«Нұр Отан» партиясының Шардара аудандық филиалы «Қызылжар» бастауыш партия ұйымы Президент Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының негізгі тұжырымдарын жүзеге асыру қорытындыларын талқылау мақсатында жиын өткізді.
«Нұр Отан» партиясы Шардара аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мырзабай Нұрманов Жолдаудан туындайтын тұжырымдардың орындалу барысы туралы баяндама жасап, ондағы міндеттерді талқылады. «Бүгінгі басқосуымыз ел тарихында ерекше орын алатын айтулы оқиғаларға байланысты өтіп отыр. Президент Жолдауы елімізді дамытудың үшінші кезеңіне арналған. Ол 2012 жылы қабылданған «Қазақстан – 2050» стратегиясынан бастау алып, Ұлт жоспары «100 нақты қадам» базасында өткізіледі және 2050 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Елбасы өз Жолдауында осы бағытта дамудың 5 негізгі басымдықтарын анықтап берді» деді М.Нұрманов.
Бастауыш партия ұйымының мүшесі, М.Горький атындағы жалпы орта мектеп директорының міндетін атқарушы Сәуле Қадырова Елбасының жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауын ұжым болып талқылайтынын сөз етті.
– Бала жанының бағбаны – ұстаз болғандықтан, Жолдаудың білім саласына қатысты тұсына тоқталып өтейін. Жолдаудың төртінші басымдығындағы адами капитал сапасын жақсарту жөніндегі тапсырмасы көңілімізден шықты. Жолдаудағы басымдықтар өркениеттің көшінен қалмау үшін білімді, ұлтжанды ұрпақты тәрбиелеп, қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын жоюды мақсат етеді, – деді ол.
«Қызылжар» бастауыш партия ұйымының төрағасы Қасымхан Мырзабаевтың айтуынша, құрамында 766 мүшесі бар ұйымның құрылғанына көп уақыт болмаса да өз қызметін жоғары деңгейде атқарып келеді. Сондай-ақ Жолдауда көрсетілген 5 бағыт бойынша арнайы бағдарламалар әзірленіп, жүзеге асырылуда. Мәселен, биылғы жылдың өзінде ауданда жаңадан
2 балық өңдеу зауыты ашылған.
Е.МҰРАТБЕК,
Оңтүстік Қазақстан облысы
Пікір қалдыру