Бүгін Алматы қаласы «Dostyk plaza» сауда және ойын-сауық орталығында «Мемлекеттік қызметтер мен бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі болып өтті, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Шараны Алматы қалалық Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Медеу аудандық әкімдігі аппараты ұйымдастырды.
Аталмыш жәрмеңкені өткізудегі негізгі мақсат – халықтың мемлекеттік қызметтің көмегін алу кезіндегі әдістемелік-түсіндіру ауқымын кеңейту болып табылады. Сонымен, қатар осындай шаралар арқылы мемлекеттік қызметтерді қолдану аясын кеңейтуді көздеп отыр. Және де халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді ұсыну тәртібін және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының «электронды үкімет» порталы арқылы көрсетілетін қызметтер туралы кеңінен түсіндіру болып табылады.
Бүгін өткен мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесіне Алматы қаласының жергілікті атқарушы және аумақтық органдардың білікті мамандары қатысты.
Мемлекеттік істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департамент басшысы Байқанова Айгүл аталмыш шараның негізгі мақсатына тоқталып өтті.
«Бүгінде біз мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесін төртінші рет өткізіп отырмыз. Сонымен қатар, бүгін мемлекеттік органдардағы ос орындар жәрмеңкесін қосып ұйымдастырдық. Мұндай шаралар қаланың әрбір ауданында өткізілетін болады. Аталмыш жәрмеңкенің халық үшін маңызы зор және де бүгінгі таңда мұндай шаралардың беделі ел арасында күн санап өсуде. Себебі, ең алғаш өткізілген жәрмеңкеге мыңға жуық адам келген болса, Түрксіб ауданында өткен жәрмеңкеге екі мыңнан аса келуші өздеріне қажетті кеңес алған болатын. Ал, Наурызбай ауданында ұйымдастырылған мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесіне үш жарым мыңдай адам келген болатын», - дейді Байқанова Айгүл.
Оның айтуынша, электронды үкімет қызметін қолданушылар жыл сайын артып келеді екен. Мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесін өткізудің маңыздылығын атап өткен департамент басшысы бұл шараның халыққа көптеген пайдасын тигізетіндігін айтады.
Өз кәсібін бастағысы келіп жүрген жастарға қол ұшын беруге дайын «Даму» қорының өкілі Әсем Әсетқызы өздерінің тиімді жеңілдіктері мен шарттары жөнінде айтып өтті.
Оның айтуынша, қазіргі таңда жеке кәсіпті бастау үшін мүмкіндіктер көп және сондай мүмкіндіктердің біршамасын жастар «Даму» қорынан кепілдікпен таба алады екен.
«Даму» қоры – шағын орта кәсіпке қаржыландыру жағынан көмек көрсететін қор болып табылады. «Даму» қорына қызығушылығын білдіріп келіп жатқандар көп, олардың басым бөлігі жастар болып табылады. Қазіргі таңда «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікпен дамыту» деген бағдарламаға қызығушылық танытып отырғандар көп.
Біздің ең тиімді жеңілдіктеріміздің бірі – пайыздық үстемесі, бүгінгі таңда Қазақстан бойынша ең төмен болып табылады. Сонымен қатар, кез келген банк несие алған кезде кепілге қандай да бір зат сұрайды, ал кәсібін енді бастап жатқан кәсіпкерлерге ол жеткіліксіз болады, осындай жағдайға арналған біздің «Гарантия» деген көмегіміз бар.
«Даму» қорында тегін оқулар бар және де толыққанды кеңес беру қызметі де тегін жүргізіледі және өзге де жеңілдіктері өте көп. Біздің бас кеңсемізге келген адамға біз барлығын егжей-тегжейлі түсіндіріп, кәсібін бастап, дөңгелетіп алып кетуге көптеген жағдайлар жасай аламыз», - аталмыш қордың өкілі Әсем Әсетқызы.
Айта кетер болсақ, жәрмеңкеге 23 мемлекеттік орган, 4 үкіметтік емес ұйым, «Атамекен» ҰҚК, «Даму» АҚ өкілдері қатысты.
2359 адам мемлекеттік қызмет туралы мағлұмат білуге келсе, 350 адам бос орындар жәрмеңкесіне қатысты. Олардың ішінде 56 адамды Алматы қалалық Жұмыспен қамту орталығы жұмысқа тұрғызу мәселесін қарастырып жатыр.
Ендігі кезекте мұндай жәрмеңкелерді Алатау және Жетісу аудандарында өткізу жоспарлануда.
Пікір қалдыру