"Қазақ елі - 550 жыл" бәйгесіне!
(Романынан үзінді)
Ащы ішектей созылған адырлы тауды бөктерлей батысқа беттеген. Тор аттың алдынғы қапталына қызын, жаясына Байназарды мінгестірген бәйбішесі мен енгезердей үш баласын шұбырта ерткен Бұлан қара өгіздегі қомға қазан-ошақты артып ортасына кішкентай екі баласын шоқита салып жаяу жетелеген.
Кеше жолшыбай түнеп, таң бозынан ашық аспан, елсіз мұнар даланы бұдыр жолмен ендей ілгері ілби Керегетастың тұсына жете қаңтарылып, кері қайтып кете алмай, ілгері аттап баса алмай, көштегі тең түсіріліп кәдуелгі итарқа қос тігілген. Күн ұзақ безгекше қалшылдап ауырған бүлдіршін қыздың жүзін құбылаға қаратып нәзір айтып білетін ем-доммен ұшықтап қымтап-орап жатқызғанша бейшара ана зар жылады.
Көк жиектегі қызыл арай бірте-бірте өшіп, барқыт түннің баяу ұйтқып соққан самалы танадай қос ішіндегі әлсіз май шам жарығын ала-көлеңкелеп әрлі-берлі желпіте майыстырып тұр. Ошарлы жанды қорқыныш пен үрей иектеген. Қыздың бас жағында аялы алақанымен маңдайын аймалап телміре қараған ана, не істерін білмей дағдарған әке, үрпиіскен ағалары жалынан сипатпай үріккен шу асаудай күдігін тулатып, жан дүниесін жүдетіп, уайымын қалыңдатқан Байназарға мынау меңіреу түн тапжылмай бір орында тұрып алған секілді сезіле берді. Бір кезде жылы қомда тербеле балбырап келген інілері Қайса мен Қисаның бұрыш жақта қам-қайғысыз ұйықтап жатқанына көзі түсті. Пешенеге бұйырған тағдырын біле алмай дағдарғаны. Шіркін! Бауырларымша мызғасам, үрейден құтылар едім. Аңсап армандауы мұң екен, шөре-шөре ділгер сезімі тықсыра тығылып шым-шытырық шырмауға түсті. Қарауылдағы солдаттай кірпік қақпай қалшиып тұрып шүйкімдей жақсылық сұрап жалбарынумен әлек болды.
– Қорқытып-үркітпей, меселімді қалдырмай, міні, қанша қаласаң сонша түп-түгел алдыңа тізіп әкелдім десе. Пай-пай! Ұлы жаратушым асқан жомарттықпен арман-тілегімді еселеп бере берсе жер бетіндегі ең бақытты жанға айналып шыға келер едім. Әулетімізге ауру-cырқау, кедейлік пен жамандық атаулының ешбірі жуықтап жолай алмас еді. – бір-біріне ұласқан қиял тым биіктеп шарықтап алды. Әдетте, жауға шапқан қас батыр алқынып, қаны тасып “Абылай-лап” әруақ шақыра ұрандатса ауыздықпен алысқан аттай аласұратыны бар еді.
Жапан дала, қап-қаранқы түн, қалқиған жалғыз қос іргесіндегі қара өгіз бен тор ат тебіндеп шыққан көк шөпті хайуанға тән құймырлықпен тырыс-тырыс құныға жұлды. Одан әрірек Керегетастың желкесіндегі толықсыған сүттей аппақ айға саңылаудан шағылысқан Байназардың жанары тамұқ азабындай сұрықсыз үрейлі түннің аспанына үңілді.
Ол түңіліктен себелеген ай сәулесі арасынан кеше кештегі әкесінің ел-жұрттан жырақтап қалған жайдың қыр-сырын Күлбадан қызын иығына отырғызып алып айтқан бейнесін елестетіп жатыр.
– Біз анау темірқазық жұлдызын оң иыққа тастап батыс теріскейге тура тарта берсек Маңырақ тауының етегіне ілінеміз, – қызының қолынан ұстап, – Қазақтың жазық сар даласында түнгі жортуылшылар темірқазық жұлдызын әрқашан бағыт-бағдарда ұстаған.
