2025 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасының мөлшері өсті. 2024 жылы жарна мөлшері 1,5% еді, биыл 2,5% болды.
Еске салайық, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық жұмыс беруші зейнетақы жинақтарын қалыптастыруға қатысып, БЖЗҚ-ға жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасын (ЖМЗЖ) өз қызметкерлерінің пайдасына аудара бастады. Осылайша, Қазақстанның жинақтаушы жүйесі жаңа құрамдауыш бөлікпен толықтырылды.
“Әлеуметтік кодекске сәйкес, қызметкерлер өз кірістерінен төлейтін 10% міндетті зейнетақы жарналарынан айырмашылығы – жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасын жұмыс беруші өз қаражаты есебінен аударады. Жыл сайын ЖМЗЖ мөлшері кезең-кезеңімен өсіп отырады (2024 жылы 1,5%, 2025 жылы 2,5%, 2026 жылы 3,5%, 2027 жылы 4,5%) және 2028 жылы 5% жетеді. Жұмыс берушінің ЖМЗЖ есептеу үшін қабылдайтын жұмыскердің табыс сомасы тиісті күнтізбелік жылға белгіленген ең төменгі жалақының (ЕТЖ) кем дегенде біреуін және көп дегенде 50 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс”, – деп мәлімдеді "БЖЗҚ" АҚ баспасөз қызметі.
Жұмыс берушілер зейнет жасындағы, 1 және 2-топтағы мерзімсіз мүгедектігі бар, әскери қызметкерлер мен оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ 1975 жылдың 1 қаңтарына дейін туған адамдардың пайдасына ЖМЗЖ төлеуден босатылды. Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті жұмыс берушілердің ЖМЗЖ-ны уақытылы және толық төлеп отыруын бақылайды.
Пікір қалдыру