Негізі құқық қорғау органдарын мақтап жазған емеспін, тек сынаймын, себебі, жұмысымның реті солай. Олар мен біздер, яғни адвокаттар, екі баррикаданың екі жағындамыз. Ал, мына жолы Оралдық құқық қорғау органын (нақты атауын айтпай-ақ қояйын, жағымпазданып отыр деп ойлап қалар) мақтағалы отырмын. Былтыр бір жас баланы қорғаған едім, тап-таза сәлаф еді, "Діни экстремизмді қаржыландыру" деген айыппен 3 жыл жалпы режимге сотталды. Ата-анасының жалғыз ұлы, одан басқа қыздары бар, бірақ, қазақ үшін ұлдың орны ерекше екені белгілі ғой. Шешесі байғұс "жалғызым, жалғызым"-деп әлі күнге жанын шүберекке түйіп шапқылап жүр. Бала көп ұзамай, мерзімінен бұрын босап шығуы тиіс, себебі, ол колонияда босқа жатпай сондағы кәсіптік мектепте оқып, білім алды, қауғадай сақалын қырқып, жөнге келтірді, мен де өз тарапымнан Абайдың, Шәкәрімнің кітаптарын апарып барымша бетінің бері қарауына атсалыстым. Ол маған колониядан босап шыққан соң, өзінің әйелімен ажырасатынын ашық айтты, себебі, келін бала үстіндегі қап-қара хиджабын қанша жерден жалынсақ та шешпей қойды, өзінің туған апа-жездесі Сирияға бала-шағаларымен аттанып кеткен, жанұяларымен түгел сол жолда, енесін сыйлау деген атымен жоқ, өйткені ол кісі намаз оқымайды, т.б. айта берсең әңгіме көп. Негізгі айтайын дегенім, жақында баланың анасымен кезекті әңгіме үстінде (жиі кездесудің сәті түсе бермейді) "Апа, Сіз құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне өмір бойына рахмет айтып өтетін боласыз"- дедім, ол кісі түсінбей бетіме сұраулы жүзбен қарады. "Қараңыз, балаңыздың беті бері қарады ма, қарады, дұрыс жолға түсті ме, түсті. Міне енді мемлекет соның бәрін ескеріп, ертерек колониядан шығаруға атсалысып жатыр, ал егер ол алдыңғы қылмыспен ұсталмаса не болар еді? Келініңіздің туыстарымен немерелеріңізді алып Сирияға аттанып кетпесіне кім кепіл?-дедім". Шешесі байғұс "Дұрыс айтасың, дұрыс айтасың Абзал"-деп жылап жіберді.
(Абзал Құспанның фейсбуктегі парақшасынан алынды)
Пікір қалдыру