«Тәуелсіз» арт жобасы цензураға ұшырады.

/uploads/thumbnail/20250110154457183_big.webp

 Өз елімізде тұрып, өз тілімізде өз мәселелерімізді ой елегінен өткізе алмайтынымыз ұят – Руслан Жұбаныш

Осыдан бірнеше жыл бұрын Астанада құрылған Тәуелсіз täuel[dı]sız арт жобасы біраз уақыттан бері Астана, Алматы т.б қалаларында өнер кешін өткізіп келеді. Белгілі жоба Қаңтар қырғыны, Ресей басқыншылығы, жасанды интеллект және экологиялық мәселе сияқты Қазақстанда және әлемде болып жатқан оқиғаларға үн қатып, ойларын батыл айтып келе жатқан жастардан құралған. 

Жақында täuel[dı]sız арт жобасы Мәдениет министрлігінің салғырттығынан құжаттан қате жіберіп, қорытынды кештерін өткізе алмай, тосқауылға ұшырап отырғандарын айтып, дабыл қақты.

«Тәуелсіз» арт жобасының авторы әрі продюсері Руслан Жұбаныш осы уақытқа дейін ұйымның жұмыстары әр қойылым сайын цензураға ұшырап келе жатқандығын айтады. 

         Біз 5 жыл бойы үлкен сахналарда Жасанды интеллект сияқты жаңа технологияралды пайдаланып, қалың көпшілік назарына қазақтың заманауи өнері мен поэзиясын ұсынып келеміз. 2019 жылдан бері 6 қалада жалпы мыңдаған көрерменді қамтыған 12 үлкен ауқымды концерт бердік. Онда тіл, ұлт мәселесі, тарихымыз, діңгегіміз сияқты қазақ қоғамы үшін, әсіресе өзекті мәселерді қозғаудан еш тайсалмадық. Әр концерттің алдында әйтеуір бір директордан, бір бастықтан, не бір дөкейден қысым көрдік деп нақты айта аламыз. Оның барлығы шымылдықтың артында қалып отырды. Өйткені көрерменнің көңіліне обал, командадағы 30 адамның айлар бойғы еңбегіне қиянат деп қашан да бар дипломатиямызды салып, ыңғайлы, оңтайлы бір шешімін тауып жүрдік, – дейді.

Сондай-ақ ол әрбір қойылым ел арасында дүрбелең туғызатындай болмаса да, әр кеш сайын цензураға ұшырап отыратындығын, ең сорақысы бұл жолғы өтетін қорытынды кештерінің өтуіне үлкен тосқауыл қойылып отырғанын айтып, көрермендерден қолдау күтетінін жеткізді.

 Бұл жолы алдымызға бұрын-соңды көрмеген үлкен тосқауыл қойылып отыр. Қорытынды кешіміз негізі 17 желтоқсанда өтуі керек болатын. Бірақ залдағы жоспардан тыс жөндеу жұмыстарына байланысты кешіміз 25 қаңтарға шегерілген еді. Біз осы күнді залдың әкімшілігімен және Мәдениет басқармасының тікелей рұқсатымен бекіткенбіз. Бірақ  бұл жолы залда басқа шара өтетініне және Мәдениет басқармасы құжатты қателесіп жолдағанына байланысты қорытынды кешіміз өтпейін деп тұр. Өз елімізде тұрып, өз тілімізде өз мәселелерімізді, өнер, мәдениет перформанс деңгейінде ой елегінен өткізе алмайтынымыз ұят. Бірде бір концертімізде заңға қайшы қандай да бір әрекетке үндейтін сөздер айтылған емес. Бірде бір концертімізден кейін жұрт даурығып, бүлік шығарған емес. Бірақ елімізде өз көлеңкесінен қорқып, қазақтың қара сөзі мен қара өлеңінің парқына бойлай бермейтін бас-басына би болған өңкей қиқым жетіп жатыр. Ең бастысы, біз аудиториямызға қашанда адал болып келдік. Алдымызда таңдау тұрғанда арымызды, абыройымызды ойлап, билет алып келген әр көрерменнің қадірін біліп келдік. Дәл осы сәтте бір әрқайсыңыздан қолдау күтеміз, – дейді Руслан Жұбаныш.

Тәуелсіз täuel[dı]sız арт жобасы қорытынды кештерінде «Жерге табын адам енді» қойылымын қоймақ еді. Онда 1930 жылдардағы ашаршылық, 1949-1989 жылдардағы Семей полигоны және бүгінгі экологиялық әлеуметтік қауіптер туралы көрсетілмек болған.Кеш мазмұны да заманауи қазақ поэзиясы мен Тоғжан Қасенова, Сара Кэмерон сияқты жаһан деңгейіндегі ғалымдардың еңбегіне негізделген дейді жоба авторы.

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар