Отбасы-қоғамның басты байлығы. Мемлекеттің іргетасы және адам баласының өсіп-өнетін, қанат жаятын алтын ұясы. Сондықтан қоғамда отбасының алар орны ерекше. Өңірдегі отбасы мәртебесін өсіріп, оларға қолдау көрсету, халқымыздың дәстүрлі өнерін дамыту мақсатында Батыс Қазақстан облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен, облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен облыстық қазақ драма театрында облыстық «Өнер шамшырағы» отбасылық ансамбльдер байқауы өтті. Кеште татулық пен бірлікті биік ұстап, облыс аудандарының намысын арқалай келген 10 отбасылық ансамбль бақтарын сынады.
Ең алдымен ауданаралық байқаудан топ жарып келген отбасылар берілген ережеге сәйкес «жанды» дауыста және «минус» фонограммасы мен аспаптардың сүйемелдеуі арқылы 10 минуттан концерттік бағдарламаларын көрсетті.
Байқау барысында көпшіліктің көңіліне шаттық ұялатқан отбасы мүшелері өздерін әр қырларынан танытып, қалын қауымды тамсандыра түсті, яғни бірі қазақтың қасиетті қара домбырасы, екіншісі эстрадалық жанр, баян, ал үшіншісі өнерін бимен өріп,сүйсіндірді.
Өнер додасына Қазақстан Республикасының Халық ағарту ісінің үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты, халықтық Қабиевтар жанұялық ансамблінің және «Қыз Жібек» термешілер ансамблінің жетекшісі, сазгер, әнші-термеші Баян Қабиева және «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әнші-композиторы Жаскелең Ғайсағалиев, сондай-ақ ҚР еңбек сіңірген қайраткері, қазақ драма театрының актрисасы Бақтыгүл Жақыпова, халықаралық байқаулардың лауреаты, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясы «Назерке» халық би ансамблінің жетекшісі Ақмарал Тасболатова, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясының «Орал сазы» фольклорлық ансамблінің жетекшісі Асқар Кенжеғалиевтер төрелік етті.
Қазыналы қазақ өнерін жоғалтпай, ұлттық өнер желісін атадан-балаға жалғастырушы отбасылық ансамбльдердің ең жүйріктері анықталып, жүлделі орындар мен диплом, алғыс хаттармен марапатталды.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде жәнібектік Кәрімовтерге, І орынды қазталовтық Хасановтар, ІІ орынды зеленовтық ағайынды Сисеновтер, қаратөбелік Байтеміровтер иеленсе, ІІІ орын теректілік Қабиевтер, шыңғырлаулық Байғалиевтар, бөрлілік Боташевтар отбасылық ансамблне бұйырды.
Гала концерт шымылдығын "Мерейлі отбасы - 2016" облыстық байқауының жеңімпаздары халықтық Биғалиевтар отбасылық ансамблі ашса, кейін отбасылық ансамбльдер байқауының жеңімпаздары концертік бағдарламаларымен жалғастырды.
Гүлім АҚАП,
Батыс Қазақстан облысы
Пікір қалдыру