– Әке, әке...әке... Маңырақ деген не? – деп тақылдады сонда Күлбәдан.
– Ботам, туған жеріміздің олай аталуы тегіннен тегін емес. – мұң аралас дауысы байсалды үнге ауысып. – Барқытбелдің теріскейіндегі Маңырақ туралы “Қозы Маңырақ, қой Маңырақ, Арасы толған көп қалмақ” деген екен Бұқар жырау. Үлкендердің айтуынша, жаугершілік заманда қалып қойған жалғыз саяқ қой маңырап тау ішін жаңғыртқан, соның кесірінен ауылды тауып алған жаулар қырғидай тиген. Бұны естіген қазақтың қас батыры Қабанбай мен Бөгенбай Ұржар жақтағы Ақшәулі баурайына көп қол жиып, бұзақыларға ойран салып, қара қашқанын Ертістен өткізіп, Алтайдан асыра қуып салады. Қашып-бысқан ойраттардың біразы Сауыр, Сайқан барып орынығады. Арғын Найман өзінің кең қонысында қайтадан қанат жаяды. – сәл үнсіз отырып Күлбаданның басынан сипап, – сол Маңырақ қаңырап қалды қызым. – дегенді.
Ата-жұртта ағалы-інілі Бұлан, Сәди, Қажыбай, Мұқан, Серғазылардың әкесі Құсайын жатыр. Зар заманың алапаты жанға толы талай шаңырақты мәз-мейрам шат өмірден айырып таяқ сүйретіп жіберді. Бұлан нағашы Уақтың елін, інілері Сауырдың күнгей бетіндегі Алыбайдан тарайтын Мәсалім ауылының бай-манабы Ағыбайды барып паналаған.
– Маңырақтан Сауырға дейінгі өңірді көзіңнің қарашығындай қорғап жүр, – деп Қабанбай батыр Ағыбайдың арғы атасы Балтабайға аманаттаған деседі. Баба арызын арқалаған Балтабай бұтағы Қонақбайдың тоқалы Нәкіден өрбіген Ағыбай, Мұқанға тиселі біраз түтін қытай-орыс ымыраласып жер бөліске салынып қақайырылғанда іштей дүрлігіп Сауыр сағалап қалып қойған.
Маңырақтың теріскейіндегі Алыбай ақшиі жиегінде толағайды ерекше киелі санайтыны өткен өмір елесін еске алған әке үнінде сағыныш пен өкініш аралас есіп тұрды. Әсіресе, қазаққа үлкен қиянаттар жасалса Құдай тағала қаһарына мініп, толағай түбінен сұрапыл күшпен жер бетін топан сумен шайып жібереді мыс. Осындай өңірдің табиғи қасиеті, әрбір қиыршық тасы, тебіндеп шыққан қылтанақ шөбі, қысы қалай, жазы қалай болатыны бүге-шігесі тәппіштеп айтылғанда тапжылмай отырып тыңдаған. Бағзыда атты кісі көрінбейтін қалың ши көмкеріп, үйір-үйір жылқы, қора-қора қой, табын-табын сиыр, мыңдаған түйе жайлып жататын “Алыбай ақшиі” әңгімеге тиек етілгенде құйырығымен тепсіне сырғып-сырғып кеткенін сезбей қалған. Бірде кедей, бірде бай баянды-баянсыз өрекпіген өмірдің жал-жал дүлей тасқынды толқыннан өтіп Алыбайдан бері қанша ұрпақ алмасқаны түгел түгенделген сәтте өзінің шыққан тегін түсінген. Ежелдің ең күніндегі туған өлкеден жырақтап, мың бір жапа арқалап тау-тасты асқан, жат жұртта жаутаң көз жалтақ күйге түскен күйзелісін “Ит екеш итке бермесін” деп күңіренген тұсында тұла бойы шымырлаған.
– Бауыр етім балаларым адамшылық ар жолында қандай қиындықта кездессеңде білмей істеген кінәні кеш деуден көрі кінәлі істі кешпеуге тырыс. Маңырақта туып, Алыбай елінде тұрғанымызды руластарымыздан басқа ешкім білмейді, жер ұйықтан үркіткен, жылы ұядан бездірген нәнсінген сүркіл сұрқия заман бездіріп кетірді, сағынышқа айналған туып-өскен кең өлкенің тау-тасы, сай-саласы сансыз жұлдыздардай, жайқалған жасыл даладай, сарғайған сары күздей арпалысты арманды арқалап уақ-уақ еске орала берер енді.
Ол мүлік-мүкәмәлін тастап қиыр қонып, шет жайлай жүріп мың батпан алдамшы үмітке ерген ғазиз әкесін аспандағы жұлдыздарға қадала қарап жатып қатты мүсіркеді.
Беу, дүние-ай! Кеше мақтаныш кернеген дүниесі бүгін арман, құт мекендегі мал-дәулетінен бала-шағаға жұрнақ бұйырмастан бір күнде адам сенгісіз аянышты күй кешіп тек отбасын олжа көрген әкенің мекенсіретіп меңдеткен сарытап сағынышы қатпары қалың қиялға қиялата бергені.
Әттең! Сол бір дәуір, басынан тастамай киіп жүретін төрт сайлы найман тымақ, құп жарасатын қара елтір жағалы сары тонды киіп, қонышы тізеден келетін құрым былғары ұлтан табан етігін сықырлата басып күрең жорғасына қарғып мініп, қызыл тобылғы қамшыны сипай сермеп тайпалта жөнелткенде ғұндардың сарбазындай сымбатты келбеті қанатын қомдаған бүркіттей сұстанатын, айғыр жалындай жарылған Маңырақтың дөң-жоталары мидай жазық далаға айналып кететін, сонда әлемдегі ең бақытты баладай сезінетін. Бұл құт мекенде мыңғырған малы жусай жайылып, мұртын балта шаппас “Бұлан бай” аталып “Ит басына айран төгілген” мамыражай дәуір үрке тулап тоқымын бауырына ала ғайып болғандағы төлежіген түс дерсің.
Әсілінде, ел ауды, бақ тайды. Ендігі бағыт-бағдар бұлыңғыр, қайда барып, қай елді паналайтыны белгісіз бұралаң босқын жолға түскен. Туыс-туғандардың дені бірер тал құртын, бір уыс бидайын, талқанын, ниет еткені қолындағы барын бөлісіп не көрсекте бір жерде біргеміз деген алдамыш сөзді малданған, басқа алып берер түгі жоқ, ертеңін елестете алмай есі кетіп сандала сабылған дүйім жұрт.
Көз ұшында мап-майда сауылдап сүзіліп аққан құм сағаттай көлбеген елеске елігіп жоқтан өзгені аңсап, жасына лайықсыз кесек ойлардан қысылып қымтырылды ма, жоқ, әлде байлық қожырап, қарттық меңдеткенде өткенді жиі еске алып әлде бір дертті қоздататын сиқырлы сықпыт қай теңім деді ме, “бәрін қойшы” деп кенет күрсініп жіберген, сіркесі су көтермей әрең отырған шешесінің құлағына түрпідей тиді.
– Қалқам-ау! Жаманшылық шақырғаның не? – деді булығып.
– Төсекте сұлық жатқан Күлбаданды аяғынан қарғып тұруын тәңіріден сұрағанымды білмегенің қалай, – анасына үнсіз бұртия қарап. – Енді не болар екен, – ол әлгіндегі ойына қайта ауысты. – Құдайым-ау, аурудан ада-күде айықтыратын құдыретті күш қолымда болса ғой, бұл өзі қашанға созылады, таң ағарғанша ма, сол жарықта ібіліс жүре алмайтынын бейшара шешей өзің айтып отырушы ең, мүмкін мына азаптан сол жылы шуақ құтқарар құтқарса, құдай дегеніміз бәлки сәулелі күн нұры болар, көк жиектен күлімдеп күн көтерілгенде бәлки бүкіл әлем ләззәтті күйге бөлене түсер, жер, су, ауа, барлық тірілік тынысы нәр алғанындай мен де құдайдың көзін көріп қуанар ем.
Зымстан қыс кетіп, көктем шыға Шүрінбай ауылына көшуге буынып-түйініп жатқан таң алдында ел-жұртқа бір табан жақындайтынын естіткенде қабағат қуанып айғай салғысы келген Байназар темірқазықтан көз алмай ұзақ тұрған. Ой, Алла! Қостың жапсарынан қарағанда баяғы орынан сүйем жылжымаған, алашұбар аспанда самсыған жұлдыздардардан ерекшелене менмұндалап қаз-қалпы жарқыраған темірқазықты көрген.
Қиыр жайлап шет қонып жүріп – аяулы да, сүйкімді Күлбаданың жол-жөнекей ауырып қалғанына қатты күйзелген анасынан алаңдаған ұлдары зыр жүгірген, жан мен тән сырқат тартып ем-дауа іздеп шарқ ұрып шарасыз күйге түскенде қайта-қайта қасықтап сусын тамызып, дымқыл таза орамалмен бетін сүртіп, қол-аяғын уқалап тыным таппады.
Бір жолы қатты ауырып қалған әкесін кетпеннің басын отқа салып қып-қызыл шоқтай балқытып алған бақсы жалаң аяқ табанымен осып-осып алып шыж-шыж еткен май табанның жалынын қоңырсыта әкесінің белінен бірнеше рет басып-басып селк-селк еткізіп, артынша оттағы қызарған тағаны тілімен жалап жіберіп, бақырдағы суды ұртына толтырып ап “су-фу” деп қойып, ұртына қайтара толтыра ұрттап “су-ф-ф” деп бүріккенде жағымсыз түтін бадырая таңырқап тұрғанда мұрына жетіп қолқасын қауып көзін ашытқаны бар еді. Тфә-тфә, сол емнен соң әкесі құлантаза айығып кеткен. Содан бастап бақсыны өлместей көреді. Сондай бір аруақтармен тілдесетін біреу келіп қарындасын құтқарса деп армандады. Жайшылықта шешесінің бас сақинасы ұстаса қою күрең шайдан бір кесе ішіп алып күйбің тірлігіне құлшына кірісіп кететін, ал мына сырқаттың түрі мүлде басқа, жеті күндей, тіпті жеті сағаттай жетіге жеткені білінбей келген үкілі құндыз бөрікті бүлдіршінді бұл-бұл ұшырып әкетердей зәре құтын қашырғаны соншалық Қабанбай батырдың дулығасына ұқсаңқырайтын алалап алынған шашын тікірейтіп жіберді. Иләйім, ләйім дей берді. Әкесі білетін дұғасын күбірлеп оқып отыр. Осы бір сәтте Байназарға өмір ағысы көз ілеспес сағым секілді қас-қағым аралықта зымырап өтіп кететіндей сезілді.
Салмағы ауыр сырқаттан таң сызып ағарған шақта он екі де бір гүлі ашылмаған бүлдіршін қыз ғұмыры қыршынан қиылып үзіліп түскен мезетте боз аспаннан жалғыз құйрықты жұлдыз ағып бара жатты. – Күлбаданмен бірге о да үшып кетті, – деді Байназар еңірей езіліп. Оның көңіл түкпірінде мал-мүлкім, алтын-қазынам, бала-шағам қалып бара жатыр дейтіндей жарық дүниеге арбалып шырмалған әжі қыздың жасына жетпеген кіршіксіз таза қарындасын періштелер құшақ жая қарсы алар деген ең соңғы үміт сыбыры қалды.
Сол күні түс әлетінде іш-бауыры езіліп, жанары моншақ жасқа толған Байназар мен бота-боз болған аға-інілері және қара жерді құшақтай боздап кею ана отырды.
– Қайтейін, тағдырдың ісіне амал жоқ. Күн мен түн сияқты қайғы мен жұбаныш алма кезек. – деп Бұлан ақылының күдеріне салып көңіл айтты. Оның жан-жары сай-сүйекті сырқырата ен даланы тербелте зарлады.
– Ол енді періштелермен теңесті, – деді Байназар күрсініп.
Хош! Бақұл бол Күлбадан! Бір уыс топырақ жамылып жалғыз томпиған мола қаяулы көш ұзаған сайын алыста бұлдырап қала берді.
