Түркі академиясы халықаралық ұйымы (TWESCO) Алматы қаласында түркология ғылымына сүбелі үлес қосқан әйгілі академик ғалымдар Әбдуәли Қайдар, Рабиға Сыздық және Шора Сарыбайды арнайы медальдармен марапаттады.
Марапаттау рәсімі түркі әлеміне ортақ құндылықтарды саралау мақсатымен Ғылым ордасында өткізілген «Рухани жаңғыру: тұлғалар тағылымы» атты дөңгелек үстел аясында болды.
Танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері мен журналистер қатысқан алқалы шарада Академия басшысы Дархан Қыдырәлі тоқсанның төріне шыққан марапат иелерінің қазақ елінің ғана емес, түгел түркі жұртының ғылымына сіңірген еңбегіне айрықша тоқталды.
TWESCO марапаты академиктерге «Түркітану ғылымының дамуына қосқан өлшеусіз үлесі үшін» тағайындалып отыр.
Академик Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдар – 1924 жылы Алматы облысында өмірге келген ғалым. Ұлы Отан соғысының ардагері. жарты ғасыр бойы қазақ және ұйғыр тілдері мен жалпы және салыстырмалы түркітану мәселелерін зерттеумен шұғылданды. Оның жалпы түркітану ғылымына, оның ішінде, әсіресе, қазақ тіл білімі мен ұйғыртану саласына қосқан нақтылы үлесі мен сіңірген еңбегі жеке монография, оқулық, сөздік, жинақ, мақала түрінде 400-ден астам (жалпы көлемі 600 б.т.) ғылыми зерттеулерде көрініс тапты. Көптеген мемлекеттік және халықаралық сыйлықтардың иегері.
Академик Рабиға Сәтіғалиқызы Сыздық – 1924 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген ғалым. Докторлық диссертациясын 1972 жылы “Абай шығармаларының тілі” тақырыбында қорғаған. Ғылыми-зерттеу еңбектері қазақ әдеби тілінің тарихы, Абайдың поэтиккалық тілі, қазақ тілінің поэтикасы, XV – XIX ғасырлардағы ақын-жыраулар тілі, ортағасырлық жазба ескерткіштер тілінің тарихы мен лексика-грамматикалық құрылымы, текстологиясы, тарихи лексика, лингвостилистика, тіл мәдениеті салаларына арналған. Көптеген мемлекеттік және халықаралық сыйлықтардың иегері.
Академик Шора Шамғалиұлы Сарыбай – 1925 жылы Өзбекстан астанасы Ташкент шаһарында туған. Ғылыми-зерттеу еңбектері диалектология, морфология, лексикология, лексикография, библиография, тіл тарихы, аударма, есімнама, алтаистика мәселелеріне арналған. 250-ден астам ғылыми мақалалар мен оқулықтары, монографиялары жарық көрген. Ғалымның «Қазақтың аймақтық лексикографиясы» (1976) монографиясы — түркітану ғылымында аймақтық лексикография теориясына арналған алғашқы еңбек. Ал, 1989 жылы «Түркітану әдебиетінің библиографиясын» (1989) бастырып шығарған. 1965 ж. АҚШ-тағы Гарвард корпорациясының мүшелігіне сайланған. Көптеген мемлекеттік және халықаралық сыйлықтардың иегері.
«Бүгінгі бас қосуда Рухани жаңғыру аясында Елбасының латын әліпбиіне көшу туралы жарлыққа қол қоюынан соң бірден өтуінің үлкен мәні бар. Бұл жарлықты лингвист ғалымдар, түркологтар, зиялы қауым өкілдері талдауы заңдылық. Арамызда латын әліпбиіне көшуді 90-жылдары көтерген аға-апаларымыз отыр. 1992 жылдары да Мұрат Жұрынов ағамыз, басқа да белгілі ғалымдар осы жөнінде газет беттерінде мақалалар жариялаған болатын. Олардың бәрі шындыққа айналып, Қазақстан өз тарихында жаңа кезеңге қадам басып отыр», - деді Түркі академиясы халықаралық ұйымының басшысы Дархан Қыдырәлі.
Ал ҚР ҰА президенті Мұрат Жұрынов енді іске көшетін уақыт келгенін айтты.
«Бүгінгі өте маңызды мәселе - сиясы кеппеген Елбасы жарлығы. Латын әліпбиіне көшуді 94 жылдан бері әбден пісірдік. Президент жарлығынан кейін пікір айтуды тоқтатып, орындау керек. Енді іске көшейік. Осы әліпби компьютерге сыяды, барлық принциптер енгізілген, оңай, қолайлы. Қазақ жері түркі дүниесінің қара шаңырағы, барлық түркі ұрпағы осы ұлы даладан шыққан», - деді Мұрат Жұрынов.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойды.