Оппозиция мен билiктiң күш-қуаты бiр-бiрiне тура пропорционалды болмағаны қоғамның әлсiздiгiнiң көрсеткiшi. Оны қазақ академиялық бiлiмсiз-ақ өмiрдiң өзi ұсынған тәжiрибеден түйiндеп, саралап сезген. 19-ғасырдың екiншi жартысында қазақ даласындағы оппозиция мен билiктiң тартысында орын алған кейбiр мысалды алып қарасақ та жеткiлiктi. Оразбай байлық пен билiкке қол жеткiзген озбыр билеушi. Абай оған қарсы тұрған оппозиционер. Екеуi бұршағы бiтiспес қарсылас болған. Оразбай Абайдың көзiн құрту мақсатымен исi Тобықтыны ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған шынжыр балақ, шұбар төстерiнiң қолдарын қанға малып, баталасуға дейiн барған. Ол бұдан өзге де қаскөйлiктiң сан түрлiсiн ұйымдастырды. Сол Оразбай Абай дүниеден қайтканда қатты қайғырған адамдардың бiрi болған. Оның себебiн сұрағандарға: “Мен кiм? Абай кiм? Оразбайды қанша қазақ бiледi? Оразбай атымның шығуы Абайдай арысымның арқасы емес пе? Абайға мен жыламағанда кiм жылауы керек?”-дептi. Кеш болса да қарсыласын жоғары бағалағаны, әдiлдiктi мойындағаны емес пе? Мұны билiктiң оппозицияны керексiнген көзқарасы десек, қандай артықтығы бар? Ал, бүгiнгi билiк тым құрығанда Оразбайдай мiнез көрсете алып отыр ма? Әрине жоқ. Бұл оның мықтылығы емес-үлкен мiнi. Керек десең, қоғамдағы тепе-теңдiктi сақтауға құлықсыздығы.
(Амангелді Керімтаевтың фейсбуктегі парақшасынан)
Пікір қалдыру