Бұл мезгіл тоң жібіп, тіршілік біткенге жан кіріп, нәрестенің уыз денесі секілді ұлпа табиғат сілкіне құлпырып өзгеше түс алған көкек айының орта тұсы болатын.
Қытымыр қыс әлегінде мойын жар бермей күрмеуі күрделі қордаланған істер ауыл аралас, қой қоралас қоныста қыстан қалған сүріні шәугімге пісіріп сүрге жей отырып әңгіме көрігі қыздыратын шақ еді.
Төскейде жоны қызып ойнақ салған төрт-түлік, қозы-лақпен бірге жарыса шуласқан балалар, көкте шырылдап тұрып алған бозторғай, әрлі-берлі сабылысқан атты-жаяулыларға арсалаңдап таласа жүгірген иттер, киіз үйдің түрілме есігінен көз салған әлде кімдер, ұршығын үйіре шүйіркелескен кемпір-кепшектер, сыңғырлай күліскен қыз-қырқындар кеш-тәңертеңгі абыр-сабырда өзгеше бір жарасымдығымен көз тартады. Осындай сәтте “Бұлан көшіп келеді” деген хабарға туыстары мәз болысты. Соның ішінде Сәдидің жалғыз қызы Кәмалдың қуанышында шек жоқ.
– Мен ағаларыммен бірге, Күлбәдан сіңілімнің жанында жүрем, – деп алақайлады ол.
Түзде жұмыс, үйде шаруа қайырылып, бала-шаға, үлкен кіші құтты той болатындай әбігерге түскен. Төрт қара көз түп-түгел Құсайынның қара шаңырағы Серғазының үйіне жиналған. Есік алдында патшалық құрып бір-бір топ болып асыр салған балалардың ортасында Арынғазы тентектігіне мініп жер тарпыды. Оның сөзіне ренжіп, ұрып соққанның орынына біреулер басынан сипап “ой жүгірмек!” деп керісінше күлімсіреп мейір төккенсіді. Ол болса одан әрмен бұлқынып айқұлақтана айғайға басып “Тоқалдан туған дейсің бе?” деп жұлқынды. Осы мезетте көш келіп жеткен.
Бұланның бәйбішесін абысын-ажындары кезек-кезек құшақтап көрісті. Көз жасын тия алмаған Кәмал, – Күлбәданды қайда тастап кеттің!? – деп шешесін бас сала сұңқылдап өксіп-өксіп жылады.
– Жарқыным-ай! – бейбақ ана қызды бауырына басып жоқтасын.
Көзімнің жасы жосылдай,
Келгенде Еміл басында-ай..., – шерге толы азалы жоқтау жиылған жұрттың қабырғасын қайыстырып жалғанның нала-мұңын еске түсіргендей.
Тақымында ашамайы жоқ алыстан арып-тозып Сауырды сағалаған қара домалақ қандастарына қол ұшын беріп жанашыр жақын пейіл танытпаған соң “екі қолға бір күрек жұмыс” деп діні, тілі басқа он төрт сұм торғауытқа жалда тентіреп жүрген жақындарының жайын Ағыбайдың кесірі деп түйген Бұлан қатты қапалы. Ал Бурят, Қотын, Қалқа, Байыт, Торғауыт, Уранқай, Өлді дегендердің тілін түсінбей жүрген Байназарға бұл жай мүлде жұмбақ еді.
Елдің барында бірер сауын сиыр, оншақты қой-ешкі, әрбір түтінде бір-бір шолақ аттан басқа мыңғырған мал жоқ, соның өзінде жалпыға ортақ жерге тұяқ кесті қиянат жасамау, көктеу, жайлау, күздеу, қыстаудың әрқайсына Дешті Қыпшақ даласынан бері қалыптасқан мал жайылымын пайдаланудың дағдылы көшіп-кону тәртібіне сәйкес Сауыр көктеулігіне елдің екінші жыл қоныстануы.
Бұндағылар артта қалған ел-жұрттың кейінгі жай-күйіне, қашып-босып көптеп келіп жатқанына тайпа ел қынжылды. “Байтал тұрмақ бас қайғы”. Елдің басына төнген қара бұлттан бір-бірін қорғап ортақ тірлік тынысын іздегісі келеді, күндердің күні Маңырақтың дәмі тартып туған жерге қайтын баратына сенеді, аңсап тілейтін асқақ арманы туған жердің топырағы, сол баяғы сайын даланың кең өрісі.
“Інісі бардың тынысы бар”. Жігіттер қыстаулықтан белгілі бір орынға таған қалап тастан үлкен шошала үй салуға кірісіп, апта араламай жабыла қаптап үйді салып бітірген. Езуінен енші бөліп бермесе де қыстаулық үйдің ішінде жамбастап жатып Бұлан елдікті сақтап жүрген інілерінің берекесіне дән риза.
Жұнттай киініп жүретін азаматтар бүгінгі жұпыны өмірге жасымаған, тек Сәдидің репетінен қажығандық байқалғаны болмаса басқаларының қажыр-қайраты әлі мығым. Бұдан біраз жыл бұрын әйелі дүниеден озған Сәди бас құрамаған. Бұлан інісінің өмір тепершісінен жүдеп-жадағанын көріп құйрық-жалың болып жүрсін деп екінші баласы Құлыбекті бауырына салып берген. Ол ағасының мейір ықыласына еңсесі көтеріліп әжәптәуір желпінді. Осындай қуаныш пен мұң аралас көңіл-күйде кісінесіп табысқан туыс-туғандарды алда талай нала-мұң, қайғы-қасірет күтіп тұрған еді.
Әрбір таңның ашық аспанында “қайғысызға қара су да тамақ” деп күнелткен көктеулікте жердің қыр-сырына қанығып, жұмыс-шаруалары реттеп атқа қона бастаған.
Бір күні Бұланның бәйбішесі төсек тартып қалыпты деген жел сөз дүр ете түсті. Ол сарсүзектен жығылыпты, жоқ, оба деген дерт десіп тұс-тұстан даурыға гу-гулесті, аяқ астынан сап етіп жеткен дертке қанша адам шалдықты, судан ба, ауадан ба, ол неден тарады о жағына қан жүгіртіп бас қатырып жатқан жан баласы жоқ, әйтеу, оба мен сарсүзектен азарда безер болған, табан астындағы жалбырақтан жалт етіп үріккен аттай аттонын ала қашып зәре құты қалмаған елді көресің, кейбірі іргеден алыстап көшіп те кеткен.
Емілдегі Шотай, Уақ елі қойдай жусап қалған, кейбір шаңырақтың түңілігі ашылмай, түтіні түтелмей орыны толмас қасыретті қаралы күндер кешуде дегендей сұрапыл сырқаттың хабаршысындай қара аспанан қарша бораған қауесет жетеді.
Елдің шошынғаның байыбына бара алмасада “сақтықта қорлық жоқ” деп балаларын оқшаулап жүрген Бұлан да мұрттай ұшты.
Әр алуан азулы жыртқыштың қайсы қайсыннан жәбір көрері беймәлім, жер бауырлаған жылан ба, көктегі шүйліккен қыран ба, неден болса да ең жыртқыш деген мақұлықтың өзі айлалы адамның құрығынан қашып құтылуы неғайбіл. Әйтеуір әлдіден әлсіз, ақылдыдан ақымақ ұтылатын табиғат заңы бұлжымайды. Адам баласы жаратушысынан қорқа тұра, салт, дін, заңы бола тұра зорлық-зомбылық жасалса шыбын жан үшін себепте себеп бола алмайтыны, соның жолында жан пида ететіні белгілі.
Маңырақтан асып батып бара жатқан күнге қарап тұрып мұңлы ойға шомған Бұлан отанымнан бір уыс топырақ бұйырса дегенде от басып жүрсем де өкініштен өзегім бүйтіп өртенбес еді деп ойлаған. Сол күні кешке қарай өзінің асыл жары, жеті құрсақ көтеріп, сол жетеудің бақыты мен азабын арқалап өтеріне арналған жұбайының жүрегі бір жола тоқтағанда өзінің де күш-қуаты сарқылып азайып бара жатқанын сезген. Құдай қосқан қосағынан айырылып қабырғасы сөгіле бүк түскен. Айтып келген ажалдан құтылмайтынын түсінді ме, қауашағын біразға ұзартуға тәңірі тілегінен ештеме шықпайтынын сезді ме. – Енді сарылып жатпаймын, – деп Көкен мен Сәдиге балаларын тапсырып бақұлдасқан.
– Құдай берген алты ұрпағымның тірлікте тиселі ғұмырында көз-қыр сала жүріңдер, – деп аманат сөзін үзіп-үзіп жеткізген. Ертесі таң ата өмірден Бұлан озды. Бар бәлекет іс пен сумаң сөзді өлім тыныштандырды. Сүйек жер қойынына тапсырылғанда у-шу сап тиылды.
– Ой дүние-ай, қат-қабаттап жұлып әкеткен қатыкез ажал-ай, – деді Көкен күңіреніп. – келер күннің жақсылығын айтып желпініп жүр едік, көп ішінде жүруге жазбапты. – деді еңсегей бойлы, кем сөзді, бір тоға Көкен
–Тірі адам тірлігін көреді, Әлібек балам, – деді ағасы Қажыбайдың баласы Әуелбайды бауырына салып алған Көкен буыны әлі берік қатая қоймаған өрімдей алты ұлдың тиселі несібесі медет болатына іштей сеніп ойлы жанармен үнсіз отырды.
Әлібек өзінен кейінгі жас болса да ойына сай сөзі бар ақылды інісі Құлыбекке жетелеп сүйеу болып жүрерсің деген ниетпен сүт кенже інісі Қисаны қасына қосты. Тепсе темір үзетін інісі Базарбай мен Байназар және Қайсаны қасында қалдырды.
Тағдыр басқа салған тұл жетімдік жарасы дидарын жүдетіп, балдыр бала мұртын білтелетіп, кескін-келбетін ірілеп, ойлы жанарын үлкейтіп Байназарды ерте ширатып ерте есейтті. Жан бағудың қамын күйіттеп тынбай еңбек еткен, байдың малын баққан, табан тоздырып отын жағып жалда жүрген қаяулы нарау көңілдің бір айлық жал ақысы алған бір тоқты, оны бір пұт бидай не бір пұт арпаға айырбастап қоралы жанның жарты ай азығын ажыратып, күн көрістің қиындығын шеше жүріп Маңыраққа қайтсемде көшіп барармын деген үмітін үрлейтін. Өзінен үлкен дүниені сүйреп бара жатқан құмырысқаға барар жері қайғы болып па, атжалын тартып мінгенде қазақтың жер ұйық дархан даласына жете аламаса өкінішпен өксіп өтерін сезеді.
Сауырды дөңгелей қоршаған ну жыныс қарағайлар, Толағай тоңірегіндегі ауылдарда әрлі-берлі сабылысқан адамдардың тірнегі терең, тынысы тар тірлік туы құс жолындай көрінсе дала самалын сағынып кеңсірігі ашитын, сай-сайдан құлдилап құлап аққан өзен сыңғырындай бүлдірген терген қыз-қырқынға еркісіз көз қиығы түсетін, ғашықтық сырды ішке бүккен ғажайып бір әуен қытықтайтын, осындай бір күндерде тай құлындай тебісіп өскен бала досы Қожахымет Маңырақтан келіп жетті.
Өмір ағысы өз арнасымен жалғаса берер, ширап ширыға түсер, “бір күнді кешкіртіп, бір күнді ескіртіп” төбедегі күннің қызуындай бала жігіттің жүрек толқуын жебеген ғұмыр өзегеше, ғасырға жуық күн кешкен қандай бір жанның бүтін бір күннің арасында парықсыз жып-жылмағай өміріндей болып кетпей, бірінен соң біріне ұласқан тізбекті маржандай көз тоймас көрікті күндері әлі алда, алыста еді. Еріні кеберсіп шөліркесе ернеуі кертеш-кертеш астаудан сусап су ішкен сусындай жалғанды жалпағынан басып жүріп жарлы байыр, жас өсер. “Мың күнгі қараңқылықтан, бір күнгі жарық” артық демейтін бе еді?! Шіркін, жаратқанның жарық дүниесіне не жетсін!
Бағай НАЗАРБАЙҰЛЫ
Пікір қалдыру