Бұл жөнінде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің оқытушы-профессорлар құрамымен және студенттермен кездесуінде айтты, деп жазады Qamshy.kz
– Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан – осыдан 100 жыл бұрын жарияланған қазақтың тұңғыш ұлттық мемлекеттік құрылымы – Алаш автономиясының заңды мұрагері, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Атырау университетіне аты берілген Алаш қозғалысының белді қайраткерлерінің бірі Халел Досмұхамедовке айрықша назар аударып, осындай тарихи тұлғаларымыздың өнегеге толы өмірін бүгінгі жас ұрпаққа кеңінен насихаттап, содан сабақ алу керектігін айтты.
Одан бөлек, Мұхтар Абрарұлы атыраулық жастарды сапалы білім алып, Алаш қайраткерлерінің мол мұрасы мен еңбектерін зерттеуге, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған басым бағыттарды жүзеге асыру жолында белсенділік танытуға шақырды.
Қашан да ұлтымыздың асыл құндылықтарын қызғыштай қорып, кеңінен насихаттап жүретін Мұхтар Құл-Мұхаммед бұл жолы да тарихтан тағылым алудың тамаша үлгісін көрсетті. Расымен, биыл елімізде 100 жылдығы аталып өтіп жатқан Алаш қозғалысы мен алашордашылардың игі істері «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда айрықша маңызға ие.