Өткен сенбіде қырғыз президенті Алмазбек Атамбаев Ала-Арча резиденциясында ел азаматтарына Қырғызстанның дамуына қосқан үлесі үшін марапаттау рәсіміндегі сөзін арандатушылық, жаулық риторикада Қазақстан президентіне жала жабуға арнағаны белгілі.
Сол күні, көп ұзамай Атамбаевтың осы сөзіне байланысты Қазақстан сыртқы істер министрлігі арнайы мәлімдеме жасады. «Қазақстан Қырғыз Республикасының президенті А. Атамбаевтың Қазақстан Республикасының басшылығына қатысты сөздеріне байланысты қатаң наразылық білдіреді және мұндай сөздерге екі достас мемлекеттер арасындағы қатынастарда жол берілмеуі тиіс деп санайды. Қырғызстан президентінің сайлау алды мақсатындағы жауапсыз, арандатушылық мәнді және жалған пікірі елдеріміз арасындағы достық пен өзара көмектің көпғасырлық байланыстарына нұқсан келтіре алмайтынына сенім білдіреміз. Қазақстан тарапы қырғыз халқымен дәстүрлі бауырластық қатынастарын дамыту жолында берік болып қала береді» делінген мәлімдемеде.
Сыртқы істер министрлігі нотасынан кейін алғаш болып Қазақстанның халықаралық қатынастар жөніндегі кеңестің төрағасы, саясаттанушы Ерлан Карин Алмазбек Атамбаевтың сөздеріне байланысты мынандай мәлімдеме жасады: «Қырғыз президенті әкімшілігі қазақстандық факторды саяси технологиялық құрал ретінде пайдалануды, ал патриоттық көңіл-күйді жасанды қоздыру арқылы билікке үміткердің айналасына электораттарды жұмылдыру және шоғырландыруды ойластырғанға ұқсайды. Көпшілік жағдайда мемлекетаралық қарым-қатынастар саяси технологияның құрбанына жиі әрі жеңіл айналып жатады. ...Бір қуантарлық жайт, Қырғыз қоғамында «ессіздікке» жол беру, жоғарыдан берілген тапсырманы мүлтіксіз орындау факторлары байқалмайды. Ең бастысы қарапайым халық бұл сайлау қитұрқылары екендігін жақсы түсінеді. Сондықтан да біз сайлау тезірек өтіп, екі бауырлас елдің саясаты тек нақты проблемалар мен күн тәртібіндегі өзекті мәселелермен айналысса екен деп үміттенеміз».
Ал дүйсенбі күні Қазақстан премьер-министрі Б. Сағынтаев Қырғыз президенті А. Атамбаевтың айтқан сөздеріне қатысты мәлімдеме жасады. «Ағымдағы жылдың 7 қазанында Қырғыз Республикасының Президенті А. Атамбаев Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының жекелеген аспектілеріне қатысты орынсыз әрі екі елдің өзара достық қарым-қатынасына нұқсан келтіретін бірқатар мәлімдеме жасады. Қырғыз Республикасымен екіжақты қарым-қатынасты дамытудың бұлжымас бағытын растай отырып, Қырғызстан Президентінің сайлауалды мақсатта жасалған жауапсыз, арандатушылық мәнді және көпе-көрінеу жалған пайымы біздің елдеріміздің арасындағы ғасырлар бойы қалыптасқан өзара көмек пен достықтың дәнекеріне нұқсан келтірмеуі тиіс. Осыған байланысты мен қырғыз жұртшылығын Қазақстанның шынайы экономикалық дамуы туралы дереу хабардар етуді жөн деп шештім», деді Бақытжан Сағынтаев. Сол күні елдің Басты арнасы – «Qazaqstan» телеарнасының «Басты тақырып» сараптамалық бағдарламасында Атамбаевтың мәлімдемесіне талдау жасап, Атамабаевты арандатушы деп атады.
Дүйсенбі Бақытжан Сағынтаев Атамбаевтың еш негізсіз, цифрларды бұрмалауға негізделген орынсыз сөздеріне байланысты мәлімдеме жасағанын атап өтті. ҚР Премьер-Министрі сенімді фактілермен бекітілген Үкіметтің ресми позициясын жеткізгенін баса айтты. Сонымен қатар сейсенбі күні елдің ресми газеті «Егемен Қазақстанда» және орыс тілді «Казправдада», Атамабаевтың мәлімдемесіне қарсы мақалалар жарияланды. Осындай мазмұндағы мақала «Егеменің» кешегі нөмірінде де жарияланды.
Нұртай Нұрғали
Пікір қалдыру