрине, тарихтан хабары молдар ғана емес, еліміздің шын мәніндегі отансүйгіштері жасау керек. Өздерінің түрлі бұрмалауларын ақтау үшін киношылар әдетте «киноның өз тілі бар» деген сылтау айтады. Соған  мейлінше жол бермеген жөн. Олардың таланттарының барша мүмкіндігін – өздері жетік меңгерген «кино тілін» деректерді бұрмалауға емес, әділетті түрде дәл көрсетуге, отаншылдық мүддесіне қызмет еткізуге жұмылдыруын талап еткен және қадалаған артық болмас еді. Алғашқы кезеңде – жазылған сценарийді тарихшы мамандардың талқысына салып алу ләзім. Менің ойымша, ең кемі – тап осыны міндетті түрде істеу керек.

– Қоғамда «Бүгінгі ҚР – үшінші Республика, себебі Алаш-Орда -  бірінші, Советтік Қазақстан – екінші Республика» деген тұжырым  бар. Сіздің ойыңызша қазақтың мемлекеттілігін қай кезеңнен бастаған дұрыс?

– Қазақтың тарих сахнасына қазақ атымен шыққан мемлекетінің 15-ші ғасырда Қазақ Ордасы аталып ту көтергені белгілі. Ал жалпы қазақ мемлекеттілігінің тамыры тереңге – түрк қағанаттарына, одан да әріге, ғұндар дәуіріне кетеді. Бертіндегі Шыңғыс империясының бір құрамдас бөлігі болып Арқаны жайлап тұрған Жошы Ұлысын, одан іргесін Еуропаға тереңдете кеңейтіп Алтын Ордаға айналған қағанаттың ішіндегі Ақ Орданы да қазақтың сан тайпасы құрап тұрғаны анық болғандықтан, қалайша өз мемлекетің демейсің.  Ал тұңғыш рет өз атымен аталған мемлекеттілігіміз  төрт ғасыр өмір сүрді. Ресей империясының қоластына кіргеннен кейін де хандығымыздың бір пұшпағы Бөкей ордасы деген атпен 19-шы жүзжылдық бойы, тіпті кеңес өкіметі орнағанға дейін Ресей ішіндегі вассал хандық, яғни патшалық құрамындағы автономиялық  құрылым болып тұрды. Монархия құлағаннан кейінгі жаңғыруларға келсек – сол кездегі алты миллиондай қазақ халқының жартысы Түркістан өлкесінде тұратын, олар 1917 жылға қарашада Қоқанда  жарияланған Түркістан автономиясы құрамында болды. Екінші жартысы сол жылғы желтоқсанда Орынборда жарияланған Алаш автономиясына кірді. Кеңес өкіметі екеуін де тарқатып, советтік негіздегі автономиялар жасады. 1918 жылғы 1 мамырда Ташкентте Түркістан Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасы, 1920 жылғы 4 қазанда Орынборда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы жарияланды. Екеуі де Ресей Федерациясы құрамындағы автономиялар еді. 1925 жылғы 15 сәуірде Қызылордада Түркістан Кеңестік Федерациясынан бөлінген қазақ облыстарын біріктірген Үлкен Қазақстан Кеңестерінің тұңғыш құрылтайы ашылды. Сол Үлкен, жер-суы, халқы біріккен Қазақстан автономиялық республика құқығымен Ресей Федерациясы құрамында болды. Автономиялық республика кезінде үш дүркін шарпып, ұлттық апатқа ұрындырған алапат ашаршылықты бастан кешті. Өтеуіне, 1936 жылғы сталиндік конституция бойынша одақтас республикаға айналды. Яғни, сол кезгі кеңестік анықтамамен айтқанда – ерікті кеңестік республикалар одағын құрушылардың бірі ретінде танылған «тәуелсіз мемлекет» болды. Ал іс жүзіндегі мемлекеттік тәуелсіздігін 1990 жылғы 25 қазанда Декларация қабылдауымен жария етіп, 1991 жылғы 16 желтоқсанда тиісті Конституциялық заң қабылдау арқылы біржола бекітті. Бұл кезеңдердің ешқайсысын да ұмытпай, тиісінше, қазақ мемлекеттілігінің ұзақ жолындағы маңызды белестер есебінде атап өтіп отыру қажет. Өйткені ондай жолдың азаматтарымызды тарихпен тәрбиелеуге, әркімнің бойына отансүйгіштік сезім дарытуға  апарары кәміл. Тамыры тереңнен тартылған бәйтерек мығым да мәуелі болады,  тарихы тұңғиыққа кеткенін анық біліп, мақтан ете алатын Ұлы Дала ұландарының елдігі мәңгілікке созылады.

– Қоғамға қарасақ, бізде романға жүк боларлық салмақты тақырыптар өте көп. Қазақтың мәңгілік қасіреті аштық туралы бірнеше шығарма жазуға болар еді. Бірақ тарихымыздағы нақты деректердің аздығынан  жазушыларымыз бір оқиғаның айналасында қалып қойған секілді?

– Жо-жоқ, «жазушыларымыз бір оқиғаның айналасында қалып қойған секілді» деу және оның себебін «тарихымыздағы нақты деректердің аздығынан»  көру дұрыс бола қоймайды. Меніңше, біздің елеулі бір кемшілігіміз – барды бар деп көрсете алмауымызда, жоқты жоқ деп іздестіре алмауымызда, бар-жоғымызды кәсіби пайымға салып түгендей алмауымызда жатыр. Басқаша айтқанда, әдебиеттанушылардың, сыншылардың күнделікті пендешілік батпағынан босанып, кең ауқымды қамти алатындай биікке көтеріліп қалам тербемеуінде ме деймін. Ашаршылықты айтасыз –  осынау үш дүркін соғып, соңы «үлкен террорға» ұласқан кеңес дәуірінің алғашқы жиырма жылындағы қасіретті ұлттық апат тақырыбы қатаң идеологиялық шектеулер заманының өзінде, сонау 20-шы жылдардан, Сәкен Сейфуллиннен бастап бірқатар ақын-жазушыларымыздың шығармашылығында қозғалған ғой. 70–80-ші жылдардан беріде Төлен Әбдіковтің «Өліара», Кәрібай Ахметбековтың «Қасірет», Адам  Мекебаевтың «Құпия қойма»,  Смағұл Елубаевтың «Ақ боз үй» романдары шықты. Мұны, әрине, көп дей алмайсың. Дегенмен, бұл тақырып қаншама жазушының түрлі туындыларында әйтеуір бір қырынан көтеріліп жатты.  Ұшан-теңіз публицистикалық жұмыстар бар. Таралымның мардымсыздығын ойлағанда, оларды да аз көрейік, алайда осы аздың өзі әдебиеттанушылар мен сыншылар тарапынан тиісті дәрежеде талдауға алынған жоқ. Олар кітап пен оқырман арасын байланыстыратын   көпір  бола алар емес. Жарайды, бұл жекелеген сыншы атқара алатын шаруа болмас делік, бірақ, осы іске жегілуге тиіс арнайы ғылыми-зерттеу институттары бар емес пе...

– Алдымен «Қазақстанда, қазақтарда ешқашан шекара болған жоқ» деп, кейін  2015-ші жылы қазақ мемлекетінің 550 жылдығын тойлау туралы ұсыныс білдірді президент. Ресей президенті Путин де «Қазақта мемлекет болмаған» деп шіренді. Үлкен деңгейдегі саясаткерлерге Қазақ мемлекеттілігі ойыншыққа айналып кетпеді ме?

– Біздің президентіміз «Қазақстанда, қазақтарда ешқашан шекара болған жоқ» дегенді бүгінгі заманғы халықаралық құжаттармен белгіленген ұғым тұрғысынан айтқан шығар, әйтпесе, Ресей империясының көне заманнан бастап тарих сахнасынан жоғалған кезіне дейін әр кезеңде жасаған карталарының бәрінде қазақ аумақтары айқын көрсетілген ғой. Ал өзін ақ генералдар мұрагеріндей санайтын көрші ел патшасының тұжырымы, «Қазақ мемлекеттілігін ойыншыққа» айналдырғысы келсін-келмесін, қатерлі саяси ойынның елеулі ұшқынындай әсер ететіні рас. Елбасы мемлекеттігіміздің 550 жылдығын тойлау жайында шешім жасау арқылы теріс пиғылдылардың біразының аузына құм құйды ғой деп ойлаймын.

_23_217081

– Алашорда кең ауқымды, күрделі зерттеуді қажет ететін тақырып. Біз Алашорда тарихын тиісті деңгейде зерттей алдық па? Ашылмаған ақиқат қайсы?

– Алаш қозғалысына байланысты құжаттар жинақтары жарыққа шықты, Алашорда мен оның батыс, шығыс, оңтүстік бөлімшелері (қанаттары) жайында ғылыми зерттеулер жасалды. Бірақ тақырып жеріне жеткізіле қарастырылып болды деуге болмас. Алаш автономиясы, оның Ордасы (Үкіметі) ел ішінде қалай қабылданды, ықпалы, билігі қай аймақтарда қаншалықты дәрежеде жүрді, жалпы, әкімшілік-аумақтық құрылымы, билік сатылары қандай еді, Халық Кеңесі қандай заңдар шығарды, өмір сүрген екі жылы ішінде не істеп үлгерді – осы тектес сауалдарға әлі толық жауап берілмеді-ау. Оның көркем шежіресі де көңілдегідей жасалып болды дей алмаймыз. Бұл тақырыпқа кеңес дәуірінде, билеуші партия ығында жазылған елеулі шығармалар жеткілікті, тәуелсіздік кезеңде де жазылуда. Орайы келіп тұрғанда айтуға тиіспін, сонау қайта құру саясаты дәуірлеген жылдардан бері менің де бұл тарапқа атсалысып келе жатқан жайым бар. Алаш қозғалысының табалдырығындағы оқиғаларға, қозғалыстың даму жолындағы кей белестерге көркемдік зерттеу жасаған шығармаларым тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері жарық көріп келеді. Сондай жұмыстарымды, он шақты жыл боп қалды, танымды туындылардан тұратын арнайы топтамама беріп келем. Тақырыпқа мен секілді өз түренін салып келе жатқан басқа да қаламгерлер барлығына күмәнім жоқ. Бірақ солардың мазмұнын, сапасын, көздеген мақсатына жеткен-жетпегенін, жалпы, жетістік-кемістігін маман көзімен талдап, саралап байқау мәселесі кемшін. Қазіргі кітап таралымы күрт кеміп кеткен, аз тираждың өзін әр қиырдағы оқырманға жеткізу мұң болған заманда бұған ерекше назар аудару ләзім. Мемлекеттік тапсырыспен шығарылатын кітаптардың таралымы бар болғаны екі мың дана ғана екендігін, оларды бір-бірден бергеннің өзінде еліміздегі кітапханалардың бестен біріне ғана жететінін еске алғанда,  тағы да сыншы, әдебиеттанушы қауымға, олардың жұмысын белсенділендіре алатын мерзімді басылымдарға базына айтуға тура келеді. Әдеби үдерісті тоқырап қалдыға балап, ауызды қу шөппен сүрте беру оңай, бірақ ондайдың салдары көңілсіз болары анық. Қазіргі әдебиеттің жағдайына шын жаны ашитын зерттеушілерге ізденістен шаршамауға бел буған дұрыс. Бәлкім,  көп маңдай тер төгіп, шаршауға тура келер, есесіне,  Алашорда тарихының көркем әдебиетте игерілу дәрежесін де,  «ашылмаған ақиқаттың қайсы» екенін де, қайда жатқанын да көпшілік алдына жайып салып, абыройлы іс тындыруға болады.

 – 2017 жылы Алашорданың 100 жылдығы болады. Соны тиісті деңгейде атап өту жайлы не айтар едіңіз? Мысалы Әзербайжан қалай азаттық жолындағы қайраткерлерін ұлықтағанын білетін шығарсыз. Ал біздің билік ондайға бара ма?

– Алашорданың 100 жылдығын тиісті деңгейде атап өту үшін осы бастан мемлекеттік деңгейдегі іс жоспарын жасай бастау керектігін тиісті билік буындарында ойлап жүргендер бар шығар деп ойлаймын. Өмірін азаттық жолындағы күреске арнап, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған қайраткерлерін жалғыз Әзірбайжан ғана емес, Кеңес одағы құрсауынан босаған талай ел ұлықтауда.  Мұсылман қозғалысының әйгілі қайраткері, большевиктер 1920 жылы құлатқан Әзірбайжан Халық кеңесінің төрағасы Мамед Эмин Расулзаденің  дөңгелек мерейтойларын тәуелсіздік алғалы Әзірбайжан Республикасы ұдайы биік деңгейде атап жүр. Зәки Валидов пен Мирсаид Сұлтанғалиевті башқұрт және татар елдері өз халықтарының аса қымбат ұлттық күрескерлері ретінде бағалайды. Азаттық күресіне солар қатарлы қазақ қайраткерлері де белсене қатысқан. Эмиграцияда Еуропа социалистері арасында Кавказ өкілі Расулзаде, Еділ-Жайық штатының өкілі Аяз Исхакимен бірге Түркістан өкілі Мұстафа Шоқайдың беделі зор болды. Біздің билік Алашорданы басқарған азаматтарды Әзірбайжандағыдай ұлықтауға бара ма деп сұрайсыз ғой, шамасы. Неге бармасын. Бұл үшін осы бастан Алашорданың 100 жылдығына дайындық мәселелерін жан-жақты ойластырып, іс-шаралар жоспарын  мемлекеттік деңгейде жасауға және биік деңгейде бекітуге қол жеткізу керек...

– Жалпы әлі де бұрын Алаштықтарды қинаған НКВД кеңсесінде біздің ҰҚК отыр. Ол дұрыс па? Менің ойымша ол ғимарат ашылып, музейге айналуы тиіс еді. Бірақ, олай болмады. Неліктен? Жалпы бізге бір тарихи арылу процесі жетпей тұрған жоқ па?

– Нақты жағдай басқаша: ҰҚК Астанаға көшкелі бұрынғы НКВД ғимараты бос тұрған. Үстіміздегі ғасырдың басында Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының делегациясын ҚР Президенті қабылдады. Сонда «әділетшілер» подвалында «Үлкен террор» жылдары талай боздақ атылған сол тарихи үйді Саяси қуғын-сүргіндер тарихы музей-мұражайына беру жайында өтініш айтқан еді.    Елбасы қолдады, тиісті тапсырмалар берді. Ғимараттың екі қабатынан мұражайға 600 шаршы метр алаң бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Әділет» еліміздің саяси тарихы, репрессиялар, ашаршылықтар музейде көрнекі безендірілуін көздейтін концепция жасады. Қала өкіметінің нақты көмегімен мұражай ашылуын-ашылды-ау, бірақ, бір жарым жыл ғана жұмыс істеп, қызметін доғаруға мәжбүр болды. Себебі, халқымыздың қасіретті тарихына тікелей қатысы бар ғимаратты биліктегі құқы мол әлдебіреу жеке қолға сатып жіберіпті. Міне бұл дұрыс емес. Бұл, шынында да, біздің ішімізде өткен тарихымызда жол берілген күнәдан арылу, тазару, моральдық тұрғыдан қайта жарақтану үдерістерінің жүргізілмегенінің салдары.   Сондықтан да өзімізді-өзіміз тарихпен тәрбиелеу ісіне мән берудің маңызы жойылмайды, арта түседі.

Сұбхаттасқан Мадина Жәлелқызы

(«Бейбіт Қойшыбаев, жазушы, тарихшы: «Жазушылар одағы шындықты айтуға құлықсыз» деген тақырыппен «Ашық алаң» газетінде 2014 жылғы 20 қарашада жарияланған)

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар