Қазақстан Қарулы Күштері қалай құрылды?

/uploads/thumbnail/20171129172333966_small.jpg

Қазақстан Армиясының құрылғанына биыл 25 жыл толды. Бір армияның тарихы үшін өте қысқа уақыт. Ал, тәуелсіз елдің Қарулы Күштері тұрғынан алсақ, 25 жылдың салмағы бір ғасырға татиды деуге болады. Өйткені, жаңадан министрлік құрып, елдің қорғаныс доктринасын қабылдап, барлық құрылымдық жүйені құру мен армияны замануи құралдармен жарақтандыру, әскердің әлеуметтік және қаржылық жағдайын шешу оңай іс емес. Саяси-әскери басшылық құрамын қалыптастыру, ұлттық кадрлерді дайындау, олардың кәсіби деңгейін шыңдау шаралары өздігінен бола қалмайды.

Елдің қорғаныс қабылеті дейтін ұғым осындай шаралар кешенін толық жүргізгенде ғана қалыптасады. Ал, сол 25 жылды қысқаша шолып өтетін болсақ, қандай дүниеге айрықша тоқталар едік? Қазақстан Армиясын құру барысында қандай қиындықтарға жолықтық? Және бүгінгі Қазақстан Қарулы Күштерінің кескін-келбеті, қаруы мен құрылымдары қандай?

Осыдан 25 жыл бұрын, яғни 1992 жылы 7 мамырда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығына сай дербес әскеріміз құрылды. Содан бері де, міне, ширек ғасыр уақыт өте шықты. Тарихтан мәлім, тоқсаныншы жылдың аяғында қазіргі ТМД елдерінде тарихи оқиғалар орын алды. Бұрынғы мызғымас Кеңес Одағы ыдырап, құрамындағы елдер азат болып жатты. Солардың бірі Қазақстан 1990 жылғы 25 қазанда ел егемендігі туралы Декларацияны халыққа жариялады. Сол кезеңде Кеңес армиясының әскери әлеуетін сақтап қалу мәселесі ортаға қойылды. Бұрынғы КСРО республикаларының басшылары бас қосып, Тәуелсіз Республикалар Одағының Біріккен Қарулы Күштерін құру туралы шешім қабылданған-ды. Десек те, кейін 1991 жылғы Беловеждегі Ресей, Украина, Беларусья басшылары кездесуінің нәтижесі бұрынғы Кеңес Одағы республикаларының және оның біртұтас қарулы күштерінің бөлінуін жылдамдатты. Осы тұста қалыптасқан жағдайды және елдің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын ескерген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тарихи шешімге келді. Сөйтіп, Қазақ КСР-інің Президенті Н.Ә.Назарбаев республиканың тәуелсіздігін, аймақтық тұтастығын, қорғаныстық және басқа да өмірлік маңызды мүдделерін қамтамасыз ету мақсатымен 1991 жылдың 25 қазанында «Қазақ КСР-нің Мемлекеттік қорғаныс комитетін құру туралы» Жарлығын жариялады.

Аталған Жарлықты жүзеге асыру үшін Министрлер кабинеті Мемлекеттік қорғаныс комитеті республиканың әскери инфрақұрылымының мемлекеттік басқармасының органы ретінде танылып, оның қарамағына әскери комиссариат пен Азаматтық қорғаныс штабы өз құзырындағы бөлімшелер мен мекемелерімен қоса берілетіні жөнінде қаулы қабылдады. Осыған орай екі ай мерзім ішінде Мемлекеттік қорғаныс комитеті жөнінде жоба әзірлеу ұсынылды. Оның міндеті республика аумағында орналасқан КСРО Қорғаныс министрлігінің құрамалары мен бөлімдерімен өзара іс-қимылды ұйымдастыру, жұмылдыру және азаматтық қорғаныс мәселелерін шешу болып белгіленді. Мамандар екі ай ішінде өте көп жауапты құжаттарды жүзеге асырды. Сөйтіп, желтоқсан айының ортасына қарай негізгі лауазымдық тұлғаларды тағайындау жұмыстары жүргізілді. Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы болып Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов тағайындалды. Ол бұған дейін КСРО Қарулы Күштерінің сапында Ұлы Отан соғысын бастан өткерген Кеңес Одағының Батыры атанған танымал командир әрі жоғары басшылық құрамында болған қолбасшы еді. КСРО Қорғаныс министрінің 1989 жылғы 6 маусымдағы № 0398 бұйрығының негізінде құрметті демалысқа шыққанымен әскери өмірден қол үзбеген жан. 1990 жылғы 5 қаңтарда Қазақстан Коммунистік партиясы атынан Қазақ КСР-ның депутаттығына ұсынылған. Сол жылғы 16 қаңтардан бастап Республикалық соғыс және еңбек ардагерлері Комитетінің төрағасы, ал 19 наурызда Республика Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған.

Қысқасы, ол армиядан «алыстағанымен», оның өзекті проблемаларымен қол үзбестен үздіксіз айналысып отырды. Мемлекеттік қорғаныс комитеті Бас штабының бастығы әрі төрағаның орынбасары лауазымына полковник Сейілбек Алтынбекұлы Алтынбеков (кейіннен генерал-майор), төрағанының Азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар жөніндегі орынбасары лауазымына генерал-майор Николай Иванович Хлюпин, Төрағаның қорғаныс өндірісі жөніндегі орынбасары лауазымына Михаил Михалович Сафрыгин, жетекші басқармалар мен бөлімдердің бастықтары болып полковниктер мен подполковниктер Ким Серікбайұлы Серікбаев, Қалижан Қуанышбайұлы Әлжанов, Эмиль Ағыбайұлы Алманиязов, Леонид Кусманович Бакаев, Қадыржан Исмаилұлы Байжігітов, Николай Егорович Бортников, Абай Бөлекбайұлы Тасболатов, Бақытжан Ертайұлы Ертаев, Вячеслав Григорьевич Кобылянский, Мүбарак Орынбекұлы Орынбеков, Леонид Михайлович Селезнев, Николай Александрович Сухов, Сағитжан Досымұлы Тасмағамбетов, Мэлс Жұманұлы Шәмпиев, Совет Сәуменұлы Тауланов және басқалар тағайындалды. Сонымен қатар тәжірибелі әскери мамандар – запастағы офицерлер: Роллан Қаратаев, Кәрім Әбілғазин, Марлен Тыныбеков, Петр Черкашин және басқалар шақырылды. Жауапты тұлғалармен қатар олар да уақытпен санаспай, күндіз-түні әскери қауіпсіздік заңдарына өте көп еңбек сіңірді. Бұрын бір Одақтың құрамында болғандықтан әскерді басқару да, үлес түрлерімен қамтамасыз ету де бір ортадан шешіліп тұрды. Басқаша айтқанда, Мәскеуде орналасқан министрліктен басқа әскери құрылымдардың барлық буыны тек орындаушылық рөлін атқарды. Кеңес Одағының құрамына кіретін барлық елдегі сияқты біздің елде жеке әскери қауіпсіздік туралы заңдар болған жоқ. Әскери доктрина дегенді тек оқыған, көзі ашық мамандар ғана білетін. Сондықтан егемендік алған тұста ел Президентінің тапсырмасы бойынша көптеген құжаттар, соның ішінде алғашқы Әскери доктрина да шұғыл түрде дайындалды. Ол туралы еліміздің тұңғыш әскери ғалымы – әскери ғылым докторы, профессор, ардагер ақсақалымыз, отставкадағы полковник Ким Серікбайұлы Серікбаев өзінің бір сұхбатында былай деп еске алады: – Негізі бұл құжаттарды дайындауды 1991 жылдың аяғында мемлекеттік Қорғаныс комитетінің офицерлері бастады. Генерал-майор Сейілбек Алтынбеков басқарған жұмыс тобына полковниктер Эмиль Алманиязов, Қалижан Әлжанов, Владимир Данник, Сағитжан Тасмағамбетов пен запастағы ардагерлер Бейсен Құдайбергенов, Бапан Тәңірбергеновтер қатысты. Уақыт талабына сәйкес Кеңес Одағының құрамында болған көптеген республикаларда өз территорияларында орналасқан әскери құралымдар мен мекемелерді өз бағынысына ауыстыру туралы құжаттар қабылданып жатты. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін әскерге шақырушыларды да өз елдерінде қалдыру туралы шешімдер қабылданды. Осылайша кешегі посткеңестік бірқатар республикаларда көптеген өзгерістер пайда бола бастады. Олармен санаспау мүмкін болмай бара жатты. Бұл туралы Қарулы Күштер Бас штабының бастығы – КСРО Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Армия генералы Владимир Николаевич Лобов 1991 жылғы 10 қаңтардағы «Красная звезда» газетінде берген сұхбатында былай деп көрсетті: «... Процесс суверенизации входивших в состав СССР республик пошел в последнее время так бурно, что считаться с ним, мы не имеем права...». Міне, осы тұста қабылданған Қазақ КСР-і Президентінің 1991 жылғы 12 қыркүйектегі «Әскери қызметке шақыру туралы» Жарлығы әскери мәселелерді мемлекеттік дәрежеде шешудің алғашқы бастамасы болды. Өйткені, аталған құжат негізінде бұдан былайғы кезеңде Қазақстанның азаматтарын әскерге және әскери қызметке шақыру тек республика басшылығының бақылауымен ғана жүзеге асырылатын болды. Тағы бір атап өтерлігі, осы Жарлық арқылы Қазақстанның әскери комиссариаттарына республикалық органның мәртебесі беріліп, әскерге шақырылушыны республика аумағынан тыс жердегі әскери құрылыс және ішкі әскерлерге жіберуге тосқауыл қойылды.

Осылайша, Мемлекеттік қорғаныс комитеті уақытпен санаспай жұмыс істеп, аз уақыттың ішінде өте көп іс-шараларды жүзеге асырып жатты. Мәселен, басқару жүйесін орталықтандыру, әртүрлі бағыттардағы ұйымдастырушылық және шығармашылық сараптау жұмыстары, бақылау функциялары сияқты толып жатқан іс-шаралардың әрқайсысы бір-бір кітапқа арқау боларлықтай. Өйткені, олардың әрқайсының астарында толып жатқан құжаттар мен іс жүзіндегі іс-әрекеттердің бар екендігі көзі қарақты, көкірегі ояу әрбір адамға айтпаса да түсінікті. Мемлекеттік қорғаныс комитеті атқарған жұмыстардың тағы бір бағыты –Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерімен қатар алыс-жақын шет елдермен жүргізген келіссөздер. Шетелдік әріптестермен кездесулер барысындағы ондай келіссөздердің тәуелсіздігін енді ғана алған Қазақстан армиясына берері көп болатын. Тарихи құжаттарға көз жүгіртсек, сонау 1992 жылғы қаңтар айында Америка Құрама Штаттарының жоғары лауазымды мемлекеттік шенеуніктердің Қазақстан еліне келгенін көреміз. Оларды АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Р.Бартоломью бастап келген екен. Біздің елдің басшылығының шешімімен оларды Мемлекеттік қорғаныс комитеті қабылдаған. Осы маңызды кездесуді қазақстандық әскерилер тарапынан Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов, Сейілбек Алтынбекұлы Алтынбеков, Ким Серікбайұлы Серікбаев және Сағитжан Досымұлы Тасмағамбетовтер қабылдаған. Әрине, бұл олардың ең алғашқы «қонақтары» болатын. Оның үстіне екі елдің бір-біріне деген сенімінен гөрі күдігі басым кез еді. Содан да болар келіссөздер мен пікірталастар өте шектеулі жағдайда өткен. 1992 жылғы 19 қаңтардағы Москва кездесуінде оған қатысушы ТМД елдері басшыларының мәлімдемелерінен кейін әр елде өздерінің төл әскері құрылатындығы белгілі болды. Бұдан әрі ақпан, наурыз, сәуір, мамыр айларында Қазақстан территориясында қоныстанған Қарулы Күштердің қатары азая бастады. Дәл осы кезде әскери бөлімдер мен әскери мекемелерде Жарғылық тәртіптің сақталмауы күрт белең алды. Офицерлер мен мерзімнен тыс қызметтің әскери қызметшілері арасында өздерінің туған елдеріне кетіп қалу фактісі көбейді. Ал, мұндай жерде сарбаздардың топ-топ болып әскери бөлімдерді өз еріктерімен тастап кетуі заңды құбылыс болатын. Қалай болғанда да иесіз дүниенің жүйесіз қалатыны шындық қой. Осы уақыттарда, әсіресе, бұған дейін орталық бағыныста болған көптеген әскери бөлімдердің, қоймалар мен арсеналдардың әскери қызметкерлері енді кімге бағынатынын білмей, әрі-сәрі күйге түсті. Олай болуы әбден орынды еді. Өйткені, оларды бұрынғы Түркістан әскери округі де, КСРО Қорғаныс министрлігі де қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес ешкімге өткізіп берген жоқ. Елімізде жаңа ғана құрылған Мемлекеттік қорғаныс комитеті оларды қабылдай алмады. Мамандардың айтуынша, ол мәселе Комитеттің міндетіне кірмейтін. Осындай алмағайып заманда Қорғаныс министрлігін құруды уақыттың өзі талап етті. Және ол солай болды да. Сонымен, 1992 жылғы 7 мамырда шыққан Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк қорғаныс комитетiн Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi етiп қайта құру туралы» 1992 жылғы 7 мамырдағы № 738 Жарлығының негізінде сол күнге дейін қызмет етіп келген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қорғаныс комитеті ендігі жерде Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. Аталған Жарлықта сонымен қатар еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне қатысты министрліктің атқаратын негізгі мәселелері егжей-тегжейлі айқындалды. Дәл сол, 7 мамыр күні Қазақстан Республикасы Президентінің тағы бір, атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» №745 Жарлығы да жарияланды. Онда Қазақстан Республикасының территориясына орналасқан әскери бірлестіктердің, құрамалардың, бөлімдердің, мекемелердің, ұйымдардың, полигондардың, арсеналдардың, сақтау базаларының, қоймалардың, жылжитын және жылжымайтын әскери бұйымдардың ендігі жерде Қазақстан Республикасының заңды мүлкі болып табылатындығы және Қарақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрамына енгізілетіндігі тайға таңба басқандай етіп көрсетілді. Жаңадан құрылған Қорғаныс министрлігіне 3 ай мерзім ішінде аталған әскери құрылымдарды қабылдай отырып, әскерлерді басқару жүйесін қамтамасыз ету және олардың жауынгерлік әзірліктерін тиісті жағдайда ұстау тапсырылды. Әскерлер мен әскери құрылымдардың басшылығына Қазақстан Республикасы Үкіметінің келісімінсіз әскери бөлімдер мен мекемелердің тұрақты мекенжайларын ауыстыруға, сондай-ақ техникаларды, қару-жарақтарды, материалдық-техникалық мүліктерді Қазақстан Республикасының территориясынан шығаруға тыйым салынды. Құжатта бұлармен қатар ең бастысы, Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетіне әскери құрылымдардың барлық үлестік және қамтамасыз ету сұрақтарын шешу жүктелді. Сөйтіп, егемен еліміздің дүниеге келген өз әскерінің алғашқы қадамы басталды. Міне, бұл қазіргі таңда аты әлемге танылған тәуелсіз Қазақстанның төл әскерін құрудағы ең маңызды құжат болатын. Демек, бүгінгі таңда ауыз толтыра мақтана айтып жүрген барлық жетістіктеріміз бен табыстарымыз осы бір тарихи күннен бастау алған. Сол күні генерал-лейтенант Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовке «генерал-полковник» шені беріліп, ол республикамыздың тұңғыш қорғаныс министрі болып тағайындалды. Қазақстандық армия құру барысында барлық әскери құрылымдарда взводтан дивизияға дейін офицер кадрлардың жетіспеушілігі өткір мәселе болды. Әсіресе, жоғары буындағы офицерлер тым аз еді. Кеңестік кезеңнің 74 жылында қазақ халқының тек үш өкілі ғана Бас штабтың Әскери академиясын бітірген, тек екі адам ғана әскери ғылымдар кандидаты ғылыми дәрежесі бойынша диссертация қорғады. Мұнан біз ұлттық әскери кадрлар даярлау мәселесіне ол уақытта ешқандай көңіл бөлінбегенін көреміз. Әскери комиссариаттар мен рес-публиканың Азаматтық қорғаныс жүйесінде 1949 офицер қызмет атқарды, оның ішінде ұлты қазақтары 247 (12,6%) ғана болды. 19 облыстық әскери комиссардың тек 5-уі ғана қазақ еді. КСРО Қарулы Күштері бойынша жалпы 2 830 офицер қазақ ұлтынан болса, Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесіндегі 190 офицердің тек 6-уы қазақ (3%) болды. Училищеде батальон командирінің бірде-біреуі қазақ ұлтынан болған емес, курсанттардың санына келсек, 87 (9,4%) қазақ баласы болды. Әскери кадр саясатының осындай зардаптары, әрине, қиыншы-лыққа кезіктірмей қоймады. Әсіресе, әскери білім саласы жүйесінде ұлттық әскери кадрларды даярлау ең көкейкесті мәселе еді. Осыған қарамастан кадрларды іріктеу ұқыптылықпен жүргізіліп, оларды орналастыру сауаттылықпен іске асырылды, алғашқы әскери басшылық қалыптасты. Ел Президентінің жарлықтарымен және өкімдерімен Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамы белгіленді. Офицерлік корпус кез келген мемлекеттің және оның армиясының «алтын қоры» екендігі көпшілікке белгілі. Көптеген офицерлер нағыз патриот ретінде Отан үніне құлақ түріп ұлттық армияның қатарын толықтырды. Олар бұрынғы одақтық республикалардан өздерінің Отанына қызмет етуге әзір екендік-терін іс жүзінде дәлелдеп, туған елге бет түзеді. Сол кезден бастап қазіргі Қазақстан Армиясының іргетасы қалана бастады. Оның құрамына Қорғаныс министрлігі, Бас штаб, Құрлық әскерлері, Әскери-әуе күштері мен Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері кірді. Біртіндеп әскерді тастап кетпеген кәсібилердің күшімен әскери жүйе пайда болды. Өзгерген жағдайға байланысты жаңа Қарулы Күштердің мақсаты мен міндеттері оны шешудің жолдары белгіленген нормативтік-құқықтық база жасалды. 1992 жылдың 22 желтоқсанында Қазақстан Республикасы қорғанысын ұйымдастыратын негіздемені белгілейтін, мемлекеттік билік пен басқарушы органдарға өкілеттілік беретін «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Заң Қазақстан қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жалпы жүйе бойынша Қарулы Күштердің рөлін, орны мен міндеттерін белгіледі. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери қызметшілерінің Әскери антының мәтіні жасалып, Президенттің 1992 жылғы 25 тамыздағы Жарлығымен іске асырылды. 1992 жылдың күзгі әскерге шақыруынан бастап жас сарбаздар Қазақстан Республикасына ант берді. Ант қабылдау армия тарихында жақсы дәстүрге айналып, әскери бөлім үшін мереке күні болып хабарланды әрі салтанатты жағдайда өткізілді. 1993 жылдың 19 қаңтарынан Қазақстан Республикасының «Жалпы әскери міндет және әскери қызмет» Заңы қабылданып, онда әскери қызметті атқарудың негізгі ережелері, азаматтарды дайындау мәселелері, оларды белгіленген нақты әскери қызметке шақыру және босату, азаматтар мен лауазым иелерінің заң бұзушылыққа жауапты екендігі көрсетілді. «Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің мәртебесі және оларды әлеуметтік қорғау туралы» Заң қабылданды, онда Қазақстан Республикасы әскери қызметшілерінің әскери борышын өтеу кезіндегі міндеттері мен жауапкершілігі және құқықтары белгіленді. Сондай-ақ, 1993 жылғы 19 қаңтарда, осыдан 24 жыл бұрын Қазақстан Республикасы Президентінің №1084 Жарлығымен Қорғаныс министрлігінің, Республикалық ұлан, шекара және ішкі әскерлерінің аппараты, әскери бөлімдер мен мекемелерден бастап роталар мен оларға теңестірілгендерге дейін қоса барлық буындарда командирлердің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарлары институты енгізілді. Көптеген тәрбиеші офицерлер үшін бұл қызметтік іс-әрекетте маңызды сәт болып табылды. Одан өзге, Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы 22 маусымдағы №1273 қаулысымен «Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар органдары туралы ереже» бекітілді. Тәрбие жұмыстары органдарын құру тарихы Қарулы Күштердің қалыптасу және даму дәуірімен тығыз байланысты, сол кезде тәрбие және идеологиялық жұмыстарды жетілдіру қажеттігі туындады. Ал, Қазақстан Республикасының бірінші Әскери доктринасы 1993 жылы 11 ақпанда ел Президенті бекіткеннен кейін күшіне енді. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап мемлекет басшылығы армияның қоғаммен терең әлеуметтік қатынасы бар мемлекеттің нышаны екендігін атап өтті. Қарулы Күштердегі қызмет бұрынғы замандағыдай адами қасиетке тәрбиелейтін және армияға шақырылатын жастардың есейіп ес жинайтын әскери-патриоттық мектебі болып қалуына бар күш жұмсалды. Сонымен аз уақыт ішінде тәуелсіз және егеменді Қазақстанда мемлекеттің қарулы қорғанысына бағытталған жаңа мемлекеттік институт құрылды. Араға екі айға жуық уақыт сала, дәл осы жылдың 2 сәуірінде Қазақстанның әскери-теңіз күштері Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен құрылды. Бастапқыда Ақтау қаласында әскери-теңіз базасы құрылды. 1999 жылдың шілде айында әскери-теңіз базасы Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі Теңіз бөлімдерінің құрамына кірді. 2003 жылдың 7 мамырында Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң құрылымын одан әрi жетiлдіру жөнiндегi шаралар туралы» №1085 Жарлығы шықты. Осы сәттен бастап Әскери-теңіз күштері Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жеке түрі ретінде қалыптасты. Ал, 1993 жылғы 9 сәуірдегі «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 12 бабына сәйкес Құрлық әскерлері құрылды. Ол әскери басқару органдарынан, өңірлік қолбасшылықтар мен әскер тектерінен, арнайы әскерлері, тыл, оқу және резервтегі бөлімдерден тұрды. Үш жылдан соң, Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 18 шілдедегі «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери рәміздері туралы» Жарлығымен Қарулы Күштер түрлерінің байрақтары, әскери бөлімдердің жауынгерлік тулары мен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің рәміздері бекітілді. Сондай-ақ, «Әскери бөлімнің Жауынгерлік туы туралы ереже» күшіне енгізілді. 1997 жылдың 22 сәуірінде Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының жүйесін әрі қарай реформалау жөніндегі шаралар туралы» Үкімімен қылмыс және сыбайлас жемқорлықпен күрес тиімділігін жетілдіру, әскери қылмыстар бойынша анықтауды жүзеге асыру мақсатында Қарулы Күштердің Әскери полиция органдары құрылды. 20 жыл ішінде ҚР ҚК Әскери полиция органдары көптеген қиыншылықтардан өтіп, орасан көп жетістіктерге жете білді. Қазіргі уақытта ҚР ҚК Әскери полиция органдарының кадрлық құралымы заңгерлермен және басқа да өз бағыты бойынша жоғарғы біліктілігі бар мамандармен толықтырылып, сонымен қатар басқару және қадағалау жүйесінде жаңа инновациялық құралдармен жабдықталған. Тарихқа тереңірек үңілсек, Әскери полиция органдарының құрылуына дейін әскер қатарындағы әскери тәртіпті қамтамасыз етуді әскери автомобиль инспекциялары және штаттық әскери комендатуралар жүзеге асырған. Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін реформалау жөніндегі бұдан былайғы шаралар туралы» 1997 жылғы 17 қарашадағы №3761 Жарлығын және Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 1998 жылғы 1 сәуірдегі директивасын орындау үшін, Қазақстан Республикасының қорғаныс қабілетін нығайту мақсатымен 1998 жылғы 1 маусымда Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әуе қорғанысы күштері құрылды. Заманауи армия құру – бұл тек техника мен қару-жарақты жетілдіру емес, сонымен бірге бірінші кезекте кәсіби ар-мияның негізі болып саналатын жаңа әскери буынды тәрбиелеу. 1996-2005 жылдар аралығында әскери білім беру жүйесінің негізі қаланды. Республикада бірнеше әскери оқу орындары ашылды. Олар: Ұлттық қорғаныс университеті, Құрлық әскерлерінің әскери институты, Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты, Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институты, Әскери-теңіз институты, Шет тілдері әскери институты. Жұмылдыру резервін толықтыру мақсатында азаматтық оқу орындарында запастағы офицерлер даярлау үшін әскери кафедралар ашылды. 1996 жылы Қарулы Күштерге кәсіби сержанттар даярлау мақсатында Елбасының Жарлығымен Шучье қаласында Қор-ғаныс министрлігінің Шоқан Уәлиханов атындағы Кадет корпусы құрылды. Оны бі-тірушілер кәсіби сержанттар институтының негізін құрады. Бүгінгі таңда сержанттар басқару орталық органдарынан бастап ең төменгі бөлімдерге дейін әскерлердің бүкіл құрылымын қамтиды. Ал 1999 жылы ашылған Армия генералы С.Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебі нағыз патриоттар тәрбиелейтін оқу орнына айналды. Онда тұрмысы төмен және көпбалалы отбасы-ларының балалары білім алуда. Әскерлерде жеткілікті түрде кадрлар мен зияткер офицерлер әлеуеті қалыптасты. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері институттарының түлектері жыл сайын ел әскери құрылымдарында лайықты қызметтен өтеді. Олардың көпшілігі қазірдің өзінде құрама, әскери бөлім, батальон, рота командирлері лауазымдарында, сондай-ақ Қазақстан мен Ресей әскери академиялары мен университеттерінде оқып, білімдерін жетілдіруде. Әскери оқу орындарын үздік бітірген түлектерге ел Президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы салтанатты жағдайда лейтенант погондарын тапсыруы игі дәстүрге айналып отыр. Тағы бір маңызды қадам, 2010 жылы өткен Халықаралық «KAZAKHSTAN DEFENCE EXPO – 2010» қару-жарақ, әскери техника және әскери-техникалық мүлік көрмесі еді. Сол көрмемен Экспо орталықтармен бірге жаңа халықаралық аренаға қару-жарағымен, әскери техника мен байланыс және әскери мүлкімен Қазақстан да танылды. Мемлекетаралық серіктестікті нығайту мақсатында, зияткерлікті, әскери өндірісті, техниканы және технологияны танытуға, әскери құрал-жабдық пен техника шығаратын қорғаныс өндірісінің әлеуетін арттыруға тамаша алаң жасалды. Қорғаныс өнеркәсібінің әлемдегі жетекші мамандары ғылыми және инженерлік-конструкторлық ойларын, жаңа инновациялық жұмыстарын көрсетті. Бұл көрме арасына екі жыл салып, бұдан кейін 2012, 2014 және былтырғы 2016 жылы өтіп, ол дәстүрге айналды. 2011 жылғы 11 қазанда Елбасының Жарлығымен Қазақстан Республикасының жаңа Әскери доктринасы бекітілді. Бұл – Қазақстан Тәуелсіздік алған уақыттан бергі қабылданып отырған төртінші доктрина (алғашқысы – 1993 жылы, екіншісі 2000 жылы және үшіншісі 2007 жылы қабылданған болатын). Жаңа редакцияға «Әскери қауіпсіздік саласындағы ағымдағы жағдайды талдау» тарауы қосылған. Онда әскери қауіпсіздік саласындағы еліміздің әскери мекемесі қызметінің қоры-тындылары, Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды дамыту үрдісі және нәтижелері баяндалған. «Әскери қауіпсіздікті қамтамасыз етудің әскери-саяси негізі» тарауында халықаралық ынтымақтастық және бітімгерлік мәселелері қамтылған. Доктрина ережелерінде әлемдегі және аймақтағы заманауи әскери-саяси ахуал ескеріліп, әскерлердің қауіп-қатерлерге қарсы тұрарлық бағытын барынша дамыту айқындалған. Доктринада қол жеткізген жетістіктер негізіндегі мемлекеттің қорғаныс қабілеті мен әскерлердің жауынгерлік әзірлігін арттыруды, Қазақстан әскерінің құрылымын жетілдіруді, оларды қару-жарақ пен әскери техниканың заманауи үлгілерімен қамтамасыз етуді, ақпараттық қарсы тұру жүйесін құруды, идеологиялық жұмысты жандандыруды және қорғаныс өнеркәсібі базасын дамытуды одан әрі нығайтуға барынша мән берілді. Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 12 шілдедегі «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылымын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» № 354 Жарлығымен еліміздің Қарулы Күштерінің жаңа құрылымы бекітілді. Жарлыққа сәйкес Қарулы Күштерді басқару жоғарғы әскери-саяси органы болып, соғыс уақытында Қарулы Күштердiң барлық қызметiне жалпы басшылық жасауды және оларды Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабы арқылы басқаруды жүзеге асыратын Қарулы Күштерге жоғары басшылық жасаудың әскери-саяси органы – Жоғарғы Бас қолбасшылық (Жоғарғы Бас қолбасшылық Ставкасы) болып табылады. Қарулы Күштердің құрылымы Жоғарғы Бас қолбасшылық, әскери басқару органдары, Қарулы Күштер түрлері, арнайы әскерлер, Қарулы Күштердің тылы, әскери оқу орындары мен әскери-ғылыми мекемелерінен тұрады. Әскери басқару органдары: стратегиялық – Қорғаныс министрлiгi және Бас штаб, жедел-стратегиялық – Қарулы Күштер түрлері бас қолбасшыларының, Қарулы Күштер тылы бастығының басқармалары, Қарулы Күштердің бас басқармалары, жедел-аумақтық – өңiрлiк қолбасшылықтар әскерлері қолбасшыларының басқармалары, жедел-тактикалық – әскер тектерi, Қарулы Күштер түрлерi қолбасшыларының басқармалары, тактикалық – құрамалар мен әскери бөлiмдердiң басқармалары, жергiлiктi – қорғаныс iстерi жөнiндегi департаменттер, басқармалар мен бөлiмдеріне бөлінеді. Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерінің шекарасы шегiнде «Астана», «Шығыс», «Батыс», «Оңтүстiк» өңiрлiк қолбасшылықтардың жауапкершiлiк аймақтары айқындалды. ҚҰРЛЫҚ ӘСКЕРЛЕРІ Жалпы Құрлық әскерлерінің құрамында осы төрт өңірлік қолбасшылық әскерлері, Аэроұтқыр әскерлері, Зымыран әскерлері мен артиллерия, арнайы әскерлер, сондай-ақ тылдық және техникалық қамтамасыз ету құрамалары мен бөлімдері, медициналық мекемелер бар. Аэроұтқыр әскерлері – ел Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының резерві. әскери-саяси жағдайлардың күрт өзгеруі кезіндегі дағдарысты жедел шешуге; мемлекеттің ұлттық мүддесін қорғау мақсатында кенеттен туындаған жағдайларды орындауға және операция бағытына әскерлерді топтастыруды нығайтуға арналған. Елде және сырт жерлерде де бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдау мақсатындағы Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттерін орындауға қатыса алады. Бейбіт және соғыс жағдайында қауіп төнген бағыттар мен аудандарға шұғыл жетуге және кенеттен туындаған тапсырмаларды орындауға әрдайым дайын тұрады. Олардың құрамына десантты-шабуылдаушы бөлімшелер, бөлімдер мен құрамалар, сондай-ақ арнайы бөлімдер, тыл және техникалық қамтамасыз ету бөлімдері кіреді. Аэроұтқыр әскерлерінің арнайы мақсаттағы дербес инженерлік-саперлік жасағы 2003-2008 жылдар аралығында Ирак Республикасында бейбітшілік және қауіпсіздікті сақтау бойынша Коалициялық күштер құрамында бітімгершілік миссияны атқарған болатын. Бітімгершілеріміздің кәсіптігі мен жауынгерлік шеберлігі шетел мемлекеттері мен Коалициялық күштердің қолбасшылығымен жоғары бағаланды. Зымыран әскерлері және артиллерия Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 7 мамырдағы Жарлығымен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің дербес әскер тегі ретінде құрылды. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2009 жылғы 21 сәуірдегі директивасы негізінде Зымыран әскерлері және артиллерия жаңадан құрылған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің құрамына кірді. Қазіргі таңда Зымыран әскерлері және артиллерия заманауи зеңбіректі, келте зеңбіректі, реактивті, танкіге қарсы артиллериямен, минаатқыштармен, сондай-ақ артиллериялық барлау және басқару құралдарымен жабдықталған. Олардың қару-жарағында жоғары дәлдікті ракеталық кешендер бар. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Арнайы әскерлері Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде инженерлік қамтамасыз етуді, радиациялық, химиялық, биологиялық қорғауды ұйымдастыруға арналған. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің арнайы әскерлерінің құрамына: инженерлік әскерлер басқармасы, радиациялық, химиялық, биологиялық қорғау әскерлерінің басқармасы, радиоэлектрондық күрес басқармасы кіреді. Осы арада айта кетейік, Құрлық әскерлері халықаралық ойындары шеңберінде кәсіби шеберліктерін жетілдіріп отырады. Мәселен, өткен жылы 400-ге жуық әскери қызметші 17 байқауға қатысты. Ойын қорытындысы бойынша Құрлық әскерлерінің құрама командалары 16 конкурста жүлделі орындарды еншіледі. Сондай-ақ, былтыр Құрлық әскерлеріне 3 000-нан аса заманауи қару-жарақ пен әскери техниканың тың үлгілері келіп түсті. Олардың арасында пайдалануға берілген «Гермес», «Скайларк» және «Атлас» ұшқышсыз ұшу аппараттары бар. Өзінің сапасы мен тиімділігін көрсетіп үлгерген отандық техника үлгілерінің алар орны айрықша. Ол - жоғары өтімді «Арлан» броньды дөңгелекті машиналары, атыс қаруына арналған оптикалық көздеуіштер мен «КАЕ» түнгі көру аспаптары, жауынгердің жеке қорғану құралдары, яғни, қазақстандық «Тыныс» АҚ өндірісінің дулығалары мен броньды кеудешелері. 2016 оқу жылы ішінде Құрлық әскерлерінде негізгі күш-жігер жауынгерлік әзірлік, жауынгерлік даярлық іс-шараларын орындауға және жауынгерлік кезекшілікке шоғырланды. Күндіз және қараңғы уақытта, қарапайым және күрделі климаттық жағдайларда жеке құрам елді мекендерде жауынгерлік іс-қимылдардың жүргізілуін, шартты қарсыластың қуатты ықпал етуі барысында іс-қимыл тактикасының жаңа үлгілерінің қолданылуын меңгерді. ӘУЕ ҚОРҒАНЫСЫ КҮШТЕРІ. Қазіргі кезде ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштерінде жауынгерлік топтарды жөнге салу бойынша, барлық ұшқыштар құрамын класына, олардың жоғарғы пилотаж өнерін меңгеруіне дайындықтар, шынайы шайқас жағдайында авиациялық және зенитті-зымыран кешендерін қолдануға дайындық бойынша жоспарлы және қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар ұшқыштар мен зымыраншылардың моральдық-психологиялық тұрақтылығына, олардың кәсіби шеберліктерін жетілдіруіне және техника мен қарулардың жауынгерлік әзірлігіне ерекше назар аударылады. Әуе қорғанысы күштерінің алдына әуе шекарасын қорғау, мемлекеттік, әкімшілік және әскери нысандарды әуе шабуылынан қорғау, сондай-ақ, ҚР Қарулы Күштерінің басқа түрлері мен тектерін авиациялық қолдау жөніндегі жауынгерлік міндеттерді орындау міндеттері қойылған. Осы күні әскери-әуе күштерінде Су-27 модернизацияланды. Жетілдірілген машиналар Талдықорған қаласында орналасқан 21751 әскери бөлімінің «Жетісу барысы» эскадрильясының құрамына кіреді. Қарамағында МиГ-31 тосқауылшы жойғыштары, МиГ-29, МиГ-29УБ, МиГ-23, МиГ-27 майдан жойғыштары, МиГ-27 жойғыш-бомбалаушылары, Су-25, Су-27 және Су-30СМ көп мақсатты жойғыштары, Ми-8, Ми-171Ш, Ми-17В-5 және Ми-26 әскери-көліктік тікұшақтары, «Хьюи-2» тікұшақтары, ЕС-145 «Еврокоптер» тікұшақтары мен әскери-көліктік авиацияның Ту-134, Ту-154, Ан-72, Ан-26, Ан-12 және С-295 ұшақтары бар. Қазіргі кезде ҚР ҚК ӘҚК әскери авиациялық бөлімдері Миг-29, Миг-31, Су-27, Су-25 және Су-30 заманауи ұшақтарымен жасақталған. Бұл авиациялық кешендер – жетекші авиациялық сарапшылардың бағалауынша, аэродинамикалық, ұшу және жауынгерлік сипаттамалары жағынан әлемдегі ең үздіктердің бірі. ӘҚК-нің қарулануында әуедегі және жердегі нысандарды жоятын заманауи құралдар бар. 2018 жылдың соңына дейін ӘҚК әскери-әуе күштерінің авиапаркі сегіз С-295 ұшақтарымен толықтырылады. Авиациялық паркті жаңартудың нәтижесінде әскерлерді, қару-жарақтар мен әскери техниканы жанармай құю үшін аралық тоқтаусыз кез келген стратегиялық бағытта жеткізе алатындай авиацияның аэротасымалдау мүмкіндіктері пайда болады. Бүгінгі күні Қарулы Күштердің техникалық жасақталуының деңгейі анағұрлым жоғары, сапалы деңгейге жетті. ӘСКЕРИ-ТЕҢІЗ КҮШТЕРІ. Алғаш жасақталған (1992 жылы 2 сәуірде) Әскери-теңіз күштері Қарулы Күштердің жеке түрі мәртебесіне 2003 жылғы 7 мамырдағы «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылымын әрі қарай жетілдіру шаралары туралы» Елбасының Жарлығына байланысты ие болды. Әскери-теңіз күштерінің негізгі мақсаттары Каспий теңізінің қазақстандық секторында Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын, аумақтық тұтас-тығын, егемендігі мен экономикалық мүдделерін қорғау; агрессордың шапқыншы-лығына лайықты тойтарыс беру, қарулы қақтығыстарды оқшаулау және алдын алуға ат салысу; аймақты, мұнай табу нысандары орналастырылған жасанды аралдар және платформаларды қоса алғанда сулы аудандарды қорғау және күзету; құрлықтағы әскерлердің қимылын теңізден қамтамасыз ету болып табылады. Аз уақыттың ішінде Әскери-теңіз күштері халықаралық келісімдерге сәйкес басқа елдерден жауынгерлік кемелерді жеткізуге байланысты бірқатар мемлекеттік тапсырмаларды жүзеге асырды. Астраханьнан шағын төрт күзет кемесін, Түркияның Гельчук портынан Мәрмәр теңізі арқылы шағын күзет кемесін, Корея Республикасының Чине портынан Пендик порты мен Мәрмәр теңізі арқылы кемелерді Ақтау портына жеткізді. Халықаралық деңгейдегі қызметтерін қалтқысыз атқарған кеме экипаждарының жеке құрамы Қазақстан Қарулы Күштерінің басқа мемлекеттер алдында абыройын асқақтатты. Әскери-теңіз күштерінің жауынгерлері әскери тапсырмаларды орындай отырып, Каспий теңізінің қазақ-стандық бөлігіндегі су асты және су үсті жағдайын үнемі қадағалап отырады. Бүгінде Әскери-теңіз күштері келбеті қалыптасқан. Көп нәрсе өзгеріп, көп іс атқарылды. Жауынгерлік дайындықтың деңгейі көтерілді. Алғашқы қалыптастыру жылдарында әскери теңізшілер теңізде жылына 10-20 тәулік болса, қазір олар 150-160 тәулік болады. Кадрларды дайындау деңгейі жоғарылады. Оқыту бағыты ұлғайды. Егер бұрын тек, Ресей федерациясына әскери мамандар даярланса, қазір Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея және тағы басқа елдерде теңіз мамандары білімдерін жетілдіріп жатыр. Оған қоса, Қазақстанның теңізшілері «Армия халықаралық ойындары – 2016» сайысында күміс жүлдеге ие болып, ел мерейін асқақтатты. Нәтижесінде Әскери-теңіз күштерінің корабльдері Ресей Федерациясының су айдынынан жеңіп алынған «Адмирал» катерімен оралды. Бұл да – әскери теңізшілердің үлкен жетістігі.

Міне, қазіргі Қарулы Күштердің түрлері мен тектері осындай. Қазір белгіленген жауынгерлік даярлықтың бағыттары бойынша Құрлық әскерлерінде заманауи соғыс пен қарулы шиеленістердің сипатына сәйкес әскери бөлімдер мен құрамалардың жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін арттыру бойынша жұмыс өз жалғасын табуда. Әуе қорғанысы күштерінде жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейін ұстап тұруға, кәсіпқойлықты арттыруға, күндіз және түнде қарапайым және күрделі метеожағдайларда пилотаждау техникасының ұшу құрамын жетілдіруге назар аударылған. Әскери-теңіз күштерінде корабльдердің жауынгерлік кезекшілігін, жоғары тұрған әскери басқару органдарымен өзара іс-қимылды ұйымдастыру жөніндегі жұмысты жалғастыру мақсаты алға қойылған. Айта кетейік, биылғы 2017 оқу жылы «Қарулы Күштердің 25 жылдығына – жоғары жауынгерлік әзірлік!» ұранымен өтіп жатыр. Соның нәтижесі болса керек, биыл әлемнің 28 елінің әскери қызметкерлері қатысқан «Армия – халықаралық ойындарында» үшінші орынды жеңіп алды. Ал, әскери-спорттық сайыстар қарулы күштердің барлық түрлері мен құрылымдарының арасында өткенін айта кету керек. Яғни, Қазақстан Қарулы Күштері кез-келген сынақ

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар